4 мыңнан аса саяси қуғын-сүргін құрбаны көмілген Жаңалық ауылында музей ашылады

None
None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Алматы іргесіндегі 4 мыңнан астам адам жерленген Жаңалық ауылында саяси қуғын-сүргін құрбандарына арнап музей ашылады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Бұл туралы Жаңалық ауылында саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алуға арналған қаралы митингіде облыс әкімі Амандық Баталов айтты.

«Халқымыздың аяулы перзенттері:  Тұрар Рысқұлов, Әлихан Бөкейханов, Ахмет Байтұрсынов, Мағжан Жұмабаев, Міржақып Дулатов, Сәкен Сейфуллин, Бейімбет Майлин, Ілияс Жансүгіров сынды мыңдаған жандардың өмірі дәл осы жылы қиылды. Қазақтың осы қасіретті жерінде 4 мыңнан астам адам озбыр саясаттың құрбаны болды. Халқы үшін жанын қиған, ардақты арыстарымызды әрдайым еске алу - қасиетті борышымыз», - деді облыс әкімі Амандық Баталов.
null 

Облыс басшысы Елбасының рухани Жаңғыру бағдарламасы аясында жазықсыз құрбан болған бабалардың биік рухына арнап Жаңалық ауылында музей құрылысы басталып жатқанын айтты.

Қазір ғимараттың екінші қабаты тұрғызылып жатыр. Музейдің жалпы алаңы 535 шаршы метрді құрайды. Құрылыс жұмыстарына облыс бюджетінен 288 млн теңге қаржы бөлінген.

«Әділет» қоғамдық қорының жетекшісі Ғарифолла Әнестің айтуынша, музейдің экспозициялық залында Ұлт қайраткерлері туралы материалдар қойылып, осы жерде жерленген саяси қуғын сүргін құрбандарының аты-жөні тас тақтаға ойылып жазылатын болады.

Музей биыл желтоқсанда салтанатты түрде ашылады.

Жиын соңында опат болғандардың рухына құран бағышталып, ас берілді.

«Тәуелсіздікке жетуімізге негізгі себеп болған осында жатқан тұлғалар. Қазақты қанша қудаласа да, зорлық көрсетсе де қазақтың сағын сындырдық деп ойлады. Ол солай болды да. 1959 жылғы санақта қазақтардың саны 29,4 пайыз болып қалған. Содан тілі, салт-дәстүрі жоғала бастаған. Қазақтың сағы сынғанмен, рухы  жасымағанын Желтоқсан көтерілісі көрсетті. Зұлмат зобалаң тарих енді енді ашылып келеді. Ащы да болса шындық. Қазақтар бірінің сыртынан бірі арыз жазған. ҰҚК архивтері ашылмай отырғаны да сол. Ол жария болса, ұрпақ арасында алауыздық туады деген сөз бар. Ал, бірақ біз оларға қалай қол қойдырғанын түсіндіруіміз керек. Алматыдағы НКВД үйінің ішінде ұрып соғып өз алдына кішкене камераға кіргізіп төбелеріне су тамшылатып қойған, ыстықтан есінен тандырған. 1-2 күн емес, айлап азаптаса адам қалай шыдайды? Өзіміз солардың орнында болсақ, қандай болатын еді?», - деді республикалық саяси қуғын сүргінге ұшырағандар қауымдастығының төрағасы Жұмабек Ашуұлы.

Ғалымдардың айтуынша, Жаңалықтағы үлкен қорымда қазір 4,5 мыңнан аса адам жерленген. Арагідік тұрғындар жер қазған кезде адам сүйектері шығып қалады.

Ондай сүйектерді ауыл тұрғындары ақ жауып, арулап, ескерткіш түбіне әкеп қайта көмеді.

Жалпы ескерткіштің маңайы жергілікті ауылдық мектептің қамқорлығында.

«Бұл кешеннің тазалығы, жиналуы барлығы мектеп ұжымының қамқорлығында. Біздің оқушылар да, халық та қандай киелі жерде тұратынымызды түсінеміз. Осыдан бірнеше жыл бұрын ауыл шетінен де ортасынан да бірнеше адам сүйектері шыққан. Сүйектердің барлығында бірдей ұқсастық болды. Барлығының шүйде тұсы мен маңдай тұсы шашырап кеткен. Сонда олардың барлығы 1937 жылдардағы репрессия кезінде атылған адамдар екені белгілі болды. Олардың барлығын шүйде тұсынан атқан», - деді Ілияс Жансүгіров атындағы 37 мектеп директоры Жайсаңбаева Дина.
null 

null 

Соңғы жаңалықтар