4 миллионнан астам қазақстандықтың әлеуметтік төлемдері 2 рет индекстелді

None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Биыл 4 миллионнан астам қазақстандықтың әлеуметтік төлемдері 2 рет индекстелді. Бұл туралы Премьер-Министр Әлихан Смайылов Үкіметтің кеңейтілген отырысында айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Сіздің тапсырмаңыз бойынша жыл басынан бері ең төменгі жалақы деңгейі 60 мың теңгеге дейін көтерілді. Бұл 1,7 млн жалдамалы қызметкердің табысына оң әсерін тигізді. Биыл әлеуметтік төлемдер 2 мәрте индекстелді. Бұл 4,1 млн адамның табысын қамтыды. Оның 2,2 миллионы – зейнеткер», - деді Әлихан Смайылов.

Сондай-ақ, Үкімет басшысы азаматтық қызметтегі 1,2 млн адамның жалақысын кезең-кезеңімен арттыру жүріп жатқанын айтты.

«Мысалы, білім беру мен әлеуметтік салада жалақы 25% өсе, денсаулық сақтау саласында 20%-дан 30%-ға дейін артты.

Сондай-ақ, жеке және квазимемлекеттік сектордағы 1,5 млн қызметкердің жалақысын арттыру бойынша жұмыс жүргізілді.

Нәтижесінде, жылдың алғашқы 5 айында халықтың ақшалай табысы нақты мәнде өткен жылмен салыстырғанда 3% өсті», - деді Үкімет басшысы.

Айта кетейік, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалығымен Үкіметтің кеңейтілген отырысы өтті.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Халықтың табысын арттыру бағдарламасын сынға алды.

Президенттің жиында сөйлеген сөзінің толық мәтіні жарияланды .


Соңғы жаңалықтар