4 кеншінің өлімі: Ақтөбе шахтасының жұмысы тоқтатылып, қылмыстық іс қозғалды

None
None
АҚТӨБЕ. ҚазАқпарат – Ақтөбе облысында «Весенняя Аралчинская» шахтасындағы жарылыстан 4 кеншінің қаза болуына байланысты кен орнының жұмысы уақытша тоқтатылып, қылмыстық іс қозғалды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Кен орнындағы жұмысшылар өлімінен соң Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі жанынан арнайы комиссия құрылды. Оның құрамында еңбек инспекторлары, полиция, жұмысшылардың өкілі бар.

Бүгін Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында сот-медициналық сараптама тағайындалғаны, «Весенняя Аралчинская» шахтасындағы жұмыс уақытша тоқтатылғаны белгілі болды.

«Алдын ала болжам бойынша жұмысшылар белгісіз газдан уланып қалған. Әзірге сот-медициналық сараптама нәтижесі шыққан жоқ. Қазір кен орнының жұмысы тоқтап тұр. Оқиға орнында тергеу амалдары жүргізіліп жатыр. Қылмыстық іс қозғалды», - деді облыстық Еңбек инспекциясы жөніндегі басқарманың бөлім басшысы Қуаныш Қамиев.

Оқиға салдарынан қаза болған кеншілердің үшеуі – Хромтау, біреуі Қарғалы ауданының тұрғыны.

«Кен орнында жарылыс жүргізілетін кезде жанында басшылары болуы тиіс. Бірақ олар жанынан табылмаған. Сонымен бірге жарылыс жасайтын бір жұмысшының құжаты болмаған. Тергеудің әділ әрі ашық болғанын қалаймыз», - деді қаза болған Рустам Шәметовтің інісі Мәди Шәметов.

Төрт жұмысшының артында оннан астам бала қалды. Бәрі де кәмелет жасқа толмаған.

«Ақтөбе мыс компаниясы қаза болған жұмысшылардың отбасына 20 миллион теңге бөлді. Бұл – біржолғы көмек. Сонымен бірге барлығының баспана мәселесі шешіледі. Яғни, әр отбасына бір пәтер беріледі. Олар пәтерді аудан орталығынан немесе Ақтөбе қаласынан ала алады. Балалары 18 жасқа жеткенше әкелерінің еңбекақысын алып отырады. Ал аман қалған жұмысшыға денсаулығын қалпына келтіру үшін 5 миллион теңге біржолғы көмек беріледі», - деді Ақтөбе Еңбек инспекциясы басқармасының еңбек инспекторы Артур Әуезов.

Еске салсақ, 30 желтоқсан күні сағат 21:21-де Хромтау ауданы Көктау кентінен 30 шақырым жерде орналасқан «Ақтөбе мыс компаниясы» ЖШС-нің «Весенняя Аралчинская» шахтасында жарылыс жұмыстарын жүргізу кезінде төрт жұмысшы көз жұмып, біреуі ауруханаға түсті. Кейін дәрігерлер тексеріп, оны үйіне жіберді.


Соңғы жаңалықтар