+7 (701) 759 90 19
USD 419.54 EUR 509.2
RUB 5.72 CNY 64.81
Jańalyqtar

4 қазан. ҚазАқпарат күнтізбесі

2020 жылғы 4 қазан 07:00
Бөлісіңіз:
4 қазан. ҚазАқпарат күнтізбесі

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - ҚазАқпарат оқырмандарына 2020 жылғы 4 қазанға арналған күнтізбесін ұсынады.

АТАУЛЫ КҮНДЕР

Қазақстанда мұғалімдер күні

Ең көп таралған және танымал кәсіби мерекелердің бірі 1980 жылы КСРО-да пайда болды.

Қазақстан, Әзербайжан, Беларусь, Қырғызстан, Латвия және Украина Мұғалімдер күнін қазанның алғашқы жексенбісінде тойлайды. Ал бұрынғы КСРО-ның басқа елдері Мұғалімдер күнін 5 қазанға ауыстырған.

Адамзат үшін ғарышты игеру дәуірінің басталған күні. 4-10 қазан - Дүниежүзілік ғарыш апталығы

Адамзат үшін ғарышты игеру дәуірінің басталған күні. 4-10 қазан - Дүниежүзілік ғарыш апталығы 1957 жылы 4 қазанда Байқоңыр ғарыш айлағынан ғаламшар тарихында алғаш рет жердің жасанды серігі ұшырылды. 1967 жылдың қыркүйек айында Халықаралық астронавтика федерациясы бұл күнді мереке ретінде жариялады. Ғарыш ғылымы мен технологиясының жер бетіндегі адамзаттың өмірін жақсартуға қосқан үлесін ескеру мақсатында 1999 жылғы 6 желтоқсандағы БҰҰ Бас Ассамблеясының 54/68 қарарына сәйкес атап өтіледі.

Халықаралық жануарлар күні

Флоренциядағы Табиғатты қорғаушылар қозғалысы белсенділерінің халықаралық конгресі шешімімен 1931 жылдан бері католик мерекесі - Әулие Франциск күні атап өтіледі.

ЕСТЕ ҚАЛАР ОҚИҒАЛАР

1920 жылы Орынборда Қазақстан кеңестерінің Құрылтай съезі өтіп, Қазақ АССР-нің (Қазақ Автономиялық Советтік Социалистік Республикасы) Декларациясы қабылданды. Декларация РКФСР құрамына кіретін Қазақ АССР-нің құрылғанын жариялады. С. Меңдешев басшылық еткен Орталық Атқару Комитеті және В. Радус-Зенкович басшылығындағы Халық комиссарларының Кеңесі сайланды. Ресей құрамындағы Қазақ АССР-інің астанасы Орынбор қаласы болды. Осыған орай Орынбор губерниясы 1920 жылғы қыркүйекте Қазақ АССР құрамына кірді. Семей, Ақмола, Торғай, Орал облыстары, Маңғыстау уезі, Красновод уезі, Астрахань губерниясынан құралған Республиканың жер көлемі 2 млн шаршы шақырымды құрап, халқының саны 5 миллионға жетті.

1931 жылы Қарағанды облысының «Қарағанды пролетариаты» атты газеті шыға бастады (қазіргі «Орталық Қазақстан»). Соғыстан кейінгі жылдары оның атауы «Советтік Қарағанды» деп өзгертіліп, кейіннен «Орталық Қазақстан» деп аталды. Қазіргі «Ortalyq Qazaqstan» газетінде бір кездері жазушы Ғабиден Мұстафин, Әлжаппар Әбішев, публицист Саттар Ерубаев сынды тұлғалар қызмет еткен.

1957 жылы Қазақстанда Байқоңыр айлағынан құрлықаралық баллистикалық зымыран көмегімен орбитаға алғашқы жасанды серік ұшырылды. Ол жердің жақын нүктесі перигейде 228 шақырым және алыс нүкте - апогейде 946 шақырымға көтеріліп, жылдамдығы 28 565 км/сағ. дейін жетті.

1991 жылы Гурьев қалалық Халық депутаттары кеңесі облыс орталығының атауын Атырау қаласы деп өзгерту туралы шешім қабылдады.

1994 жылы Ангола Республикасымен Дипломатиялық қарым-қатынастар орнату туралы хаттамаға қол қойылды.

2005 жылы Ақмола облысының Бұланды ауданындағы еліміздің біртуар ұлы, атақты балуан, әнші, композитор, ақын Балуан Шолаққа (Нұрмағамбет Баймырзаұлы) мемориалдық ескерткіш ашылды.

Биіктігі 16 метрлік сәулеттік шешімі ерекше ескерткіш Балуан Шолақтың (1864-1919 жж.) өмірі мен сан қырлы дарынынан мол мағлұмат береді. Мемориал Жамбыл облысындағы Қордай жерінен арнайы жеткізілген қызыл граниттен тұрғызылған. Қазақтың біртуар ұлының өмірі туралы баяндама қабырғаға қашалып жазылған. Шолақтың ата-бабалары Жетісу өңірінен Сарыарқа даласына келген болатын, ол жас кезінде бірде-бір күрестен жеңілмей Балуан құрмет атағына ие болды. Бірақ Шолақтың басты қызығушылығының бірі - ән айту мен домбырада күй тарту. Ол Біржан сал мен Ақан серінің шығармаларын керемет орындайтын. Жарық дүниеде бар болғаны 55 жыл ғана өмір сүрген, ол артынан ондаған өлеңдерді қалдырып кетті, соның ішінде халыққа кеңінен таралғаны «Ғалия», «Қыркүйек», «Талды-Көл», «Сарын» және басқалары. Қазақтың танымал жазушысы Сәбит Мұқанов өзінің дастанын атақты әнші, композитор, ақын Балуан Шолаққа арнаған. Оның есімі Алматыдағы Спорт сарайына берілген.

2007 жылы Қазақстанның үкіметтік емес экологиялық ұйымдары «Қазақстанның биоәралуандылығын сақтау қорын» құрды. Қор Қазақстанның биологиялық әр алуандылығын сақтауға, табиғатты пайдалануды реттеуге бағытталған жобаларды қаржыландыру тетіктерін құруды мақсат еткен.

2008 жылы «Самұрық-Қазына» Ұлттық әл-ауқат қоры құрылды. Ол Қазақстан экономикасының негізгі субъектісі әрі елдің экономикалық өркендеуі көп жағынан осы қорға байланысты. Осы Қорды құру арқылы мемлекет оның алдына бірнеше негізгі мақсаттарды қойды. Олар: ел экономикасының тұрақты дамуын қамтамасыз ету; экономиканы жаңғырту мен әртараптандыруға ықпал ету; экономикалық дамудың тұрақты болуын қамтамасыз етуге мемлекеттік-жекеменшік кәсіпкерлік әлеуетін жұмылдыру; өзекті әлеуметтік-экономикалық мәселелерді шешу.

2011 жылы Қазақстан ТМД елдері арасында бірінші болып MyPay төлем жүйесін іске қосты. Бұл – Қазақстанда баламасы жоқ банк картасынан мобильдік төлемдер жүргізу сервисі. Ол Қазақстан аумағындағы барлық GSM-операторлардың абоненттеріне қолжетімді. Кез келген банк картасын қосуға болады және төлем банк картасынан төлем алушының шотына өтеді.

2011 жылы Вашингтонда «Ядролық қатерді қысқарту бойынша бастама» (NTI) беделді америкалық қорының құрылғанына 10 жыл толуына орай салтанатты марапаттау рәсімі өтті. Марапатталғандардың ішінде бірінші болып Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев есімі аталды. NTI бұл шешімді Н.Назарбаевтың ядролық қарусыздану ісіне қосқан зор үлесін мойындау ретінде қабылдады.

2012 жылы Ә.Марғұлан атындағы Археология институтының ғалымдары Шымкентте қазба жұмыстарын жүргізіп, өрнегі бар 2 алтын дискіні тауып алды. Олардың диаметрі шамамен 7 см.

2013 жылы Ирандағы археографиялық экспедиция Тегерандағы Меджлис (парламент) кітапханасынан «Мәджмуә уә джунг» сарай дипломатиялық құжаттар жинағын тапты. Онда сәфәви билеушілерінің қазақ хандарымен жазысқан хаттары сақталған.

2016 жылы Астанада Татарстан Республикасының Қазақстан Республикасындағы өкілетті өкілдігінің жаңа ғимараты ашылды. Сол салтанатқа Астана әкімі Әсет Исекешев пен Татарстан президенті Рустам Минниханов қатысты. Татарстан президенті Қазақстан басшылығына елімізде тұратын татар диаспорасына көрсетіп отырған қолдауы және 2017 жылы Астанада Татарстан күндерін ұйымдастыру мүмкіндігі үшін алғыс айтты.

2018 жылы Ұлттық музейде ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің қолдауымен танымал кореялық суретші Ли Чольсудың «Күлімдеген әлем» атты көрмесі ашылды. Ли Чольсудың бүкіл әлемге әйгілі графикалық туындылары қазақстандық өнерсүйер қауымға алғаш рет ұсынылды. Бұл - өткен ғасырдың 90-жылдарынан бастап 2017 жылға дейін салынған 60 графикалық сурет. Суретші Ли Чольсудың көрмелері Базель (Швецария, 2016), Сахалин (2017), Сиэтл (2017) қалаларында өткен. Биыл Венгрия, Испания, Германия, Франция және Бельгия сынды елдерді қамтыған еуропалық турненің бір бөлігі ретінде Қазақстанға келді.

2018 жылы қазақстандық және шетелдік әскерилердің бірлескен тобы Нұрсұлтан шыңына шығып, шың басына Ұжымдық қауіпсіздік шарты ұйымының туын тікті. Армения, Қазақстан, Ресей және Тәжікстан альпинистері «Іздеу-2018» тактикалық-арнайы жаттығулары кезінде кездесті.

2018 жылы көкшетаулық велошабандоз, 18 жастағы Андрей Чугай Үндістанда өткен ерлер арасындағы велотректен Азия кубогінің жеңімпазы атанды. Чугай ұлттық құрама сапында «Кейрин» әдісінде екінші орынды иеленді, «Спринтте» құрлық чемпионы болды. Ол №7 облыстық мамандандырылған балалар-жасөспірімдер олимпиадалық резерв мектебінің тәрбиеленушісі.

2019 жылы Ақтөбе қаласында Құдайберген Жұбанов атындағы университет ғимаратының жанында Нұрпейіс Байғанин атындағы аллея ашылды.

Нұрпейіс Байғанин (1860-1945) - халық ақыны, жырау, Қазақстанның еңбек сіңірген өнер қайраткері. Ақтөбе облысының Темір ауданында (қазіргі Байғанин ауданы) туған. Оның есіміне Ақтөбе облысының әкімшілік аудан, ауыл, Ақтөбе қаласындағы көше атауы берілген.

Біздің каналымызға жазылыңыз:

Бөлісіңіз:

Автор:

Балнұр Қожагелді

Пікір қалдыру
+7
Жіберу
ONLAIN QYZMETKERLER
REDAKTOR
Жанибек Амангелди
Жанибек Амангелди
954-059
REDAKTOR
Жарылқасын Саягүл
Жарылқасын Саягүл
954-059
REDAKTOR
Жанат Қапалбаева
Жанат Қапалбаева
954-059

MURAǴAT