4 қазан. ҚАЗАҚПАРАТ КҮНТІЗБЕСІ: АТАУЛЫ КҮНДЕР, ОҚИҒАЛАР, ЕСІМДЕР
2017 жылғы 4 қазан 06:26

4 қазан. ҚАЗАҚПАРАТ КҮНТІЗБЕСІ: АТАУЛЫ КҮНДЕР, ОҚИҒАЛАР, ЕСІМДЕР

АСТАНА. ҚазАқпарат - ҚазАқпарат оқырмандарына 2016 жылғы 4 қазанға арналған күнтізбесін ұсынады.

4 қазан. СӘРСЕНБІ

Халықаралық мұғалімдер күні.

1994 жылдан бастап ЮНЕСКО шешімі бойынша атап өтіледі. 1966 жылы 5 қазанда Парижде өткен ЮНЕСКО бас конференциясында білім беру қызметкерлерінің құқықтық мәртебесі туралы алғашқы халықаралық құжат қабылданды.

Адамзат үшін ғарышты игеру дәуірінің басталған күні. 4-10 қазан - Дүниежүзілік ғарыш апталығы

1957 жылы 4 қазанда Байқоңыр ғарыш айлағынан ғаламшар тарихында алғаш рет жердің жасанды серігін ұшырды. 1967 жылдың қыркүйек айында Халықаралық астронавтика федерациясы бұл күнді мереке ретінде жариялады. Ғарыш ғылымы мен технологиясының жер бетіндегі адамзаттың өмірін жақсартуға қосқан үлесін ескеру мақсатында 1999 жылғы 6 желтоқсандағы БҰҰ Бас Ассамблеясының 54/68 қарарына сәйкес атап өтіледі.

Астрономия күні

Астрономия күнін тойлау идеясы Солтүстік Каролина Астрономиялық қауымдастығының президенті Дуг Бергерге тиесілі. Ол алғаш рет 1973 жылы жарияланды.

Халықаралық жануарлар күні

Флоренциядағы Табиғатты қорғаушылар қозғалысы белсенділерінің халықаралық конгресі шешімімен 1931 жылдан бері католик мерекесі - Әулие Франциск күні атап өтіледі.

Лесото корольдігінің Ұлттық мейрамы - Тәуелсіздік күні (1966)

Лесото - Африканың оңтүстігінде орналасқан мемлекет. Астанасы - Масеру қаласы. Мемлекеттік тілдері - ағылшын және сото тілдері. Ақша бірлігі - малоти (лоти). Мемлекеттік құрылысы - парламенттік демократия элементтері бар конституциялық монархия. Мемлекет басшысы - король. Үкімет басшысы - Премьер-Министр.

Халықаралық балалар церебральды сал ауруы күні

Қазанның бірінші сәрсенбісінде атап өтілетін Халықаралық балалар церебральды сал ауруы күні - осы ауруға шалдыққан адамдардың өмірін жақсы жаққа өзгертуге бағытталған арнаулы жоба. Жоба әлемдегі 46 елдің 270 ауруханасы мен ұйымы тарапынан қолдау тапты.

Кореяда Чхусок мейрамы

Кореяда сегізінші синодтық айдың он бесінші күні Чхусок (корей тілінен аударғанда «күзгі күн» деген мағынаны білдіреді) мейрамын тойлау басталады. Корей халқы ежелден бұл күнді күздің ортасында, егіншілік пен жеміс-жидек пісіп жетілген молшылық кезеңде тойлайды.

ЕСТЕ ҚАЛАР ОҚИҒАЛАР

1920 жылы Орынборда Қазақстан кеңестерінің Құрылтай съезі өтіп, Қазақ АКСР-нің (Қазақ Автономиялық Кеңестік Социалистік Республикасы) Декларациясы қабылданды. Декларация РКФСР құрамына кіретін Қазақ АКСР-нің құрылғанын жариялады. С. Меңдешев басшылық еткен Орталық Атқару Комитеті және В. Радус-Зенкович басшылығындағы Халық комиссарларының Кеңесі сайланды. Ресей құрамындағы Қазақ АКСР-інің астанасы Орынбор қаласы болды. Осыған орай Орынбор губерниясы 1920 жылғы қыркүйекте Қазақ АКСР құрамына кірді. Семей, Ақмола, Торғай, Орал облыстары, Маңғыстау уезі, Красновод уезі, Астрахань губерниясынан құралған Республиканың жер көлемі 2 млн шаршы шақырымды құрап, халқының саны 5 миллионға жетті.

1931 жылы Қарағанды облысының «Қарағанды пролетариаты» атты газеті шыға бастады (қазіргі «Орталық Қазақстан»). Соғыстан кейінгі жылдары оның атауы «Советтік Қарағанды» деп өзгертіліп, кейіннен «Орталық Қазақстан» деп аталды. Бұл газетте жазушылар Ғабиден Мұстафин, Әлжаппар Әбішев, публицист Саттар Ерубаев сынды тұлғалар қызмет етті.

1957 жылы Қазақстанда Байқоңыр айлағынан құрлықаралық баллистикалық зымыран көмегімен орбитаға алғашқы жасанды серік ұшырылды. Ол жердің жақын нүктесі перигейде 228 шақырым және алыс нүкте - апогейде 946 шақырымға көтеріліп, жылдамдығы 28 565 км/сағ. дейін жетті.

1991 жылы Гурьев қалалық Халық депутаттары кеңесі облыс орталығының атауын Атырау қаласы деп өзгерту туралы шешім қабылдады.

1994 жылы Ангола Республикасымен Дипломатиялық қарым-қатынастар орнату туралы хаттамаға қол қойылды.

1995 жылы Қазақстан Республикасы 1961 жылғы Сыртқы сауда арбитражы туралы Еуропа Конвенциясына қосылды.

1996 жылы Алматыда Қазақстан, Қырғызстан, Өзбекстан, Тәжікстан Республикаларының Президенттері және Ресей Федерациясының Премьер-Министрі бас қосты. Кездесу барысында Ауғанстан жерінде басталған ұрыс қимылдары талқыланып, бірлескен мәлімдемеге қол қойылды.

1996 жылы қазақ халқының XVIII-XIX ғасырдағы атақты шешені Бөлтірік Әлменұлының туғанына 225 жыл толуы аталып өтті.

1999 жылы Президент Нұрсұлтан Назарбаев Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымының сол кездегі төрағасы, Норвегияның Сыртқы істер министрі К.Воллебекті қабылдады. Кездесу барысында Н.Назарбаев пен К.Воллебек Қырғызстандағы жағдай, Ыстанбұлда өтетін ЕҚЫҰ саммиті және республикадағы парламенттік сайлауды өткізуге дайындық барысы туралы пікір алмасты. Сондай-ақ, Мемлекет басшысы мен ЕҚЫҰ-ның төрағасы әлемдегі және Орталық Азиядағы қоғамдық өмірді демократияландыру үрдісін кеңейту мен тереңдетудің ахуалы және келешегін талқылады. Әңгіме барысында сонымен қатар көлік және коммуникация, сумен жабдықтау, экология салаларында Қазақстан Республикасы мен Норвегия Корольдігі арасындағы екіжақты ынтымақтастықты кеңейтудің болашағы қарастырылды.

2005 жылы ОҚО Созақ ауданы орталығы Шолаққорған қаласында жаңа мектеп ашылды. Бұл жаңа үлгідегі үлкен ғимарат 1266 орынға бағытталған.

2005 жылы Ақмола облысының Бұланды ауданындағы еліміздің біртуар ұлы, атақты балуан, әнші, композитор, ақын Балуан Шолаққа (Нұрмағамбет Баймырзаұлы) мемориалдық ескерткіш ашылды.

Биіктігі 16 метрлік сәулеттік шешімі ерекше ескерткіш Балуан Шолақтың (1864-1919 жж.) өмірі мен сан қырлы дарынынан мол мағлұмат береді. Мемориал Жамбыл облысындағы Қордай жерінен арнайы жеткізілген қызыл граниттен тұрғызылған. Қазақтың біртуар ұлының өмірі туралы баяндама қабырғаға қашалып жазылған. Шолақтың ата-бабалары Жетісу өңірінен Сарыарқа даласына келген болатын, ол жас кезінде бірде-бір күрестен жеңілмей Балуан құрмет атағына ие болды. Бірақ Шолақтың басты қызығушылығының бірі - ән айту мен домбырада күй тарту. Ол Біржан сал мен Ақан серінің шығармаларын керемет орындайтын. Жарық дүниеде бар болғаны 55 жыл ғана өмір сүрген, ол артынан ондаған өлеңдерді қалдырып кетті, соның ішінде халыққа кеңінен таралғаны «Ғалия», «Қыркүйек», «Талды-Көл», «Сарын» және басқалары. Қазақтың танымал жазушысы Сәбит Мұқанов өзінің дастанын атақты әнші, композитор, ақын Балуан Шолаққа арнаған. Оның есімі Алматыдағы Спорт сарайына берілген.

2007 жылы Новосібір қаласында шекаралық аймақтардағы басшылардың кезекті форумы барысында Қазақстан Республикасы мен Ресей Федерациясы арасында теңіз көлігі саласындағы ынтымақтастық туралы келісімге қол қойылды.

Келісім екі мемлекеттің теңіз флоты мен айлақтарын тиімді пайдалануға; теңіз, кеме, экипаж, жолаушы және жүк қауіпсіздігін қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Әріптестіктің негізгі бағыттары - теңіздегі табиғи ортаны қорғауды күшейту, экономика, теңіз көлігі ғылымы мен техникасы саласындағы байланысты кеңейту, сауда кеме қатынасы мәселелерімен айналысатын халықаралық ұйымдар қызметіне қатысты пікір алмасу, теңіз көлігі бойынша халықаралық келісімшарттарға қатысу.

2010 жылы «Эйр Астана» әуе компаниясы 2011 жылғы VII қысқы Азия ойындарының ресми әуе тасымалдаушысы болды.

2011 жылы Астанадағы Тәуелсіздік сарайында KAZENERGY-2011 VI Еуразиялық форумы басталды.

2012 жылы Қарағанды облысы Нұра ауданының Киевка кентінде ақын, жазушы, қазіргі қазақ әдебиетінің негізін қалаушы, қоғам және мемлекет қайраткері Сәкен Сейфуллиннің ескерткіші ашылды. Ескерткіш авторы - қарағандылық мүсінші Бейбіт Мұстафин.

2012 жылы «Қазпошта» АҚ режиссер Мәжит Бегалиннің 90 жылдығына арналған көркемсуретті марканы айналымға енгізді.

2012 жылы Астанада өткен VII «Kazenergy» энергетикалық форумы аясында Энергетика саласындағы ынтымақтастық жөніндегі Қазақстандық-норвегиялық жұмыс тобының кезекті IV отырысы өтті.

2012 жылы Ә.Марғұлан атындағы Археология институтының ғалымдары Шымкентте қазба жұмыстарын жүргізіп, өрнегі бар 2 алтын дискіні тауып алды. Олардың диаметрі шамамен 7 см.

2013 жылы «AllurAutoAstana» автоорталығы қостанайлық Агромаш Холдинг» зауытында құрастырылған «Peugeot» («Пежо») маркалы автокөлігінің Астанада сатылымы басталғаны туралы ресми жариялады. Жобаның бастапқы кезеңінде Peugeot 301, Peugeot 308, Peugeot 508 и Peugeot Partner модельдері сатылды.

2013 жылы Ирандағы археографиялық экспедиция Тегерандағы Меджлис (парламент) кітапханасынан «Мәджмуә уә джунг» сарай дипломатиялық құжаттар жинағын тапты. Онда сәфәви билеушілерінің қазақ хандарымен жазысқан хаттары сақталады.

2014 жылы Алматыда «Қайрат» ФК футзалдан Әлем суперкубогының финалында Мәскеудің «Динамосын» ұтып, осы жүлдені алғаш рет жеңіп алды. Бұдан тыс, «Қайрат» футзалдан Әлем суперкубогының иегері атанған алғашқы азиялық команда болды.

2015 жылы Астанада Сирия оппозициясы өкілдері келіссөздерінің екінші кезеңі аяқталды. Кездесу нәтижелері бойынша қорытынды декларацияға қол қойылып, онда Сирия дағдарысына қарсы күрес бойынша одан әрі кездесулерді ұйымдастыру белгіленді.

2016 жылы ҚР Тәуелсіздік Сарайында ХІІІ Қазақстан мен Ресей аймақаралық ынтымақтастығы форумы өтті. Оған екі мемлекеттің басшылары - Нұрсұлтан Назарбаев пен Владимир Путин қатысты. Форум қорытындыларына орай экономиканың азық-түлік өнеркәсібі, химия, металлургия, инновация, машина жасау, фармацевтика, құрылыс материалдарын өндіру сияқты маңызды салаларындағы 30-дан астам екіжақты келісімдерге қол қойылды.

2016 жылы Астанада Татарстан Республикасының Қазақстан Республикасындағы өкілетті өкілдігінің жаңа ғимараты ашылды. Сол салтанатқа Астана әкімі Әсет Исекешев пен Татарстан президенті Рустам Минниханов қатысты. Татарстан президенті Қазақстан басшылығына елімізде тұратын татар диаспорасына көрсетіп отырған қолдауы және 2017 жылы Астанада Татарстан күндерін ұйымдастыру мүмкіндігі үшін алғыс айтты.

2016 жылы Брюссельде «Қазақстан Республикасы - Еуропа одағы» Ынтымақтастық кеңесінің 15-отырысы болды.

ЕСІМДЕР

null 113 жыл бұрын (1904-1987) ғалым, аудармашы, филология ғылымдарының докторы, профессор КЕНЖЕБАЕВ Бейсенбай дүниеге келді.

Оңтүстік Қазақстан облысы Ордабасы ауданы Бөген ауылында туған. Мәскеудегі Шығыс еңбекшілері коммунистік университетін, Казақ мемлекеттік университетін бітірген.

«Жас қайрат», «Лениншіл жас» («Жас алаш»), «Кеңес туы», «Оңтүстік Қазақстан», «Социалистік Қазақстан» («Егемен Қазақстан») газеттерінде редактор, бөлім меңгерушісі қызметтерін атқарған. 1941-1944 жылдары - Қазақстан мемлекеттік біріккен баспасының бас редакторы. 1961-1987 жылдары - Қазақ мемлекеттік университетінің (әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті) қазақ әдебиеті кафедрасының меңгерушісі, профессоры.

Кенжебаев - қазақ әдебиетінің мәселелеріне, қазақ баспасөзінің тарихына арналған іргелі еңбектердің, Абай, С.Торайғыров, Ж.Жабаев, М.Сералин, М.Әуезов, С.Шәріповтердің өмірі мен шығармалары туралы зерттеулердің авторы. Жоғары оқу орындары студенттеріне арналған оқулықтар мен хрестоматиялар, «Тымпи», «Көңіл ашар» сатиралық фольклор мұраларын жариялады. «Асау жүрек» әңгімелер жинағы жарық көрген.

Ленин орденімен және медальдармен марапатталған.

97 жыл бұрын (1920-1985) психолог, психология ғылымдарының докторы, профессор МҰҚАНОВ Мәжит Мұқанұлы дүниеге келді.

Ақтөбе облысының Шалқар ауданында туған. Ленинград педагогикалық институтын, Қазақ мемлекеттік университетінің (қазіргі әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті) аспирантурасын бітірген. Ұлы Отан соғысына қатысқан.

1953-1960 жылдары - Алматы шетел тілдері педагогикалық институтында (қазіргі Абылай-хан атындағы Қазақ халықаралық қатынастар және әлем тілдері университеті). 1960-1985 жылдары - Қазақ педагогикалық институтында (қазіргі Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университеті) психология кафедрасының меңгерушісі. 1971-1985 жылдары - КСРО Психологтар қоғамының Қазақ республикасы бөлімшесі Төралқасының төрағасы қызметтерін атқарған.

Ғылыми-зерттеу еңбектерінің негізгі бағыты ақыл-парасаттың этнопсихологиясы, этно және лингвопсихология, оқыту психологиясына арналған. «Ойды этно- және лингвопсихология тұрғысынан дәлелдеу», «Жан дүниенің сыры», «Ой мен интеллект (тарихи және этнопсихология очерктері)», «Ақыл-ой өрісі», «Жас және педагогикалық психология» кітаптарының авторы.

null 81 жыл бұрын (1936-2005) физика-математика ғылымдарының докторы, профессор, Қазақстан ҒА-ның академигі, ҚР Жаратылыстану ғылымдары академиясының академигі, КСРО Мемлекеттік сыйлығының лауреаты СҰЛТАНҒАЗИН Өмірзақ Махмұтұлы дүниеге келді.

Қостанай облысының Қараоба ауданында туған. Қазақ мемлекеттік университетін бітірген. 1983 жылы Қазақ КСР Ғылым академиясының толық мүшесі болып сайланған. 1986 жылдан Қазақ КСР Ғылым академиясының вице-президенті. 1988-1994 жылдар аралығында Ғылым академиясының президенті қызметін атқарған. 1991 жылдан Ғарыштық зертеулер институтының директоры. 1996-1997 жылдары ҚР ғылым министрі - Ғылым академиясы президентінің бірінші орынбасары болып жұмыс істеді. 2000 жылдан ҚР Жаратылыстану ғылымдары академиясының вице-президенті. 2002-2004 жылдары - ҚР ҰҒА-ның вице-президенті. Негізгі ғылыми еңбектері есептеу математикасының тәсілдері мен электрондық есептеу машиналарын математикалық физика есептерін шешу үшін пайдалануға арналған. Ғалымның 300-ден астам ғылыми еңбегі бар. Оның жетекшілігімен 30-дан астам ғылым кандидаты және докторы диссертация қорғаған.

Парасат, Ленин, Еңбек Қызыл Ту ордендерімен, медальдармен, 2 мәрте Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің Құрмет грамотасымен марапатталған.

null 74 жыл бұрын (1943-2011) дирижер, композитор, музыкатанушы, Қазақстанның еңбек сіңірген өнер қайраткері, профессор МЫҢБАЕВ Тимур Кәрімұлы дүниеге келді.

Алматыда туған. Ленинград консерваториясын халық дирижерлік (профессор Е. П. Кудрявцевтің класы бойынша) және композиция (профессор И. Я. Пустылыниктің класы) екі мамандық бойынша бітірген. Көптеген жылдар бойы Т. Мыңбаев ҚР Мемлекеттік симфониялық оркестрінің дирижері болып қызмет етті. Ол дирижерлік, композиторлық және музыкалық қызметті табысты тоғыстырды. Ол опера мен балет, симфония мен симфониялық күйлер, соната мен квартет, оратория мен вокальды-хорлық циклдер тақырыбына қалам тартқан тұлға. Оның шығармаларында композиторлық мектептің өткені мен қазіргісі тұтасады, Мыңбаев шығармашылығының бастауы - қазақтың ұлттық фольклоры болып табылады. Халықтық ән арқылы Мыңбаев шығармашылығы ұлттық бояумен көркемделіп, жаңа леп, заман тынысымен үндесті.

Мәскеудің үлкен театры мен Марьин театрында, Петербург қаласында және әлемнің көптеген беделді сахналарында дирижерлік етті. Соңғы жылдары Мәскеудегі Гнесиндер атындағы Ресей Музыкалық академиясының симфониялық және камералық оркестірлердің көркемдік жетекшісі және бас дирижері болып қызмет атқарды.

null 66 жыл бұрын (1951) ақын, аудармашы, кинодраматург, Қазақстан Ленин комсомолы сыйлығының және С.Сәдуақасов атындағы Қазақстан Журналистер одағы сыйлығының, Махамбет атындағы, «Алаш», тәуелсіз «Тарлан» сыйлықтарының лауреаты, «Алтын лираның үміткері» атты Дүниежүзілік ақындар байқауының лауреаты, ҚР-ның еңбек сіңірген мәдениет қызметкері, Көкшетау қаласының құрметті азаматы ҚАНАПИЯНОВ Бақытжан дүниеге келді.

Көкшетау қаласында туған. Қазақ политехникалық институтын және Мәскеудегі Жоғары әдеби курсты бітірген. Еңбек жолын Қазақ КСР ҒА жанындағы Металлургия және кен байыту институтында инженер болып бастап, «Жалын» баспасында аға редактор, Қазақстан Жазушылар одағының әдеби кеңесшісі, Қазақстан Кинематографистер одағының хатшысы болған. Алғашқы өлеңдері «Простор» журналында жарық көрген. Бірнеше жинақтың авторы. Абай, Махамбет, Шәкәрім өлеңдерінің еркін аудармасын жасап, Жамбыл, Кенен дастандарын, «Қыз Жібек» эпосын орыс тіліне тәржімалаған. Сонымен қатар М.Жұмабаевтың өлеңдер жинағының орыс тіліне аударылып, кітап болып шығуына ұйытқы болған. «Абай: өмірі мен шығармашылығы», «Кофе-брейк», «Балқаш сагасы» фильмдерінің режиссері әрі авторы.

null 58 жыл бұрын (1959) Қостанай облысы, Наурызым ауданының әкімі ДАИРОВ Талғатбек Сапабекұлы дүниеге келді.

Қостанай облысында туған. 1977 жылы Докучаева орта мектебін тәмамдағаннан кейін Наурызым СПТУ-98 «Тракторист-машинист» курсын (1978); Қарағанды кооперативтік институтын (экономист, 1993); Челябинск мемлекеттік университетін (заңгер, 2001) бітірген.

Еңбек жолы: 1980-1981 жылдары Комсомол Наурызым аудандық комитетінің аппаратында нұсқаушы, 1981 - 1984 жылдары Кооперативтік техникумда сауда ұйымдастырушысы мамандығы бойынша білім алды, 1984 - 1989 жылдары Наурызым аудандық тұтыну одағының қоғамдық тамақтандыру ұйымының директоры, 1989 - 1990 жылдары Наурызым аудандық тұтыну одағы басқармасының еңбекті қорғау және қауіпсіздік техникасы жөніндегі инженері. 1990 - 1993 жылдары Науырзым аудандық тұтыну одағының Науырзым совхозрабкоп басқармасының төрағасы. 1993 - 1999 жылдары «Бұлақ» LDT фирмасының директоры. 1999 - 2000 жылдары «Казагроэкс» ЗАҚ директорының орынбасары, 2000 - 2006 жылдары «Казагроэкс» ЗАҚ директоры. 2006 - 2008 жылдары «Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау» АҚ Қостанай облыстық филиалының директоры. 2008 - 2013 жылдары «Рудный гормолзоводы» ЖШС директоры. 2013 жылдың шілдесінен бері қазіргі қызметінде. «Қазақстан Республикасының тәуелсiздiгiне 10 жыл» (2001), «Қазақстан мәслихаттарына 20 жыл» (2014) мерейтойлық медальдарымен наградталған.

54 жыл бұрын (1963) Алматы қалалық мәслихаты аппаратының басшысы РАХМЕТОВ Мақсат Мырзаханұлы дүниеге келді.

Қызылорда қаласында туған. 1986 жылы Алматы зооветеринарлық институтын «зооинженер» мамандығы бойынша, 2006 жылы Жетісу мемлекеттік университетін «заңгер» мамандығы бойынша бітірген.

Еңбек жолы: 1986 жылғы тамыз айыннан құс шаруашылығы бойынша Абай бас кәсіпорынның орналастыруын даярлау бригадирі (Қаскелең ауданы, Алматы облысы); 1990 жылы сәуір айынан бастап құс шаруашылығы бойынша Абай бас кәсіпорын кәсіподағының төрағасы болып сайланды (Қаскелең ауданы, Алматы облысы); 1995 жылғы маусымнан бастап 1998 жылдың қаңтарына дейін Алматы қаласы Халықаралық агроөнеркәсіптік биржаның сараптау-талдау қызметінің талдаушысы, жетекші сарапшысы болып қызмет атқарды; Мемлекеттік қызметті 1998 жылдың қаңтар айының Алматы облысы әкімі аппараты ауыл шаруашылық және экология бөлімінің бас маманы лауазымынан бастады. 1999 жылы наурызынан Алматы облысы әкімінің бірінші орынбасарының кеңесші, 2006 жылы шілдеден Алматы қаласы әкімі аппараты ауыл шарушылығы бөлімінің бастығы, 2008 жылы мамырдан Алматы қаласы ауыл шаруашылығы басқармасының бастығы, 2009 жылы қаңтардан Алматы қаласы кәсіпкерлік және индустриялық-инновациялық даму басқармасы басшысының орынбасары, 2015 жылы наурыздан Алматы қаласы ауыл шаруашылығы және ветеринария басқармасы басшысының орынбасары болып жұмыс істеген.

Қазіргі лауазымын 2016 жылдан бері атқарып келеді.

«Қазақстан Республикасының тәуелсіздігіне 10 жыл», «Қазақстан Республикасының Конституциясына 10 жыл», «10 жыл Астана», «Қазақстан Республикасының Конституциясына 20 жыл», «Қазақстан Республикасының тәуелсіздігіне 20 жыл» мерекелік медальдарымен, «Ауыл шаруашылығы саласының үздігі» төсбелгісімен, Қазақстан Республикасы Ауыл шарушылығы министрінің Құрмет грамотасымен наградталған.

null 40 жыл бұрын (1977) ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі Еңбек, халықты әлеуметтік қорғау және көші-қон комитетінің төрағасы - Қазақстан Республикасының бас мемлекеттік еңбек инспекторы САРБАСОВ Ақмәди Әділұлы дүниеге келді.

Батыс Қазақстан облысы Шыңғырлау ауданында туған. 1999 жылы Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетін саясаттану мамандығы бойынша, 2001 жылы Еуразия гуманитарлық университетін заңгер мамандығы бойынша, 2013 жылы Орталық Қазақстан академиясын менеджмент мамандығы бойынша тәмамадаған. ІТС (ILO) халықаралық оқу орталығында, Италия, Турин қаласы (2011), Назарбаев Университетінің мемлекеттік саясат жоғары мектебінде және Ли Куан Ю (Сингапур) (2013) мемлекеттік саясат мектебінде тренинг-оқулар оқыған.

1999-2005 жылдар аралығында Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде маман, жетекші маман, бас маман, Орталық және жергілікті мемлекеттік органдардың нормативтік-құқықтық актілерін бақылау және тіркеу департаментінің нормативтік-құқықтық актілерді талдау және бақылау бөлімінің бастығы қызметтерін атқарған.

2005 жылдан бері Қазақстан Республикасының Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінде еңбек заңнамасын сақтау бойынша мемлекеттік бақылау және халықты жұмыспен қамту департаментінің директорының орынбасары, заң департаментінің, еңбек және әлеуметік серіктестік департаментінің директоры, Көші-қон комитеті төрағасы лауазымдарында қызмет атқарған. 2013 жылы тамызда бақылау және әлеуметтік қорғау комитетінің төрағасы - Қазақстан Республикасының бас мемлекеттік еңбек инспекторы. 2014 - 2017 жылдары - ҚР Денсаулық сақтау және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі бақылау және әлеуметтік қорғау комитетінің төрағасы - Қазақстан Республикасының бас мемлекеттік еңбек инспекторы. 2017 жылдың қаңтарынан бері қазіргі қызметінде.

null 201 жыл бұрын (1816-1887) француз ақыны, 1871 жылғы Париж коммунасына қатысушы, «Интернационал» пролетарлық әнұранының авторы ПОТЬЕ Эжен дүниеге келді.








null 195 жыл бұрын (1822-1893) Америка Құрама Штаттарының 19-президенті (1877-1881) Резерфорд Бёрчард ХЕЙС дүниеге келді.












null 182 жыл
бұрын (1835-1920) орыс географы, фольклоршы, ботаник, этнограф, көркемсөзші ПОТАНИН Григорий Николаевич дүниеге келді.

Павлодар губерниясы Ямышево ауылында туған. Орта Азияның табиғатын, этнографиясын зерттеген саяхатшы,географ, этнограф, фольклоршы. 1852 жылы Омбы кадет корпусын бітірген. 1853 -1858 жылдары Семей мен Омбыда әскери қызметте болды. 1859 - 1862 жылдары сонда жүріп, Шоқан Уәлихановпен достық қарым-қатынаста болды. Петербург университетінің табиғаттану бөлімінде оқыды. 1861 жылы студенттік толқуларға қатысқаны үшін Сібірге жер аударылды. 1863 - 1864 жылдары Зайсан көлі мен Тарбағатай тауын зерттеді. 1876 - 1877, 1879 - 1880 жылдары Моңғолияның солтүстік-батысы және Туваға экспедицияларға қатысты. 1884 - 1886 және 1892 - 1893 жылдары Солтүстік Қытай, Шығыс Тибет, Орта Моңғолияға экспедицияларға қатысты. 1899 жылы Үлкен Хинганға шыққан экспедицияларға қатысты. Қазақ фольклоры үлгілерін, жалпы түркі тілдес халықтардың ауыз әдебиетін жинап, «Қазақтардың және алтайлықтардың аңыздары, аңыз-әңгімелері және ертегілері» (1916) атты еңбегін жазды. Потанин есімімен Наньшань тауындағы жота, Моңғол Алтайындағы мұздық аталған.

Серіктестер жаңалықтары

Jańalyqtar

Үрдіс

MURAǴAT