4-қабаттан төсек жаймаларын байлап түспек болған шымкенттік құлап кетті

None
None
ШЫМКЕНТ. ҚазАқпарат - Шымкентте ер адам төртінші қабаттан құлап кетті. Түрлі дене жарақатын алған тұрғын қалалық ауруханаға жеткізілді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Келеңсіз оқиға бүгін түске таяу Айбергенов көшесінде болды. Оқиға куәгерлерінің айтуынша, төртінші қабаттың терезесінен бір-біріне байланған төсек жаймалары ілініп тұрған. Соған қарағанда, құлаған азамат сыртқа терезе арқылы шықпақ болған. Алайда өзінің салмағын есепке алмай, тәуекелге барғаны белгілі болды.

Оқиға орнына тәртіп сақшылары келіп, жедел жәрдем шақырылды. Терезеден түскен тұрғын тез арада қалалық жедел жәрдем ауруханасына жатқызылды. Дәрігерлер науқастың бірнеше жері сынғанын, енді ұзақ уақыт емделетінін айтады.  

Артынша тәртіп сақшылары келеңсіз оқиғаның себеп-салдарын айтып берді. Белгілі болғандай екі ер адам қаладағы көпқабатты үйлердің бірінен бір түнге пәтер жалдаған. Ол жерде көңіл көтеріп, түрлі ішімдіктер ішкен. Ал, таңертең олардың бірі есікті сыртынан құлыптап, кетіп қалыпты. Үйге қамалып қалған екінші азамат терезеден шығуға тырысып, құлап кеткен. 

Полиция оқиғаның толық мән-жайын әлі де тексеріп жатыр.

Соңғы жаңалықтар