4 айда 40 мың ұсыныс: Мұғалімдердің қандай талап-тілектері бар

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Мемлекеттік органдардың кейбірі «Педагогтар мәртебесі туралы» заң жобасы бойынша мұғалімдерге ұсынылған жеңілдіктердің кейбірін мақұлдамай жатыр. Бұл туралы қазақстандық білім және ғылым қызметкерлері кәсіподағының ұйымдастыруымен Астанада өтіп жатқан дөңгелек үстелде ҚР Білім және ғылым қызметкерлері кәсіподағы төрағасының орынбасары Айгүл Мұқашева айтып берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Педагогтар мәртебесі туралы заң жобасы біздің қоғамда ең көп талқыланған тақырыптардың бірі болып отыр. Үлкен жұмыс атқарылды. Осы уақытқа дейін заң жобасы бойынша жұмыс тобына 4 айдың ішінде 40 мыңнан астам ұсыныс келіп түсті. Әлі де сайтымызға келіп жатқан ұсыныстар саябырлайтын емес. Сараптап қарап отырсақ, ұсыныстардың 34 пайызы зейнетке уақытынан бұрын шығу туралы. Келесі 28 пайыз жалақы мен үстемақыны көтеру мәселесін қамтыған. Тағы 10 пайызы тұрғын үй алуда жеңілдік беруді сұраса, 22,7 пайызы педагогтардың міндетіне жатпайтын жұмыстарға қатыспау мен жүктемені азайтуды сұраған», - дейді Айгүл Мұқашева.

Оның айтуынша, жұмыс тобы заң жобасын әзірлеп, мемлекеттік органдарға жолдағанымен, көптеген ұсыныстарды ведомстволар мақұлдамаған.

«Біздің педагогтарды баспана мәселесі өте көп алаңдататыны белгілі. Себебі, мұғалімдердің жалақысы өте төмен. «7-20-25» мемлекеттік бағдарламасы бойынша, мұғалім жалақысымен үй ала алмайды. Сол себепті, біз мынадай норманы қосып едік. Педагогтың бастапқы жарнасын жеңілдетілген несие арқылы беру, сонымен қатар қызметтік баспана немесе жатақхана алуы секілді жеңілдіктер ұсынылған. Сондай-ақ, қызметтік баспанада педагогпен бірге тұрып жатқан отбасы мүшелеріне педагог қайтыс болған жағдайда мәжбүрлі түрде қызметтік баспанадан шығарылмай, олардың қалауымен қалдық құны бойынша сатып алуға мүмкіндік беріледі деген норманы қостық. Бірақ, өкінішке қарай келісім кезінде бұл норма да алынып тасталды», - дейді Айгүл Мұқашева.

Оның айтуына қарағанда, тағы да бір норма - жергілікті атқарушы органдар педагогтардың жалақы көлемін өңірдегі орташа жалақы деңгейіне қарай белгілеуге құқылы етуді көздеген. Бірақ, бұл норма да мақұлданбаған.

«Астананың педагогтарының мәртебесін көтеру жолында тағы бір ұсыныс беріп едік. Астанада жұмыс істейтін мұғалімдерге жалақыларына 25 пайыз үстемақы қосуды алға тартқанбыз. Себебі, бұл әлемдік тәжірибеде бар. Көп елдердің астаналарында жұмыс істейтін осындай үстемақы төленеді. Бірақ, бұл норма да мақұлданбады», - дейді Айгүл Мұқашева.

Соңғы жаңалықтар