4 ана өлімі болған перзентханадан дәрігерлердің де көбі кетпек болған - Елжан Біртанов

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Елордада жыл басынан бері 4 ана өлімі тіркелген перзентханадан бас дәрігермен бірге көптеген дәрігерлер де кетпек болған. Бұл туралы ОКҚ-да өткен баспасөз мәслихатында Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Бас дәрігердің жұмыстан босатылуы туралы, менің қолымда бар ақпарат бойынша ол жұмыстан кету туралы өтінішті өз қолымен жазған. Неліктен бұлай еткені де түсінікті. Шынына келгенде, көптеген дәрігерлер де жұмыстан кеткісі келген. Мен ол орталыққа арнайы барып, дәрігерлермен сөйлескен едім. Бұның өте үлкен қысым екені белгілі. Бәрі де қылмыстық жауапкершіліктен қорқады. Дәрігерлердің тіпті кейде негізсіз қылмыстық қудалауға ұшыраған кездері де болған. Біз бұл жағдайға өте абайлап келуіміз керек. Өте шынайы баға бере білуіміз керек. Себебі, сот шешімі шықпай тұрып, негізсіз айыптау өкінішке қарай перинаталдық орталықта еңбек ететін кәсіби дәрігерлердің жүректерін шайлықтырып жіберуі мүмкін. Осыдан кейін біз ондай мамандарды таппай, мәселені одан ары қиындата түсеміз», - дейді министр.

Елжан Біртанов бұл рете ең алдымен жергілікті атқарушы органдар шешім шығаратынын атап өтті.

«Менің айтқым келгені, медициналық көмекті ұйымдастыру, денсаулық сақтау саласының мемлекеттік-коммуналдық нысандарын басқару, бас дәрігерді тағайындау немесе алып тастау бұл жергілікті атқарушы биліктің құзыретіне жатады. Біз неліктен штабтардың жұмысын аудан немесе қала әкімдердің орынбасарларын жұмылдыра отырып жүргіземіз? Себебі, бұл тікелей солардың жұмыстары. Демек, біз емдеудің стандарттарын, хатталамаларын, кадрды береміз, саланы реттейміз, бірақ тікелей жергілікті атқарушы орган белсенді түрде бұл шаруамен айналысуы керек», - деді министр.

Еске сала кетсек, бұдан бұрын ҚР Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов елордада 4 ана өлімі болған перзентхананың бас дәрігері қызметінен босатылғанын хабарлаған болатын.

 

Соңғы жаңалықтар