4 ақпан. ҚазАқпарат күнтізбесі

None
АСТАНА. ҚазАқпарат – ҚазАқпарат оқырмандарына 2023 жылғы 4 ақпанға арналған күнтізбесін ұсынады.

АТАУЛЫ КҮНДЕР

Дүниежүзілік қатерлі ісікке қарсы күрес күні

«Халықаралық онкологиялық ауруларға қарсы күрес жөніндегі одақ» (UICC) жариялаған. Бұл халықаралық күннің мақсаты - обырдың қазіргі замандағы ең қауіпті аурулардың бірі екендігі туралы жұртшылықты хабардар ету, осы кеселдің алдын алуға, анықтауға және емдеуге назар аудару.

Халықаралық адамзат бауырластығы күні

БҰҰ-ның халықаралық және дүниежүзілік күндері күнтізбесінде жаңа күн 2020 жылдың желтоқсанында қосылды. 2019 жылы осы күні Рим Папасы Франциск пен әл-Азһардың жоғарғы имамы шейх Ахмад ат-Таиб Әбу-Дабиде «Адам әлем тыныштығы мен бірлескен өмір үшін» атты құжатқа қол қойғандықтан, Халықаралық адамзат бауырластығы күнін 4 ақпанда атап өту туралы шешім қабылданды. Декларацияда әртүрлі дін өкілдерінің арасындағы диалог пен өзара ынтымақтастық мәдениетін дамытудың маңыздылығы атап көрсетілді және террористердің өз әрекеттерін ақтау үшін дінді пайдалануы айыпталды.

Халықаралық азаптауға қарсы күрес күні

Бұл күн 1985 жылдан бері аталып келеді. Адамды азаптаудың сан алуан түрлеріне қарсы күрес ретінде белгіленген. Қазіргі күні конвенцияны әлемнің 145 мемелкеті ратификациялаған.

ЕСТЕ ҚАЛАР ОҚИҒАЛАР

1854 жылы Кіші Алматы өзенінің жағасында, көне Алматы қонысының маңында Заилийский әскери бекінісі салынып, кейін оның аты Верный деп өзгертілді. 1867 жылы қала Жетісу облысының әкімшілік орталығына айналды. 1921 жылы қалаға байырғы Алматы атауы қайтарылды. 1927 жылдан қала Қазақ АКСР-інің, 1936 жылдан Қазақ КСР-інің, 1991-1997 жылдары Қазақстан Республикасының астанасы болды. 2016 жылы Алматы 1000 жылдық мерейтойын атап өтті.

1972 жылы Арқалық қаласында Торғай облыстық тарихи-өлкетану мұражайы (қазіргі облыстық Дала өлкесі тарихының мұражайы) құрылды. Алғашқы экспозиция 1973 жылдың 28 шілдесінде аты аңызға айналған қазақ батыр Амангелді Имановтың 100 жылдығы қарсаңында ашылды.

1992 жылы Францияның Тур қаласында өткен халықаралық кинофестивальде режиссер Ермек Шынарбаевтың «Кек» фильмі бірінші орынды иеленсе, Сергей Әзімовтің «Өлі теңіз хроникасы» атты фильмі екінші жүлдеге ие болды.

1992 жылы Қазақстан Республикасы мен Бангладеш Халық Республикасы арасында дипломатиялық қарым-қатынас орнату туралы хаттама қабылданды.

1993 жылы Қазақстан Республикасы мен Мальта Республикасы арасында дипломатиялық қарым-қатынас орнады.

1993 жылы республиканың мұнай-газ саласындағы бірінші бірлескен кәсіпорын - «ҚазақТүрікМұнай» қазақ-түрік кәсіпорны құрылды.

2010 жылы Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті ұлттық аккредитациядан өткен бірінші отандық ЖОО атанды.

2011 жылы Берлинде өткен «World Money Fair» халықаралық көрмесінде ҚР Ұлттық Банкінің «Ұлы қолбасшылар» сериясынан «Аттила» ескерткіш күміс монетасына «Тарихи тақырып бойынша ең үздік монета» номинациясында «Жылдың ең үздік монетасы» наградасы берілді.

2011 жылы Францияның астанасы Париж қаласында Қазақстан Республикасы обырға қарсы күрес Хартиясына қосылды.

2016 жылы Астанада «ҚазТрансГаз Аймақ» акционерлік қоғамына Еуропалық сапаны басқару қорының (European Foundation for Quality Management, EFQM) «Танылған Кемелділік» 4-ші-деңгейдегі сертификатын салтанатты түрде табыстау рәсімі өтті. Кәсіпорын әлемге әйгілі BMW, BOSCH, Coca-Cola секілді брендтер құрамына кіретін үздік еуропалық ұйымдардың тізіміне енгізілді.

2018 жылы Иран астанасы Тегеран қаласында жеңіл атлетикадан жабық кешендегі VIII Азия чемпионатында қазақстандық атлеттер жалпы есепте бірінші орынды жеңіп алды. Құрлық біріншілігінде Қазақстан құрамасы жалпы 12 медаль иеленді. Оның жетеуі алтын, төртеуі күміс, біреуі қола.

2019 жылы Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Қазақстан стратегиялық зерттеулер институты әлемнің үздік орталықтарының қатарына енді. Бұл рейтинг «Аналитикалық орталықтар және азаматтық қоғам» бағдарламасы аясында профессор Джеймс МакГанның жетекшілігімен құрылады, әлемдегі беделділерінің бірі. ҚСЗИ - Пенсильвания университетінің «Global Go To Think Tank Index Report» негізгі рейтингіне енген жалғыз қазақстандық орталық.

2020 жылы британ жазушысы Жоан Роулиңнің әлемге әйгілі Хәрри Поттер шығармасы қазақ тілінде жарық көрді. «Хәрри Поттер мен пәлсапа тас» кітабын Динара Мәзен, Саят Мұхамедияр және Нәркез Берікқазы аударды. Жобаның жауапты редакторы – Назгүл Қожабек.

Британ жазушысы Жоан Роулиң ойлап тапқан сиқыршы бала Хәрри Поттер және оның әлемі туралы еңбектерді қазақ тілінде шығару құқығы «Steppe & WORLD Publishing» баспасына тиесілі.

2021 жылы ЮНЕСКО-ның штаб-пәтерінде Ұйымның Бас директоры Одри Азулеге «Ұлттық аударма бюросы» қоғамдық қоры аударған Абай шығармаларының БҰҰ-ның 6 ресми тіліндегі жинақтары табыс етілді.

2022 жылы Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетінің студенттері тамақ пісіргеннен кейін қалған өсімдік майынан биоотын жасады. Биоотын – экологиялық таза және тиімді, арзан, қауіпсіз және сонымен бірге тасымалдауға ыңғайлы өнім. Жас ғалымдар Назерке Халел мен Муниса Сайдиғаниеваның бұл еңбегі халықаралық конференцияда жүлде алды.

2022 жылы «Қазақстан халқына» қорының сайты іске қосылды. Көмекке мұқтаж қазақстандықтар, сондай-ақ жан-жақты көмек көрсетуге ниет білдірген демеушілер қордың цифрлық платформасы арқылы өз өтінімдерін жасай алады.

www.qazaqstanhalqyna.kz сайты – кез келген адам жобалар бойынша жаңалықтармен, қаражаттың түсуі мен жұмсалуы туралы қаржылық есептермен, жүзеге асырылған жобалардың нәтижелерімен таныса алатын ақпараттық портал.


Соңғы жаңалықтар