«376,7 млрд теңге бөлінеді»: Еліміздің 15 ірі қаласында 20 заманауи аурухана салынады

None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Алдағы 5 жылда еліміздің 15 ірі қаласында 20 заманауи аурухана мен 2 ғылыми-инновациялық орталық салу үшін 376,7 млрд теңге бөлінеді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Бұл туралы ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің баспасөз қызметі ҚазАқпараттың «Дені сау ұлт» ұлттық жобасы туралы сауалына берген жауабында мәлім етті.

«Ұлттық жоба аясында «Медицина саласындағы инвестициялық ахуалды жақсарту міндетіне» 2021-2025 жылдары 900 млрд 856 млн теңге бөлу көзделген», - деп жазады ведомсвто өкілдері.

Бұл қаражатты мынадай жолмен игеру жоспарланып отыр:

1) Ауылдық елді мекендерде, оның ішінде тірек және спутниктік ауылдарда 137 фельдшерлік-акушерлік, медициналық пункттер мен дәрігерлік амбулаториялар ашуға – республикалық бюджеттен 8 млрд 233 млн теңге;

2) Аудандық ауруханаларды қазіргі заманғы компьютерлік томографтармен, рентген аппараттарымен, сондай-ақ перзентханаларды, реанимация және қарқынды терапия бөлімшелерін, Медициналық және фельдшерлік-акушерлік пункттерді, дәрігерлік амбулаторияларды қажетті медициналық жабдықтармен жарақтандыруға – республикалық бюджеттен 93 млрд 621 млн теңге, жергілікті бюджеттерден 85 млрд 000 млн теңге;

3) Нұр-Сұлтан, Алматы, Шымкент, Түркістан, Петропавл, Қарағанды, Ақтөбе, Көкшетау, Өскемен, Атырау, Тараз, Қызылорда, Ақтау, Павлодар, Қостанай қалаларында кемінде 20 заманауи аурухана және 2 ғылыми-инновациялық орталық салу бойынша инвестициялық жобаларды іске асыруға – республикалық бюджеттен 376 млрд 695 млн теңге, бюджеттен тыс қаражат есебінен 76 млрд 251 млн теңге;

4) Өңірлерде кемінде 20 объект салу және жаңғырту. Оның ішінде «Ұлттық ғылыми онкология орталығы» ЖШС, «Академик Н.Ж.Батпенов атындағы ұлттық ғылыми травматология және ортопедия орталығы» ШЖҚ РМК, «Жіті бақыланатын мамандандырылған үлгідегі республикалық психиатриялық аурухана» ММ, «Отан соғысының мүгедектеріне арналған республикалық клиникалық госпиталь» ШЖҚ РМК сияқты республикалық ведомстволық бағыныстағы ұйымдардың инфрақұрылымын одан әрі дамытуға – репсубликалық бюджеттен 261 млрд 56 млн теңге қарастырылған.


Соңғы жаңалықтар