37 елдімекенде газ құбырлары дұрыс жұмыс істемейді - Қостанай облысы

None
None
ҚОСТАНАЙ. ҚазАқпарат - Облыс әкімінің орынбасары Ғауез Нұрмұхамбетовтің жетекшілігімен, газ тарату жүйесін қауіпсіз пайдалану мәселелеріне арналған жиналыс өтті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Жиынға облыстың аудан-қала басшылары телекөпір арқылы қатысты. Сала мамандары атқарылған және қолға алынған жұмыстар, өзекті мәселелер жөнінде баяндады. Ғауез Нұрмұхамбетов айтқандай, соңғы үш жылда ел аумағында көгілдір отынды пайдалану кезінде 384 адам жапа шегіп, 147-сі көз жұмған. Биылғы жылу маусымының өзінде 32 оқыс жағдай тіркелген, 69 тұрғын зардап шегіп, 28-і көз жұмған. Қауіпсіздік үшін көрсетілетін міндетті техникалық қызметке табиғи газбен қамтылған шалғай аудандар мұқтаж. Атап айтқанда, 37 елдімекенде газ құбырларын, түтін мұржаларын және желдеткіш арналарын тазалау жұмыстары жүйелі жүргізілмейді.

«Қолдағы бар мәліметтерге сүйенсек, көпшілік абонентте әуел баста жасалған келісімшарт бар, сөйте тұра қауіпсіздік қызметтеріне қолдары жетпей отыр. Өйткені ол жақтарда мамандандырылған ұйымдар жоқ. Қолдарында аттестациялары бар техникалық мамандардың іссапарға шығуына не кедергі? Бұл селқостықтың себебі анықталуы тиіс. Жай-жапсарын айқындап, зерттеп, бұл бағыттағы жұмысты жүйелендіру аса қажет», - деді облыс әкімінің орынбасары.

Ал "ҚазТрансГаз Аймақ" АҚ өңірлік филиалының басшысы Ескендір Қайыбжановтың мәлімдеуінше, бұған бір тарап қана кінәлі емес.

«Газ тұтыну жүйесіне техникалық қызмет көрсету жөніндегі келісімшартқа отыруға көпшілік тұрғынның еріктерімен бас тартуы да түйткілді мәселеге айналып отыр. Сол себепті қазіргі тұтынушылар жауапкершілігі туралы заңнама талаптарын қатаңдандыратын кез келді», - дейді ол.

Шынымен де, уақтылы тексеріс, желілерге талапқа сай жөндеу жүргізу, кәсіби мамандардың техникалық тыңғылықты қызметі арқылы ғана оқыс жағдайлардың алдын алуға болады.

Ал аттестациялы мамандары бар "РЦКУ-Қостанай" ЖШС директоры Азамат Ұзақбаев өздеріне тиесілі жұмыстардың атқарылып жатқаны туралы баяндады.

«Біздің серіктестік облыс көлемінде газ тұтыну жүйесіне техникалық қызмет көрсету құқығын беретін арнайы аттестатқа ие. Ұжымда жоғары санатты, 10-15 жылдық еңбек өтілі бар слесарь-шеберлер, газ қаупі бар жұмыстарды жүргізуші жетекшілер жұмыс істейді. Тұрмыстық газ қолдану құрылғыларына бекітілген кесте бойынша техникалық пайдалану ережелерімен бекітілген мерзімде жылына бір рет техникалық қызмет көрсетеміз. Бірақ, көп жағдайда біздің қолымызды да тұрғындардың қызметімізді алудан бас тартуы байлайды», - деп түсіндірді Азамат Ұзақбаев.

Газ мамандары билік өкілдеріне кешенді шаралар қабылдап, халық арасында түсіндіру жұмыстарын жүргізуді ұсынды.

Ғ.Нұрмұхамбетов тыңдалған баяндамаларды пысықтай келе бірнеше міндетті айқындап, хаттама дайындады. Онда айтылғандай, техникалық тексеріс жұмыстарына үнемі мониторингтер жасалып, жіті бақылау қойылуы керек және 10 ақпанға дейін қос тарапты келісімшарт мәселесін оңтайландыру жоспары жасалуы шарт. Сондай-ақ, басты назар ақпараттық-түсіндіру жұмыстарына бөлінуі тиіс, осы мақсатта аудан-қала әкімдері жылдық медиажоспар құру тапсырылды.

Соңғы жаңалықтар