36 градус ыстық: Қостанайда құтқарушылар өңірдің су қоймаларында жұмысты күшейтті

None
None
ҚОСТАНАЙ. ҚазАқпарат – Қостанай облысына салқын ауа райынан кейін қайтадан шілденің аптап ыстығы келді. Өңірде ауа райы бойынша ескерту жарияланды, су қоймаларында құтқарушылар жұмысын жандандырды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Облыстың ТЖД хабарлауынша, бұл кезде су нысандарында төтенше жағдайлар мен апаттардың орын алу қаупі жоғарылайды.

Жазғы маусымның ортасындағы құтқарушылардың жұмысы туралы брифинг барысында жергілікті БАҚ өкілдеріне Қостанай облысының ТЖД бастығының орынбасары Азамат Өрімбаев айтып берді.

«Жақын күндері ауа температурасы 36 градусқа дейін көтеріледі деп күтілуде. Соған орай, Қостанай облысының ТЖД тұрғындарды судағы қарапайым қауіпсіздік ережелерін сақтауға шақырады. Өкінішке орай, су қоймаларындағы биылғы статистика көңіл көншітерлік емес. Суға түсу кезінде 11 адам мерт болды, олардың алтауы - бала», - деп атап өтті ТЖД өкілі.

Осындай ыстық күндері алдын алу шаралары күшейтілген, себебі суда демалатындар саны едәуір көп. Құтқарушылардың міндеті – тұрғындарға дер кезінде ескерту жасау, өңірдің су қоймаларында төтенше жағдайлардың алдын алу.

«Құтқарушылар топтары күнделікті өзендер мен көлдердің акваториялары, жасанды шұңқырлар бойынша рейдтер мен патрульдеу жүргізеді. Халықпен алдын алу шараларын өткізуде тәртіп сақшылары, жергілікті атқарушы органдар мен еріктілер ұйымдары көп көмек көрсетуде», - деді А. Өрімбаев.

ТЖД мәлімдеуінше, алдын алу шаралары суға шомылу маусымының аяғына дейін жалғаспақ.


Соңғы жаңалықтар