33 жыл қой бағып, алты бала өсірген ана: Адамды тәрбиелейтін - еңбек

None
None
АҚТӨБЕ. ҚазАқпарат – «Шопан апа» атанып кеткен Күләш Оразалинаны өңір басшысы мерекеге орай құттықтап, арнайы сый жіберді. Кезінде 33 жыл қой бағып, төл басын көбейткен қария қазір бала-шағасының жанында бақытты ғұмыр кешіп жатыр, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Соғыс жылдары балалығын өткізіп, кейін тың және тың игеру кезінде отбасын құрды. 1955 жылы ол небәрі 16 жаста болды. Отағасы екеуі бас қосқан соң бірден отар қой алып, далалыққа кетті. Ақтөбе облысы, Темір ауданының Матай жеріне қоныстанып, мал басын арттырды. Қария таңның атысы, кештің батысы бар-күш жігерін еңбекке арнады.

«33 жыл қой бақтым. Соның 15 жылында Комсомол жастар бригадасын ұйымдастырып, нұсқаушы болдым. Күйеуім ерте қайтыс болғанымен алты баланы өсіріп-жетілдіру үшін қой бағып жүре бердім. Әрі мені ешкім жұмыстан босатқан емес. Бригадаға 16 бала қабылдадым. Тең жартысы ер бала. Жастар көмекші, өзім бас шопан болып еңбек еттім. Ол кезде 100 қойдан 140 бас қозы тіркелді. Кейде 120-130 бас төл болады. Бір анығы - төл 100-ден кем болған емес», - деді Күләш Оразалина.

Ардақты ана бар жастық шағының далада, қой соңында өткеніне өкінбейді. Адамды тәрбиелейтін, бардың қадірін біліп, жоқ кезде сабырлық етуге үйрететін еңбек және шыдамдылық деп жиі айтады.

«Өмірде баланы перзентханаға барып босанған емеспін. Қой бағып жүріп, ағаш үйдің ішінде сәбиімді бауырыма бастым. Қазір жағдай жақсы, заман өзгерді. Тіпті қыздар жігіттен үйің, көлігің бар ма деп сұрайтын сияқты. Кейін бір-бірін түсіне алмай ажырасып жатады. Жастардың жұмыс істегені жақсы. Өзім Матай деген жерде қой баққан кезде қыс бойы монша көрмедім. Тіпті қыста қолымызға жусан сыпырғыш алып, қарды ыдысқа салып, қазанға қайнатып ішетін едік. Сөйтіп жүріп зейнетке шықтым. Өзімде 150 бас қой болды. Түйе мен жылқы да бар», - деді ол.

Ел қолына таяқ алып, мал соңында жүрген Күләш Оразалинаның еңбегін елеп, құрметке лайық қызметі үшін марапаттады. «Еңбек Қызыл Ту» және «Құрмет белгісі» орденінің иегері. VII және VIII шақырылған Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің депутаты болды.

Халықаралық әйелдер күніне орай Темір ауданының әкімдігі облыс басшысы Оңдасын Оразалиннің сәлемдемесін жеткізіп, құттықтады, сыйлық тарту етті. Темір ауданының әкімі Жолдас Қалмағанбетов көктем мен сұлулық мейрамында 1000 анаға құттықтау хат жолдады.



Соңғы жаңалықтар