33 мыңнан астам қазақстандық білім алушы «PISA» зерттеуіне қатысты

None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Қазақстандағы 1 мың мектеп пен колледж Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымының PISA-based Test for Schools - «Мектептерге арналған PISA» халықаралық салыстырмалы зерттеуіне қатысты. Зерттеу 15 жас аралығындағы оқушылардың білімі мен машығын үш бағыт бойынша бағалайды: оқу, математика, жаратылыстану, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Сонымен қатар зерттеу оқушылардың оқу үлгеріміне әсер ететін факторларды анықтауға мүмкіндік береді. ҚР Оқу-ағарту министрлігінің баспасөз қызметінен мәлім еткендей, оған еліміздің барлық аймағынан 33 мыңнан астам қазақстандық білім алушы қатысты. Зерттеу нәтижесі келесі жылдың 2-тоқсанында белгілі болады.

2021 жылы «Мектептерге арналған PISA» зерттеуі Қазақстанда валидация кезеңінен сәтті өтті. Ол кезде апробацияға еліміздің 200 мектебі қатысқан еді. Апробациялық зерттеу нәтижелері бойынша жеке және топтық есептер жасалып, зерттеуге қатысқан барлық мектепке ұсынылды.

«Мектептерге арналған PISA-ның» елдерге арналған дәстүрлі PISA-дан айырмашылығы – оның жеке мектеп деңгейінде сыртқы бағалауды жүргізуі. Зерттеу нәтижелері бойынша білім беру ұйымдары еліміздің басқа мектептері мен колледждерімен салыстырғанда оқушылардың функционалдық сауаттылық деңгейі және PISA негізгі зерттеуіне қатысушы елдердің орташа ұпайы туралы талдамалық есеп алады. Зерттеу әрбір мектептің немесе колледждің мықты және әлсіз тұстарын анықтауға, алынған мәліметтер негізінде білім сапасын арттыру шараларын қабылдауға мүмкіндік береді», - дейді Оқу-ағарту министрлігі Білім саласындағы сапаны қамтамасыз ету комитетінің төрағасы Ернұр Дәуенов.


Соңғы жаңалықтар