32 жыл бұрын полигонның жабылуына ықпал еткен «Невада-Семей» қозғалысы құрылды

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Қазақстанда 32 жыл бұрын, 28 ақпанда «Невада-Семей» халықаралық антиядролық қозғалысы құрылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Қазақ жерінде 1989 жылы 28 ақпанда құрылған «Невада-Семей» қозғалысы өзінің басты мақсаты ретінде Семей ядролық полигонын жабумен қатар, басқа да ядролық елдерді осы үлгіге қосылуға ықпал ету болды. Қазіргі кезде Қазақстан антиядролық қозғалыстың әлемдік аренасында мығым ұстанымын айқын көрсетіп тұр», - деп атап өткен болатын Мемлекет және қоғам қайраткері, жазушы, ғалым, ақын Олжас Сүлейменов.

1989 жылдың ақпанында Семей полигонын жабу мақсатымен «Невада - Семей» қозғалысының алғашқы митингі өтті. Ядролық сынақтардың қатері жөнінде барлық бұқаралық ақпарат құралдары содан кейін ашық ақпарат тарата бастады. Түрлі елдердің парламенттері өз сессияларында «Невада - Семей» қозғалысының ұрандарын талқылап жатты. Радиациялық сәулелердің зардаптары жайлы дәрігерлер мен ғалымдардың ашық әңгіме қозғауға батылдары жетті. Көпшіліктің қысымымен Семей полигонындағы сынақтар саны азая бастаған еді.

Қазақстан бірінші болып жаппай ядролық қарусыздандыруға нақты қадам жасап, Семей ядролық сынақ полигонын жапты. «Невада-Семей» қозғалысының бағдарламасы халықаралық антиядролық альянсына ұласты. Ядролық қаруды сынақтан өткізуге тыйым салу туралы шарт қабылданды. Елдердің басым бөлігі оған қол қойды.

Қозғалыстың активінде Қазақстан мен барша әлемнің соғысқа қарсы қозғалыстары мақтан тұта алатын жеңістер бар. Антиядролық қозғалыстың күш-жігері арқасында 1989 жылы жоспарланған 18 ядролық сынақ саны 7-ге дейін азайтылды. Ең соңғы ядролық сынақ осы жылдың 19 қазанында жасалды.

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев ғалымдарды, жазушыларды, қызметкерлерді, жұмысшылар мен әр жастағы адамдарды біріктірген бұл қозғалыс Семей полигонын жабу мен әлемнің басқа да сынақ полигондары қызметін тоқтату бағытындағы күресте елеулі үлесін қосқанын атап өтті. Антиядролық қозғалыста Олжас Сүлейменовтың еңбегі ерен.

Еске салсақ, Семей полигонында ядролық қарудың алғашқы сынағы 1949 жылы 29 тамызда іске асырылды. Жалпы, сынақ жүргізілген 40 жылда адам денсаулығына, табиғитқа орасан зор залал келтірілді.

Бұрынғы Семей облысының тұтас аумағы ядролық жарылыстар өнімдерімен ластанды, ал 1,2 млн адам түрлі диапазондағы дозада радиациялық сәулеге ұшырады.

Семей полигонында атом бомбасының кезекті сынағынан кейін 1989 жылы 12 ақпанда жердің жарығынан радиоактивті газдар ауаға бөлініп шыққан екен. Екі күніннен кейін сынақ жасалған эпицентрден 110 шақырым жерде радиоактивті фон өте жоғары болған.

Бұл жайт елде антиядролық қозғалыстың құрылуынан серпін берді, оны қоғам қайраткері, ғалым әрі ақын Олжас Сүлейменов басқарды.

1989 жылдың маусымында Мәскеуде КСРО депутаттарының съезінде Олжас Сүлейменов ұйымның мақсаты мен талаптарын жария етті. «Невада-Семей» қозғалысының жарғысында екі негізгі мақсат белгіленді: полигонды жабу және зардап шеккен халықты оңалту мен қоршаған ортаны сауықтыру. Бірінші мақсат орындалды. 1989 жылы 17-19 шілдеде Семейде өткен өңіраралық ғылыми-тәжірибелік конференция комиссия құрып, зерттелген құжаттар мен тұрғындар мәліметі негізінде полигонды жабу қажеттігін нақтылады.

Қозғалыс көптеген наразылық акцияларын, митингілерді қйымдастырды. Полигонда кезекті жарылыс болғаннан кейін, 1989 қазанда Мәскеуде Қорғаныс министрлігі ғимараты алдында митинг өтті. Қазан айында қозғалысты қолдап Қарағанды шахтерлері шықты. 1989 жылы 19 қазанда Семей полигоны аумағында соңғы жарылыс жасалды. Осының салдарынан Мәскеуде, Алматыда, Қарағандыда, Павлодарды, Семейде, Абай ауданындағы Қарауыл ауылында митингілер толқынына ұласты, онда полигонды жабу талап етілді.

1989 жылы 23 қазанда Жоғарғы Кеңестің сессиясында Олжас Сүлейменов халықтық мораторий туралы, яғни кез келген сынақ Қазақстанда жаппай ереуілге ұласатынын хабарлады.

1989 жылдың 14 қарашасында Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесі КСРО Үкіметі мен Жоғарғы кеңесіне полигондарда ядролық сынақтарды шұғыл арада тоқтату туралы үндеу жолдады.

1989 жылдың 27 қарашасында КСРО Жоғарғы Кеңесінің қаулысы қабылданып, ел үкіметіне «Семей полигонын жабу туралы» мәселені қарастыру тапсырмасы қамтылды.

1990 жылдың көктемінде «Невада-Семей» қозғалысының бастамасы бойынша АҚШ-та, Ұлыбританияда, Жапнияда, Германияда және Қазақстанда «Әлем толқыны» ұранымен бірлескен акциялар өткізілді. 1990 жылдың 3-4 сәуірінде «Экология-Адам-Табиғат» ғылыми конференциясына антиядролық қозғалыстың белгілі ғалымдары мен белсенділері қатысты.

1990 жылы 22 мамырында Жоғарғы Кеңес республикалық деңгейде «Семей полигонын жабу туралы» қаулысын қабылдады.

Бұл тұрғыда мемлекеттік деңгейде ядролық сынақтарды тоқтату бойынша елеулі қадамдар жасалды. 1990 жылдың 25 қазанында Қазақстанның Жоғарғы Кеңесінде қабылдаған «Мемлекеттік егемендік туралы» Декларацияда «Республика территориясында ядролық қарудың сыналуына, жаппай қырып-жоятын қарудың өзге де түрлері (химиялық, бактериологиялық, биологиялық және басқалар) үшін сынау полигондарын салуға және олардың жұмыс істеуіне тыйым салынады» деп көрсетілген.

«Невада-Семей» қозғалысының қатысушылары халықаралық аренада белсенді іс-қимылдарды жалғастыра берді. Қазақстанның көптеген қалалары мен аймақтарында, сондай-ақ Ресей, АҚШ, Италия, Жапония, Түркия және басқа да елдерде ұйымның бөлімшелері құрылды.

Ядролық қаруды толықтай жабуға Қазақ КСР Президенті Н.Ә. Назарбаевтың 1991 жылы 29 тамызда қол қойған «Семей ядролық полигонының жабылуы туралы» Жарлығы негіз болды.

2009 жылғы 30 қазанда Қазақстан БҰҰ Бас Ассамблеясының Бірінші комитетіне 29 тамызды Бүкіләлемдік ядролық қарудан бас тарту күні деп жариялауды ұсынды. Қарардың бірлескен авторлары 26 мемлекет болды. Оның ішінде Армения, Беларусь, Бразилия, Катар, Қырғызстан, Моңғолия, Араб Әмірлігі, Тәжікстан, Түрікменстан, Жапония және басқа елдер бар. Ұсыныс бірауыздан қолдау тауып, БҰҰ Бас Ассамблеясы бұл күнді өз күнтізбесіне енгізді. Содан бері 29 тамыз Ядролық қарудан бас тартудың халықаралық күні ретінде атап өтіледі.

Атаулы датаға 29 тамыздың таңдап алынуы да бекер емес. ҚР Президентінің 1991 жылғы 29 тамыздағы Жарлығымен Семей ядролық полигоны жабылған еді. 1949 жылдан бері қазақ даласын улап келген полигонның жабылуы кейін адамзат үшін тарихи оқиға деген баға алды.


Соңғы жаңалықтар