32 мыңнан аса отбасы жалға берілетін және кредиттік пәтермен қамтамасыз етіледі

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – 32 мыңнан астам отбасы жалға берілетін және кредиттік пәтермен қамтамасыз етіледі. Бұл туралы Үкімет отырысында «Нұрлы жер» бағдарламасының іске асырылуын талқылау кезінде ҚР Премьер-Министрі Асқар Мамин мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Кредиттік тұрғын үй бойынша 9 өңір ғана облигация шығаруға дайын, яғни Алматы, Жамбыл, Қостанай, Қызылорда, Түркістан, Шығыс Қазақстан облыстары және Нұр-Сұлтан, Шымкент, Алматы қалалары. Ал қалған өңірлер бұл бағыт бойынша жұмысты ұйымдастырмаған», - деп тоқталды А. Мамин Үкімет отырысында.

Оның сөзіне қарағанда, жалға берілетін үйлердің құрылысын қаржыландыру төрт өңірден басқа барлық облыстарда уақытында жүргізілуде. Батыс Қазақстан, Жамбыл облыстары мен Нұр-Сұлтан, Алматы қалалары бұл рәсімдерді кейінге қалдырып өткізбеген.

Осы орайда Үкімет басшысы әкімдерге құрылыстың қарқынын жылдамдатуды, жоспарланған мерзімдерге сәйкес құрылысты аяқтауды тапсырды.

Бұдан бөлек, А. Мамин «Нұрлы жер» бағдарламасының әлеуметтік бағытына тоқталды.

«Биыл халықтың әлеуметтік жағынан осал топтары, аз қамтылғандар, жастар және бюджеттік ұйымдар қызметкерлері санатынан 32 мыңнан астам отбасыны жалға брілетін әрі кредиттік пәтермен қамтамасыз ету жоспарланған. Осы ретте Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігіне әкімдіктермен бірлесе осы санаттағы адамдарға тұрғын үй құрылысын толық көлемде қамтамасыз етуді тапсырамын», - деді Премьер-Министр.


Соңғы жаңалықтар