313 мың салымшы зейнетақы жинақтарының бір бөлігін пайдаланды

None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Зейнетақы жинақтарының бір бөлігін алу бойынша 1,4 трлн теңгеге 313 мың өтініш мақұлданды. Бұл туралы халыққа есеп беру кездесуінде ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Серік Шәпкенов айтып берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Министрдің айтуынша, 2021 жылдың басында алғаш рет азаматтарға зейнетақы жинақтарын тұрғын үй жағдайларын жақсартуға, емделуге ақы төлеуге немесе жеке компаниялардың басқаруына беруге пайдалану мүмкіндігі берілді.

«Бүгінде зейнетақы жинақтарының бір бөлігін алу құқығын БЖЗҚ-ның 1 млн-ға жуық салымшысы пайдалана алады. 2021 жылғы 4 маусымдағы жағдай бойынша 1,4 трлн теңге сомасына біржолғы зейнетақы төлемдеріне 313 мың өтініш мақұлданды», - деді С. Шәпкенов.

2020 жылы міндетті әлеуметтік сақтандыру жүйесімен 6,3 млн жұмыс істейтін азамат қамтылған. 2020 жылғы 1 қаңтарда әлеуметтік сақтандыру жүйесінде зейнетақы жүйесі секілді еңбек өтілі мен әлеуметтік төлемдер мөлшерінің өзара байланысы күшейтілді.

«Нәтижесінде әлеуметтік қатерлер туындағанда әлеуметтік төлемдер мөлшері орта есеппен 50%-ға артты. Оның ішінде еңбек ету қабілетінен айрылу жағдайына төлемдердің өсуі 69%-ды, асыраушысынан айрылу – 41% және жұмысынан айрылу – 44%-ды құрады», - деп толықтырды Серік Шәпкенов.


Соңғы жаңалықтар