31 үй өртеніп, 2 адам қаза болды – ШҚО-да айыпты ер адамға үкім шықты

None
None
ӨСКЕМЕН. ҚазАқпарат – Шығыс Қазақстан облысы Риддер қаласында 30-дан астам тұрғын үй мен 276,4 гектар жердің өртенуіне кінәлі ер адам бас бостандығынан айырылып, одан 125 млн теңге шығын өндірілді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Бұған дейін хабарлағанымыздай, 2021 жылдың 10 мамырында Риддер қаласында ірі орман өрті шықты . Соның салдарынан 276,4 гектар орман, 31 тұрғын үй, 6 автокөлік отқа оранып, қалада төтенше жағдай жарияланды.

Тілсіз жауды ауыздықтауға барлығы 86 техника, 2 тікұшақ және 528 адам жұмылдырылған. 12 мамырда сағат 14.30-да сөндірілген қызыл жалын мемлекетке 252 миллион теңгеден астам материалдық залал келтірді. Өрттің шығуына – отты абайсыз қолдану себеп болған.

«Бүгін Риддер қалалық соты аталған фактіге қатысты ҚР Қылмыстық кодексінің 104-бабы 2-бөлігі, 204-бабы 2-бөлігіне сәйкес 36 жастағы айыпталушыға қатысты үкім шығарды. Іс материалдарында жазылғандай, ол отбасымен демалысқа шыққанда от жаққан. Кенет жан жаққа жайылып кеткен жалынды өз күшімен сөндіре алмай, сол жерден қашып кетті. Бұл алапат өрт шығып, 2 адамның көз жұмуына әкеліп соқты», - делінген ШҚО соты баспасөз қызметінің мәліметінде.

Сот шешімімен сотталушы 2 жыл 6 айға бас бостандығынан айырылды. Сондай-ақ 15 талап арыз қаралып, нәтижесінде айыпталушыдан 125 378 367 теңге шығын өндірілді. Үкім заңды күшіне енген жоқ.




Соңғы жаңалықтар