31 наурыз. Тұлғалар туған күн

None
АСТАНА. ҚазАқпарат – Бүгін, яғни 31 наурызда тұлғалардан кімдер дүниеге келген? ҚазАқпарат оқырмандарына есімдер күнтізбесін ұсынады.

ЕСІМДЕР

75 жыл бұрын(1948) композитор, Қазақ КСР еңбек сіңірген өнер қайраткері, Қазақстан Композиторлар одағы басқармасының мүшесі, ҚР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты Алмас Ермекұлы СЕРКЕБАЕВ дүниеге келді.

Алматы қаласында туған. 1966 жылы музыкалық мектепті, 1973 жылы Алматы консерваториясының (қазіргі Қазақ ұлттық консерваториясы) композиция (Ғ. Жұбанованың класы бойынша) бөлімін бітірген. 1973-1974 жылдары – осында стажер-зерттеуші, 1974-1978 жылдары – стажер-ассистент, 1982 жылдан Қазақстан Композиторлар одағының дыбыс жазу кабинетінің меңгерушісі болды. Симфониялық, аспаптық-камералық, вокалдық және эстрадалық жанрда еңбек етті. Оның камералық оркестрге арналған «Шалқыма» (1974), «Кербез» (1976), «Отырар» (1979), «Шертпе күй» (1982); «Хорлан», «Мәңгі өшпес даңқ» (1974) атты вокалдық шығармалары; «Ақсақ құлан» балеті (1975) мен «Маугли, менің бауырым» рок-опера-балеті (1982), т.б. бар.

Қазақстан Мемлекеттік сыйлығының иегері (1986).

56 жыл бұрын (1967) Жамбыл облысының әкімі Нұржан Молдиярұлы НҰРЖІГІТОВдүниеге келді.

1991 жылы Еңбек Қызыл Ту орденді Ленинград ауылшаруашылық институтын «Инженер-механик», 2008 жылы Жамбыл гуманитарлық техникалық университетін «Экономика» мамандықтары бойынша бітірген. Техника ғылымдарының кандидаты, Қазақ ұлттық аграрлық университетінің құрметті профессоры.

Еңбек жолын 1991 жылы Жуалы ауданы Максим Горький атындағы колхозында механик болып бастаған.
Әр жылдары Төле би атындағы агробірлестіктің бас инженері, Жуалы ауданы әкімі аппаратының маманы, бас маманы, бөлім меңгерушісі, Жуалы ауданы әкімдігінің кәсіпкерлік бөлімінің басшысы, Жамбыл облысы әкімі аппаратының бас инспекторы, бөлім меңгерушісі, Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Жамбыл облысы бойынша департаменті басшысының орынбасары, басқарма басшысы, Жамбыл облысы әкімдігінің ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы, Жамбыл облысы әкімдігінің табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының басшысы қызметтерін атқарған. Байзақ ауданы әкімі қызметін атқарды. 2021 жылдың сәуір айынан бүгінге дейін Жамбыл облысы әкімінің орынбасары болып келді.

Қазіргі қызметінде – 2022 жылдың сәуірінен.

54 жыл бұрын (1968) Қазақстан Республикасы Қарулы Күштері жоғары қолбасшылығының өкілі, генерал-лейтенант Талғат Жеңісұлы ЖАНЖҮМЕНОВ дүниеге келді.

Шығыс Қазақстан облысының Ұлан ауданы Асубұлақ ауылында дүниеге келген. 1989 жылдан бастап Батыс әскері тобында қызмет етті. 1993 жылдан бастап ҚР ҚК-інде тыл құрылымдарында әртүрлі қызметтер атқарды. 1999 жылы РФ Қорғаныс министрлігінің Тыл және көлік әскери академиясын үздік және алтын медальмен бітірді, одан кейін ҚР ҚК Бас штабның Тылмен қамтамасыз ету департаментінің, кейіннен ҚР ҚМ Тыл департаментінің тыл басқармасының азық-түлік қызметінің бастығы болды. 2010-2013 жылдары – ҚР Қорғаныс министрінің орынбасары, 2013-2014 жылдары – ҚР Қорғаныс министрлігі Әскери-техникалық саясат департаментінің бастығы, 2014-2015 жылдары – ҚР Президент Әкімшілігі Қауіпсіздік кеңесі хатшылығы меңгерушісінің орынбасары, 2015-2016 жылдары ҚР Қауіпсіздік Кеңесінің Әскери қауіпсіздік және қорғаныс бөлімінің меңгерушісі қызметін атқарды. 2016-2019 жылдары – ҚР Қорғаныс министрінің орынбасары. 2019 жылдың сәуір-шілде айларында цифрлық даму, қорғаныс және аэроғарыш өнеркәсібі бірінші вице-министрі болды. 2019-2021 жылдары – ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму экс-вице-министрі.2010 жылғы 7 мамырда генерал-майор атағы берілді.

40 жыл бұрын(1983) ҚР Қорғаныс және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі Аэроғарыш комитетінің төрағасы Баубек Жеткергенұлы ОРАЛМАҒАМБЕТОВ дүниеге келді.

Ақтөбе облысында туған. Мәскеу авиация институтын бітірген.

Еңбек жолын 2006 жылы М.В. Хруничев атындағы мемлекеттік ғарыш ғылыми-өндірістік орталығында инженер-конструктор болып бастаған. 2010–2012 жылдары «Бәйтерек» Қазақстан–Ресей бірлескен кәсіпорны» АҚ өкілдігінде бас маман, бөлім басшысы болды. 2012–2014 жылдары — ҚР Ұлттық ғарыш агенттінің Ғарыш қызметін дамыту департаментінің директорының орынбасары; директоры. 2014–2015 жылдары — ҚР Инвестициялар және даму министрлігінің Аэроғарыш комитетінің Жобаларды сүйемелдеу басқармасының басшысы. 2015–2016 жылдары — «Ғалам» ЖШС бас директоры. 2016–2017 жылдары ҚР Қорғаныс және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігінің Аэроғарыш комитеті төрағасының міндетін атқарған. 2017 жылғы мамырдан бастап 2019 жылға дейін – ҚР Қорғаныс және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігінің Аэроғарыш комитеті төрағасының орынбасары лауазымын атқарған.

Қазіргі қызметінде 2019 жылдың мамыр айынан бастап еңбек етеді.

34 жыл бұрын (1989) Қазақстан Республикасы Президентінің Әкімшілігі Басшысының орынбасары – Президенттің Баспасөз хатшысы Руслан Сұлтанұлы ЖЕЛДІБАЙ дүниеге келді.

2010 жылы Т.Рысқұлов атындағы Қазақ экономикалық университетін бітірген. «Болашақ» халықаралық білім беру бағдарламасының түлегі. 2017 жылы Уорик университетінің (Ұлыбритания) магистратурасын тәмамдаған.

2011-2012 жылдары – «Қазақстан» ұлттық телеарнасында редактор, 2012-2018 жылдары – «Алматы» телеарнасында бөлім басшысы, продюсер, 2018-2019 жылдары – ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің Ақпарат комитеті Интернет кеңістікте және әлеуметтік желілерде ақпараттық жұмыс жүргізу басқармасының басшысы, 2019-2020 жылдары – ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің Ақпарат комитеті төрағасының орынбасары, 2020 жылдың мамыр айынан 2022 жылдың ақпан айына дейін – ҚР Президент Әкімшілігі Ішкі саясат бөлімі меңгерушісінің орынбасары, 2022 жылдың ақпан айынан сәуір айына дейін – ҚР Премьер-Министрі Кеңсесі басшысының орынбасары, 2022 жылдың сәуір айынан 2023 жылдың қаңтар айына дейін – Қазақстан Республикасы Президентінің Баспасөз хатшысы.

Қазіргі қызметінде - 2023 жылдың қаңтарынан.


Соңғы жаңалықтар