31 мамыр. ҚазАқпарат күнтізбесі

None
АСТАНА. ҚазАқпарат – Оқырман назарына 31 мамырға арналған атаулы күндер мен есте қалар оқиғалар күнтізбесін ұсынамыз.

АТАУЛЫ КҮНДЕР

Саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарын еске алу күні

Сталиндік-советтік режім кезінде жазықсыз құрбан болғандарды еске алу мақсатында жыл сайын атап өтіледі. ҚР Президентінің осы атаулы күнге қатысты қаулысы 1997 жылдың 5 сәуірінде қабылданды. 1920 жылдардың басында қолдан ұйымдастырылған, кейіннен 1927-1929 жылдары «асыра сілтеу болмасын, аша тұяқ қалмасын» деген ұранмен жүзеге асырылған ашаршылық Қазақстанда ғана емес Ресей, Украина, Беларусь жерлерінде 7 миллион адамның өмірін жалмады.

Оның ішінде Қазақстанда ең кемінде 1,5 миллион адам аштықтан ажал құшты деген дерек бар. Бұдан бөлек, Қазақстанда саяси қуғын-сүргін нәубеті 1928 жылдың ортасында Алаш қозғалысына қатысқан қайраткерлерді тұтқындаудан басталды. Оларға «буржуазияшыл-ұлтшыл» деген айып тағылды.

Олар әртүрлі мерзімге түрмеге қамалды, ату жазасына кесілді, еріксіз жер аударылды. Ұлт қайраткерлеріне негізінен СССР-ды құлату үшін жасырын контрреволюциялық ұйымдар құрды деген заңсыз жала жабылды. Сонымен қатар молдалар мен діндарларды «басқаша, бөтен ойлайтындар» деп айыптады.

Кей мәлімет бойынша, Қазақстанда 103 мың адам қуғын-сүргінге ұшырап, 25 мың адам ату жазасына кесілген. Тәуелсіз Қазақстан тарихында алғаш болып қабылданған заңдардың бірі - 1993 жылғы 14 сәуірдегі «Жаппай саяси қуғын-сүргін құрбандарын ақтау туралы» ҚР Заңы болды.

Дүниежүзілік шашыраңқы склерозбен күрес күні

Жыл сайын мамырдың соңғы сәрсенбісінде аталып өтіледі. Алғаш рет 2009 жылы атап өтілген. Халықаралық шашыраңқы склероз федерациясының бастамасымен бекітілген. Мақсаты – ең жиі кездесетін неврологиялық аурулардың бірі туралы ақпаратты тарату және онымен күресуге күш біріктіру. Атаулы күннің негізгі міндеті – шашыраңқы склероз мәселесіне халықаралық деңгейде назар аударту, шашыраңқы склерозбен өмір сүретін адамдарға, олардың отбасына көмек көрсету, сонымен қатар осы ауруды зерттеу үшін қаражат жинау.

Дүниежүзілік темекіден бас тарту күні

Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы 1988 жылы 31 мамырды Дүниежүзілік темекіден бас тарту күні деп жариялады. Әлемдік қауымдастық алдына ХХІ ғасырда темекі тарту мәселесін жоюға қол жеткізу міндеті қойылды.

ЕСТЕ ҚАЛАР ОҚИҒАЛАР

1925 жылы Қызылордада Қазақстан кәсіподағының алғашқы съезі өтті.

2001 жылы ЕурАзЭҚ құру туралы шарт күшіне енді. Оның басты міндеті мүше мемлекеттердің сауда-экономикалық, әлеуметтік-гуманитарлық және құқықтық салалардағы өзара байланыстарын одан әрі тереңдетуге қажетті жағдай жасау болды.

2002 жылы Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаев саяси-қуғын сүргін құрбандарына арналған ескерткішті ашты. Ескерткіш XX ғасырдың 30-шы жылдарында тұтқындарды жаппай ату орны болған Жаңажол елді мекенінде орнатылған. Жалпы 1930-1953 жылдары аралығында 40 миллионнан астам совет азаматы репрессияға ұшыраған.

Әсіресе Совет Одағы құрамында болған барлық халықтар мен ұлттардың бетке ұстар интеллигенция өкілдері бұл заңсыз жазалауға көп ұшыраған. Осы кезеңде еліміздегі қазақтардың 40 пайызы қырылды.

Ал Қазақстан аумағында орналасқан лагерлерге корейлер, поляктар, Еділ немістері, Қырым татарлары, Кавказ халықтары және басқа да ұлт өкілдері күштеп қоныстандырылды.

2005 жылы «Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Мемлекеттік қызмет академиясы», «Қазақстан Республикасының Жоғарғы соты жанындағы Сот академиясы» мемлекеттік мекемелерін біріктіру және «Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті» РМҚҚ Дипломатия академиясы функцияларын беру жолымен Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы Мемлекеттік басқару академиясы құрылды.

2007 жылы Ақмола облысы Целиноград ауданындағы Ақмол ауылында саяси қуғын-сүргін құрбандарына арналған «Алжир» мемориалдық-музей кешені ашылды.

2010 жылы елордадағы ҚР Ұлттық академиялық кітапханасында «Алашорда» деректі фильмі көрсетілді. Ол «Алаш» партиясы басшыларының өмірі мен қызметіне арналған.

2011 жылы Ыстанбұлда Қазақстан тәуелсіздігінің және ҚР мен Түркия арасындағы дипломатиялық қарым-қатынастың орнатылғанына 20 жыл толуына орай фотокөрме ашылды.

2011 жылы Қарағанды облысында саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу күні Долинка ауылындағы бұрынғы КарЛАГ басқармасының ғимаратында тарихи музей ашылды. Оның ашылу салтанатына қуғын-сүргін құрбандарының ұрпақтары шақырылды. Шараға Қарағанды облысына Шешенстан мен Ингушетиядан қоныс аударылған делегация мүшелері де қатысты.

2012 жылы Астана қаласындағы Республика даңғылы мен Абай даңғылының қиылысында «1932-1933 жылдардағы ашаршылық құрбандарына тағзым» монументалдық-скульптуралық композициясының салтанатты ашылуы болды.

2015 жылы Астанада «Аманат» тарихи фильмінің премьерасы өтті. Ол Қазақстан мен Орта Азияның белгілі тарихшысы Ермұхан Бекмахановқа арналған.

2016 жылы Буэнос-Айрес, Лиссабон, Берлин, Новосібір және Екатеринбург қалаларында өткен алты халықаралық сыйлықтың иегері скрипкашы Ержан Құлыбаев Нью Йоркте I Халықаралық Manhattan Music байқауында «Ішекті аспаптар» номинациясы бойынша бірінші сыйлықты алды. Ол, сонымен қатар, Познаньдегі Генрик Венявский атындағы скрипкашылар байқауының лауреаты.

2017 жылы Қазақстан Республикасы Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымының Білім беру комитетінің мүшесі болды. Оған Қазақстандағы білім беру саласында атқарылған ауқымды жұмыстар - жаңа білім мазмұнының енгізілуі, үш тұғырлы тіл саясатының қарқынды дамуы, 12 жылдық білім беру, т.б. жол ашты.

2017 жылы Қазақстанда саяси қуғын-сүргін құрбандарының ең үлкен электронды дерекқоры іске қосылды. Дерекқорға 200 мыңға жуық адамның аты-жөні жазылды. Оған Ұлттық қауіпсіздік комитетінің архиві ұсынған деректер, «Азалы кітап» көп томдығының және өңірлік архивтердің деректері енгізілді.

2018 жылы Қарағанды облысындағы Спасск мемориалдық кешенінде қуғын-сүргін құрбаны болған ирандықтар мен чехтарды еске алу белгілері орнатылды. Осыған орай өткізілген реквием-митингіге Иран, Чехия, Венгрия, Румыния, Финляндия елдерінің дипломатиялық миссияларының басшылары қатысты.

2018 жылыҚазақстанда көмірсутекті барынша аз пайдаланатын инвестициялық жобаларға қолдау көрсету және оларды іс жүзіне енгізу әрі әлеуетті инвесторларды жұмылдыру мақсатында «Жасыл» технологиялар және инвестициялық жобалар халықаралық орталығы ашылды.

2019 жылы Қарқаралы қаласында Абайдың ескерткіші қойылды. Мүсінші ұлы ақын мен ойшылды әкесі Құнанбайдың қасына қойып мүсіндеген. Ескерткіш мыстан жасалған, биіктігі – 4 метрден асады.

2022 жылы өткен ғасырдағы ашаршылық құрбандарына ескерткіш Қазақстан Тәуелсіздігінің 10 жылдығы атындағы Қарағанды этнопарк аумағында «Әнет баба» мешітінің жанында орнатылды.

Ол аштықты бейнелейтін жабық қазанның бейнесін құрып тұрған ер мен әйелдің жапсарлас фигуралары түрінде жасалған.

Мүсін авторы – қазір Германияда тұратын Жармұхамбет Тілеген. Шебер бұл үшін тарихи отанына арнайы келіп, мұнда алты ай тұрған.


Соңғы жаңалықтар