31 мамыр - Дүниежүзілік темекіге қарсы күрес күні

None
None
ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат - Бүгін - Дүниежүзілік темекіге қарсы күрес күні, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

1988 жылы Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының бастамасымен қолға алынған дәстүрлі шара биыл «Темекі және өкпе аурулары» тақырыбына арналды.

Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры баспасөз қызметінің мәліметі бойынша, қазіргі таңда әлемдегі әрбір төртінші еркек пен әрбір жиырмасыншы әйел никотинге тәуелді. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы мен көптеген елдер онымен барынша күресіп келеді. Алайда, темекі бағасын көтеру, темекі өнімдерін жарнамалауға тыйым салу, тіпті, қоғамдық орындарда шылым шегуді шектеу де әзірге оң нәтиже бермей тұр.

Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы мәліметінше, жыл сайын әлемде 7 миллион адам темекі салдарынан көз жұмады. Соның 890 мыңға жуығы - өзгелер шеккен шылымның түтініне уланғандар. Олардың арасында темекі өсіретін елдерде тұратын балалар да бар. Яғни, жұрттың тартқан шылымынан жүрек-қан тамыры, жүректің ишемиялық ауруы, өкпе, өңеш, асқазан обыры сынды аурулар пайда болады.

Ресми статистикаға сүйенсек, елімізде жыл сайын ауруханаға түсетін тұрғындардың 68 пайызы немесе 2 миллионға жуық адам - шұғыл жеткізілгендер. Әрбір оныншы адам өміріне қауіп төнбейінше емдеу мекемелерінің табалдырығынан аттамайды. Ал, өлім-жітім жағынан алғашқы орында тұрған жүрек-қан тамыры аурулары, тыныс алу органдары аурулары мен қатерлі ісіктің қай-қайсысы да - шылымқорлық салдарынан болатын дерттер.

Мамандардың айтуынша, темекі шегетіндер үшін жүрек пен өкпені тұрақты бақылауда ұстаудың маңызы зор. Оның үстіне, мемлекет халыққа жәрдем ретінде кепілдендірілген тегін медициналық көмек пакетін ұсынады.Аталған пакетке жалпы практика дәрігерінің қабылдауы мен консультациясы, көздің көру қабілеті мен көз қысымын тексеру, қандағы холестерин, глюкоза деңгейін тексеру үшін қан тапсыру, электрокардиограмма, флюорография, спирография сынды қызметтер кіреді. Организмде шылымның салдарынан болып жатқан өзгерістер мен ауытқуларды осы процедуралар арқылы ертерек анықтауға болады.

Мемлекеттік тапсырыс шеңберінде көрсетілетін кепілдендірілген медициналық көмекті Қазақстанда тұратын әр азамат пайдалана алады. Бюджет қаражаты есебінен көрсетілетін көмек профилактикалық, диагностикалық және емдік қызметтерден тұрады.

Биыл денсаулық сақтау саласын қаржыландыруға қазынадан 972,7 млрд теңге бөлінді. Оның басым бөлігі профилактикалық шараларға жұмсалады.

Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры баспасөз қызметінің мәліметінше, тегін медициналық көмекті мемлекеттік қана емес, жекеменшік клиникалар да көрсетеді. Биыл елімізде мемлекеттік тапсырысты орындап жатқан 1403 медицина ұйымының 701-і - жекеменшік. Өткен жылмен салыстырғанда олардың саны 57-ге көбейген. Ал, мемлекеттік тапсырысты орындауға құлшыныс білдірген жеке субъектілердің саны жағынан Шымкент, Нұр-Сұлтан, Алматы қалалары мен Қызылорда, Жамбыл облыстары көш бастап тұр.

Соңғы жаңалықтар