31 қаңтар. ҚазАқпарат күнтізбесі

None
АСТАНА. ҚазАқпарат – ҚазАқпарат оқырмандарына 2023 жылғы 31 қаңтарға арналған атаулы күндер, есте қалар оқиғалар күнтізбесін ұсынады.

АТАУЛЫ КҮНДЕР

Халықаралық зергерлер күні

Ежелгі Грекия зергерлік өнердің отаны болып саналады. Асыл тастар алғаш өңделіп, ең сәнді әшекей бұйымдар осы жерде жасала бастаған. Ежелгі шеберлердің қолынан шыққан бұл туындылар бүгінгі күнге дейін ең ғажайып туындылар қатарында.

ЕСТЕ ҚАЛАР ОҚИҒАЛАР

1991 жылы Қазақ КСР Министрлер Кеңесінің қаулысымен Өскемен педагогикалық институтының атауы Шығыс Қазақстан мемлекеттік университеті болып өзгерді.

1997 жылы Алматы темір жолы басқармасы мен Целинный темір жолы басқармасы және Батыс Қазақстан темір жолы басқармаларының бірігуі арқылы «Қазақстан темір жолы» мемлекеттік мекемесі құрылды. Қосылу мақсаты – тасымалдау басқармасы құрылымын тиімді ету және теміржол саласының қаржылық-экономикалық жағдайын жақсарту.

2006 жылы басқаруына ұлттық компаниялар мен республикалық мекемелердің мемлекеттік үлесі берілген «Самұрық» Ұлттық холдингтік компаниясы» АҚ құрылды.

2007 жылы Алматыда кешенді ғылыми-техникалық «Қазақстан Республикасының Ұлттық атласы» және «Қазақстан Республикасы» атты монография жарыққа шықты. Бұл еңбектердің әрқайсысы 3 томнан тұрады. Атластың 1-томы табиғи-ресурстық ахуалға арналған. Атластың әлеуметтік-экономикалық ахуалға арналған 2-томында еліміздің халқы, әлеуметтік саласы, туристік орындары, ауыл шаруашылығы, аумақтардың әлеуметтік-экономикалық саласы, сыртқы экономикалық байланыстар, тарихы және археологиясына қатысты 116 карта берілген. Ұлттық атластың 3-томынан еліміздің табиғи-шаруашылық жүйелерінің экологиялық жағдайына арналған 89 картамен танысуға болады.

2008 жылы Алматыда Мұқағали Мақатаев атындағы жаңа сыйлық тағайындалды. Ол Мұқағали мұраларын насихаттауға үлес қосқан және ғылыми-зерттеу жұмыстарына атсалысқан шығармашылық өкілдеріне беріледі.

2011 жылы Алматы қаласындағы «Медеу» спорт кешенінің оңтүстік бөлігінде «Қар барысы» саябағы ашылды. «Мәдени Азиада» бағдарламасының аясында жүзеге асырылған жаңа ойын-сауық нысаны Алматы тұрғындары және қала қонақтары арасында салауатты өмір салтын насихаттау үшін құрылды.

2012 жылы Алматыда тұңғыш рет Мағжан Жұмабаевтың «Табалдырық. Манифест» кітабының баспа нұсқасы шықты.

2013 жылы әл-Фараби атындағы ҚазҰУ «Таллорес» Халықаралық жоғары білім институттары қауымдастығының қатарына қабылданды.

2013 жылы қазақстандық Әли Аманбаев БҰҰ Дамыту бағдарламасында мүмкіндігі шектеулі жандардың өз құқықтары үшін күресуінде жетістіктің үздік жолын көрсеткені үшін марапат алды. Марапатты Нью-Йоркта 2013 жылғы директорлар кеңесінің сесиясында БҰҰ Дамыту бағдарламасының әкімшісі тапсырды.

2017 жылы ҚР Ұлттық банкі ҚР Ұлттық Олимпиада комитетінің 25 жылдығына арналған номиналы 100 теңгелік ескерткіш күміс монеталарды айналымға шығарады. Монета 925 сынамды күмістен жасалған, массасы – 31,1±0,31 г, диаметрі – 38,61 мм, дайындау сапасы – proof, таралымы – 1 мың дана.

2018 жылы Қазақстан Халықаралық азаматтық авиация ұйымының (ICAO – International Civil Aviation Organization) авиациялық қауіпсіздік бойынша аудитінен табысты өтіп, халықаралық стандарттарға сәйкестігінің жоғары деңгейін растады. ИКАО аудиті – мемлекеттің азаматтық авиация саласының қауіпсіздік жүйесін бағалауда объективті құралдардың бірі.

2020 жылы Словакия Республикасы Ғылым Академиясының орталық кітапханасында Абай шығармаларының 40 басылымы, сондай-ақ оның өмірі мен қызметіне арналған жұмыстар табысталды. Іс-шара философ, композитор, саяси қайраткер, ақын, ағартушы, аудармашы, қазақ жазба әдебиетінің негізін қалаушы және оның алғашқы классигі, орыс және еуропа мәдениетімен жақындасу рухындағы мәдениетті реформалаушы Абайдың 175 жылдығын (1845-1904) мерекелеу шеңберінде өтті.

2020 жылы Қазақстанның Халықаралық қатынастар жөніндегі кеңесі әлемнің талдау орталықтарының жаһандық рейтингіне енді. Халықаралық қатынастар жөніндегі кеңестің (КАСМО) жыл сайынғы «2019 жылы Орталық Азиядағы ең маңызды 10 оқиға» атты аналитикалық шолуы 2019 жылғы» саяси зерттеулер саласындағы үздік баяндама «санатындағы әлемдегі ең үздік талдамалық жұмыстардың бірі болып танылды.


Соңғы жаңалықтар