300 күнде 60 ел: Үндістандық саяхатшылар автостоппен Қазақстанға жетті

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Үндістандық саяхатшылар Правин Мехта мен Судхир Балдота автостоппен әлем елдерін аралап жүр. 300 күнде 70 мың шақырымды еңсеруге бел буған саяхатшылар бүгін ат басын Қазақстанға тіреді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Бұл біздің Қазақстанға алғаш келуіміз. Мақсатымыз - әлемнің 60 елін автостоппен аралау. Саяхатымыз өз Отанымыз - Үндістаннан басталып, Оңтүстік Азия, Қытай және Орталық Азияға жалғасты. Қазақстаннан соң Ресейге, одан әрі Еуропаға барамыз. Соңғы аялдамамыз Латын Америкасы мен АҚШ болмақ. Шынын айтқанда, біз Орталық Азия елдері туралы көп біле бермейміз. Қазақстан өз кезегінде бізді таңғалдырды. Өте әдемі және кең жазиралы ел. Сіздердің далалық жазықтарыңызды сөзбен жеткізу мүмкін емес. Адамдар да қарапайым және қонақжай. Бізді танымайтын адамдар жылы шыраймен қарсы алды. Саяхатымыздың ең ұзақ уақыты Қазақстанда өтті», - деп өз әсерімен бөлісті Правин Мехта.
null

Оның айтуынша, саяхат биылғы жылдың сәуір айында басталды. Қазақстан тізімдегі тоғызыншы ел. Қырғызстаннан кейін Таразға, Алматыға, енді Нұр-Сұлтан қаласына табан тіреді.

«Бүгін саяхатымыздың 75-ші күні. Сіздердің елдеріңіз 9-шы ел болып отыр. Алда әлі 51 елді аралауымыз керек, жалпы 300 күннің ішінде 60 елді аралаймыз деп жоспар құрдық. Саяхатымыздың соңғы нүктесі Бразилия деп жобалап отырмыз. Біз бұны белсенді саяхат деп санаймыз. Және әр ел үшін арнайы бағдарламамыз бар. Болған жерімізде жергілікті адамдармен, елшілік және журналистермен әңгімелесіп, өз әсерімізбен бөлісеміз. Мақсатымыз - саяхат арқылы адамдарды шабыттандыру», - дейді ол.

Саяхатшылар елордада 3 күнге тоқтаған және олардың нақты жоспары бар. Оның ішінде Қазақстандағы Үндістанның Елшісімен, астаналық суретшілермен кездесу және Назарбаев Университетінің студенттерімен әңгіме-дүкен құру.
null

«Маған Алматы қатты ұнады. Керемет қала. Несімен ұнады десеңіз?! Дәмханада отырғанымызда адамдар бізге түсіністікпен қарап, жөн сілтеп, құрмет көрсетті», - деді П. Мехта.

Үндістандық меймандардың сөзіне сенсек, белсенді саяхатты олар осыдан 10 жыл бұрын бастаған. Яғни, алғаш өз елдерінен бастап, кейін саяхат географиясы кеңейе берген.

«Ұзақ жолдан шаршамайсыздар ма?» деген сұраққа: «Иә, өз үйімізді сағынамыз. Әрине, саяхаттау барысында демалуды да ұмытпаймыз. Дегенмен, бұл сауық құрудың ерекше түрі», - деп жауап берді.

Сондай-ақ, туристер Ресейден соң Еуропа елдеріне жол тартатынын, жалпы алғанда 300 күннің ішінде 70 мың шақырымды жүріп өтетіндіктерін жеткізді.

«Автостоп саяхатымызға қолдау көрсетушілер әртүрлі адамдар. Мысалы, автокомпания бізге өздерінің демо-автокөліктерін ұсынды, сондай-ақ «Rotary International» қайырымдылық ұйымы түрлі ұйым өкілдерімен кездесу ұйымдастыруда қолдауларын көрсетті. Яғни, қолдау білдіру дегеніміз тек қана қаржылай көмек көрсету деген сөз емес. Біз Қытай, Бангладешке барғанда тілдерін түсінбедік, олар да біздің тілді түсінбеді. Бірақ ым-шара арқылы бір-бірімізді ұғындық. Біз вегетариандармыз, әр елге барғанда ым-шарамен болса да түсіндіруге тырысамыз», - деді Правин Мехта.
null

Сонымен қатар, жолаушылар өздері саяхаттаған көп елдерде жол сапасының жақсы деңгейде екенін және Үндістанда жол сапасы проблемасының барын атты.

«Саяхатымыздың болашақ жоспарында Африка елдері бар. Біздің басты мақсат - түрлі ұлт өкілдерімен кездесіп, олардың мәдениеті мен дәстүрін танып, білу. Және өзіміз туралы айта отырып, олардың сұрақтарына жауап беру», - деді ол.

Соңғы жаңалықтар