30 жылға жуық тәжірибесі бар сүңгуір-құтқарушы: Су – тілсіз жау

None
Фото: Қызылорда облыстық Төтенше жағдайлар департаменті Өрт сөндіру және авариялық-құтқару жұмыстары қызметі
ҚЫЗЫЛОРДА. ҚазАқпарат – Қызылордалық Андрей Федосияди 1996 жылдан бері облыстық Төтенше жағдайлар департаментінде қызмет атқарады. Тосын жағдайға тап болғандарға қол ұшын созып, оларды құтқару бағытында тынбай тер төгіп келеді. Қай кезде де жауапкершілік, ыждағаттылық пен қауіпсіздікті қажет ететін мамандық иелерінің тыныс-тіршілігі қандай? ҚазАқпарат тілшісі осы орайда Қызылорда облысы Төтенше жағдайлар департаменті Жедел құтқару жасағы сүңгуір-құтқару бөлімінің бас құтқарушысы Андрей Федосиядиді әңгімеге тартқан еді.

- Андрей Юриевич, төтенше жағдайлар саласы мамандарының қызметі оңай емес. Қашан да азаматтарға қол ұшын созуға дайын жүру қажет. Бұл мамандықты таңдауыңызға не себеп болды?

- Бала кезімнен адамдарға көмектесуге асығатын едім. Сондықтан құтқарушы мамандығы қызықтыратын. Мектеп қабырғасында жүргенде аталған мамандықтың қыр-сырына қанығуға тырыстым. Ол жайында түрлі деректер іздеп, білімімді толықтырдым. Бұл мені құтқарушы мамандығына жетелеп алып келді. Небәрі 18 жасымда төтенше жағдайлар саласында сүңгуір құтқарушы қызметінде еңбек жолымды бастадым. 1996 жылдан бері аталған қызметте табан аудармастан жұмыс жасап келемін. Бала кезгі арманым орындалды. Қандай қиындықпен бетпе-бет келсем де оған еш қажыған жоқпын. Бұл мамандығыма деген қызығушылықтың әсерінен шығар.


- Жұмыс барысында қандай қиындықтар кездеседі?

- Бұл сала ешқашан жеңілдікті көтермейді. Төтенше жағдай туындаған сәтте бізге барлық жауапкершілік жүктеледі. Әрбір сәтті тиімді пайдаланып, адам өмірінің қауіпсіздігіне баса назар аударамыз. Қай кезде де зардап шегушілердің жағдайын түсініп, соған сай әрекет етуге күш саламыз. Біліміммен қатар, біліктілігімді жетілдіруге мән беремін. Тәжірибем де арта түсті. Қазіргі уақытта жұмыс барысында барынша тиянақты еңбек етуге көңіл бөлеміз.

Рас, тұрғындар арасында көп жағдайда қауіпсіздік шаралары ұмыт қалып жатады. Әсіресе, судың жағасында болған сәтте әрбір адам өз өміріне назар аударғаны орынды. Өкініштісі, азаматтар тарапынан кейде мұндай сақтық шараларына назар аудару ұмыт қалады. Оның салдары неге апарып соғатыны белгілі.

- Сүңгуір қызметін атқару барысында қандай қағидаға сүйенесіз?

- Басты міндетіміз - адам өміріне арашашы болу. Төтеннен келген оқиға кім-кімге де ауыр зардабын тигізеді. Қиындықпен бетпе-бет келеміз. Оған еш мойымаймыз. Бұл - біздің басты қағидамыз. Тәжірибелі маман кез келген сәтте өзінің кәсіби біліктілігін көрсетеді. Соның нәтижесінде адам өмірін сақтап қалуға мүмкіндік туып жатады. Адамдарға қуаныш сыйлап жатсақ, ол – біздің мақсатымыздың орындалғаны. Міне, менің сүңгуір мамандығын атқарып келе жатқаныма отыз жылға жуықтады. Қаншама оқиғаны бастан өткердік. Азамматтық қорғаныс заңына сүйеніп қауіпсіздік ережелерін естен шығармай, сақтап әркез жұмыс жасаймыз. Әріптестеріммен бірге жоғары деңгейде қызмет жасап, талай мәрте елдің алғысын арқаладық.


- Тұрғындарға судан сақтануға байланысты қандай ақыл-кеңес бересіз?

- Өз өмірін сақтау - әрбір адамның қолында. Өкініштісі, соған немқұрайлы қараудың салдарынан кейбір кісілердің өмірі келтеден үзіліп жатады. Кейде жас балалар қараусыз қалады. Соның салдарынан көз алдыңда жүрген баладан көз жазып қалуың ғажап емес. Жаныңа жақын адамнан айырылу кім-кімге ауыр зардабын алып келеді. Сондықтан жақынымызға жанашыр болайық. Төтенше оқиғаның алдын алуға ұмтылайық.

Айта кетерлігі, жылма-жыл облыста суға кету оқиғалары тіркеледі. Оқиғаның орын алу салдарына үңіліп көрсеңіз, тұрғындар арасында қауіпсіздік шаралары сақталмайтынын аңғару қиын емес. Ішкілік ішу салдарынан суға кету жағдайы болады. Сол себепті азаматтарға әрбір сәтте өз өміріңізге жауапкершілікпен қарасаңыз дегім келеді. Қысқасы, қауіпсіздік ережесін қай кезде де қаперде ұстаған дұрыс. От пен су дегеніңіз - айтып келмейтін апат, тілсіз жау.

- Азаматтар суға шомылған уақытында қандай қауіпсіздік ережесіне назар аударғаны жөн?

- Негізінде суда ұзақ шомылу шаршап-шалдығуға әкеп соғады. Осындай жағдайда немесе тоңсаңыз тез арада жағаға қайтуға кеңес беремін. Қай уақытта да сабыр сақтаған жөн. Егер өз күшіңізбен жағаға жете алмайтыныңызды сезсеңіз қол бұлғап, өзгелерді көмекке шақырғаныңыз артық емес. Суға шомылатын жерді, судың тазалығын, тереңдігін мұқият тексеріп алу - төтенше жағдайдың алдын алады. Негізінде тамақ ішкеннен кейін бірден шомылуға болмайды. Суға тек рұқсат етілген жерлер мен жағажайларда шомылған жөн.


- Әңгіме барысында қазақ тілінде таза сөйлейтініңізді аңғардық...

- Мен 1978 жылы дүние келгенмін. Биыл 45 жасқа толамын. Қызылордада ұзақ жылдан бері тұрамын. Әйелім, екі балам бар.

Жергілікті ұлт өкілдері арасында әріптестерім, достарым аз емес. Олармен қарым-қатынас барысында қазақша сөйлеуге тырысамын. Бұл менің қазақ тілін жетік меңгеруіме оң ықпалын тигізді.

Мен кезінде №13 кәсіптік-техникалық училищесінде білім алдым. Одан үш ай бойы сүңгуір мамандығы бойынша біліктілігімді арттырдым.

- Әңгімеңізге рақмет.


Соңғы жаңалықтар