30 жылдық тәжірибесі бар қарағандылық медбике: Мамандықты таңдағаныма өкінбеймін

None
None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Медицина саласында 30 жылдық тәжірибесі бар қарағандылық медбике Алшагүл Исабаева ҚазАқпарат тілшісіне өзінің жұмысы туралы әңгімелеп берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Алшагүл Исабаева – Жамбыл облысының тумасы. Теміртау қаласына 1985 жылы келген.

«Мен 1985 жылы Теміртау қаласында орналасқан медициналық училищиге оқуға түстім. Оқуды бітірген жылы мамандығым бойынша жұмысқа орналастым. Бала кезімнен медицина қызметкері болуды армандадым деп айта алмаймын. Музыкаға жақын болдым. Ән салғанды жақсы көретінмін. Әнші боламын деп ойладым (күлді). Менің басқа қалаға кету туралы шешім қабылдағанымда ата-анам қарсы болған жоқ. Сөйтіп, Теміртау медициналық училищесіне түстім. Бұл мекеме әлі жұмыс істейді. Ата-анам менің жақсы және пайдалы мамандық таңдағаныма қуанды. Олар біз сияқты үлкен отбасыға бір медицина маманы керектігін айтатын», - дейді кейіпкеріміз.

Ол алғашқы еңбек жолын Теміртау электрометаллургия комбинатында медбике болып бастады.

«Теміртау электрометаллургия комбинатында болашақ күйеумен таныстым. Ол да сол зауытта мастер болып жұмыс істейтін. Екеуіміз 1988 жылы шаңырақ көтердік. Зауытта 1995 жылға дейін жұмыс істедім. Кейін декреттік демалысқа шығып, үйде отырдым. Естеріңізде болса, 90-шы жылдар қиын болды. Жұмыс жоқ. Халық отбасын асырау үшін кез келген жұмысты істеуге әзір еді. Мен 2000 жылы Теміртау қаласындағы Наркологиялық диспансерге жұмысқа тұрдым. Сол жерде бас медбикеге дейін көтерілдім. 2012 жылдан бастап №4 қалалық емханада жұмыс істеймін», - деді ол.

Алшагүл Исабаева жұмыс барысында әртүрлі адамдармен кездескенін айтты.

«Мен көпбалалы отбасында өстім. Бізді ата-анамыз әрқашан адамдарға көмектесуге үйретті.Тіпті жұмыстан тыс уақытта маған адамдар медициналық көмекке жүгінетін. Мен көмектесуге әрқашан дайынмын әрі қуаныштымын. Көмек көрсету – кәсіби міндетім», - дейді ол.

Пандемия басталғалы мейірбикелердің жұмысы арта түсті. Теміртау сияқты шағын қалаға да медициналық қызметкер қажет болды.

«Пандемия басталған кезде бәріне дайын болдық. Жазда коронавирус өршіп, шарықтау шегіне жеткенде коронавирусқа шалдыққан науқастар жататын инфекциялық орталықта бір ай жұмыс істедім. Оңай болған жоқ. Жаз. Ыстық. Біз скафандрмен жүрдік. Қауіпті аймақта болдық», - деп еске алды ол.

Бүгінгі күні Алшагүл Исабаева өзінің негізгі жұмысымен қатар, коронавирус инфекциясын жұқтырған балаларды тексеретін мобильді топтың мүшесі.

«Біз шақырту түскен мекенжайларға барамыз. Қазір балалар жиі ауыра бастады», - дейді ол.

Оның айтуынша, әртүрлі медициналық мекемелерде жұмыс істеу арқылы мол тәжірбие жинаған.

«Менің еңбек өтілім – 30 жыл. Мен үнемі қатарда болдым, әлі де солай. Осы мамандықты таңдағаныма өкінбеймін. Адам өз жұмысын жақсы көретін болса, жұмыстағы кез келген қиындықты жеңе алады. Ең бастысы, еңбегіміз адамдарға пайда мен үміт әкелетінін ұмытпаумыз керек. Отбасыма да уақыт табамын. Менің үш балам және бес немерем бар», - деп түйіндеді ол.


Соңғы жаңалықтар