30 жылдан бері суармалы сусыз отырған ауылдарға су беріледі - Жамбыл облысы

None
None
ТАРАЗ. ҚазАқпарат - Жамбыл облысының Байзақ ауданында 30 жылдан бері суармалы сусыз отырған Абай және Бірлік ауылдары келесі жылдан бастап сумен қамтылатын болды, деп хабарлайды ҚазАқпарат ҚР Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Бұл туралы «Қазсушар» РМК Жамбыл облыстық филиалының директоры Қазыбек Бедебаев мәлімдеді. Оның сөзінше, қазіргі таңда Байзақ ауданында ұзындығы 21 шақырым 800 метрлік темір-бетонды су арнасы салынуда. «Бұл ұзақ жылдар бойы егінін суара алмай отырған шаруалардың мәселесін шешіп бермек»,- деді Қ. Бедебаев.

Қазыбек Бедебаевтың сөзінше, биылғы вегетациялық кезең сәуір айында басталған. Облыстың егінді алқаптарына суармалы судың 82 проценті трансшекаралық өзендерден келеді. Алайда, биылғы жылғы су тапшылығы біраз қиындықтар тудырған. Дегенмен «Қазсушар» РМК Жамбыл облыстық бөлімшесі облыс бойынша судың 550 млн текше метрі шаруаларға үлестірілді.


«Бұл тек Жамбыл облысында ғана емес, бүкіл Қазақстанда, Орта Азия елдерінде орын алып жатқан жайт. Көрші елдерде де су аз. Дегенмен «Қазсушар» РМК Жамбыл облыстық филиалының қызметкерлері ауылдарға кезекпен су беру арқылы су айналымын жасап, шаруаларға қажетті суын берді. Ауыл шаруашылығы басқармасының дерегі бойынша барлық шаруалар егіндерін жинап алды. Қурап қалған егін жоқ»,- деді Қ.Бедебаев.

Сондай-ақ, өңірде ескі желілер мен су нысандарын жаңарту жұмыстары қарқынды жүргізілуде. Жамбыл ауданында «Инженерлі-дренаждарды басқару бағдарламасының» екінші толқыны аясында шаруалар лоток каналы арқылы «техникалық жоғалтусыз» су алатын болады. Меркі ауданында да темір-бетонды арналар мен лоток каналдарының құрылысы қарқынды жүргізілуде.

Жалпы Жамбыл облысында 229,7 мың гектар суармалы жер бар. «Қазсушар» РМК Жамбыл филиалы соның 169,6 мың гектарына қызмет көрсетеді.

Шу-Талас бассейндік инспекциясы 2020 жылы 3 637,639 млн шаршы метр су тұтынуға рұқсат берген.


Негізінен су трансшекаралық Шу, Талас және Аса өзендерінен алынады. Соның ішінде 80 процентін көрші Қырғыз Республикасы береді. Сонымен қатар, ішкі кіші өзендер - Ақсай, Көксай, Қақпатас, Қарақоңыз, Меркі, Аспара арқылы да суарады.

2020 жылы «Қазсушар» РМК Жамбыл филиалы 2 475 ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілермен су жеткізу бойынша шарт жасасты. Оған сай 118,8 мың гектар суармалы жерге 1 025,0 млн текше метр сумен қамтуы тиіс болатын.

Алайда, сәуір мен қыркүйек аралығында, яғни вегетациялық кезеңде 79,66 мың га алаңға 550 млн текше метр көлемінде ғана су берілді.

«Қазгидромет» РМК биыл судың мөлшері жылдағыдан 15-40% төмен деп болжам жасаған болатын.


Мәселені шешу үшін филиал вегетациялық кезең басталғанға дейін облыстық және аудандық әкімдіктерге, сондай-ақ ауылшаруашылық тауар өндірушілеріне суармалы суды ұтымды пайдалану мен ылғал сүйетін дақылдарды аз егу және ылғал үнемдейтін технологияларды қолдану керектігін ескерткен. Бұдан бөлек, дақылдарды егу кезінде өндірістік алаңдарымен келісу туралы ұсыныс айтқан.

Суармалы су тапшылығының қазіргі жағдайын ескере келе, облыс және аудан әкімдіктерінің өкілдерімен бірге Қордай, Меркі, Жамбыл, Байзақ, Талас және Жуалы аудандарындағы ауылшаруашылық тауар өндірушілеріне түсіндіру жұмыстары жүргізілді. Су айналымы, түнгі және суарудың басқа түрлері бойынша кестелер жасалды. Бұл суды мейлінші тиімді пайдалануға мүмкіндік берді.


Соңғы жаңалықтар