30 жылда тілдеріңіз тұғырына шығып, халық ұлттық болмысына оралды – ЕО Орталық Азиядағы арнайы өкілі

None
None
БРЮССЕЛЬ. ҚазАқпарат – Еуропалық одақтың арнайы өкілі Петер Буриан 2015 жылдан бастап ЕО-ның Орталық Азиядағы саясатымен айналысады. Осы уақыт ішінде Қазақстан мен ЕО арасында саясат, экономика және әлеуметтік саласында бірнеше маңызды келісімдерге қол қойылды. Оқырман назарына «ҚазАқпарат» ХАА-ның Бельгиядағы меншікті тілшісінің П.Буриан мырзамен сұхбатын ықшамдап ұсынып отырмыз.

- Құрметті өкіл мырза, Қазақстандағы әлеуметтік желі қолданушылары сіздің Наурыз мерекесіне орай жолдаған құттықтауыңызды жылы қабылдады. Еуропалық одақ таяу уақытта Қазақстанда қандай жобаларды іске асыруды жоспарлап отырғанын айтып беріңізші?

-Тағы да құттықтауымды қабыл алыңыздар. Ұлыстың ұлы күні – Наурыз құтты болсын! Өкінішке қарай, мен сізддердің әдемі ұлттық тілдеріңізде әлі еркін сөйлей алмаймын. Бірақ мен барша қазақстандықтарға сәлем жолдаудың ең жақсы тәсілі туған тілінде лебіз арнау деп ойладым. Былтыр Қазақстанның Бельгиядағы елшісі Айгүл Құспанның ұйымдастыруымен ұлы ақындарыңыз Абай Құнанбайұлының мерейтойына арналған шараға қатысу құрметіне ие болдым. Сол шарада ақынның қара сөздерін қазақ тілінде оқып берген едім. .

Ғасырлар бойы, кейінгі 550 жылдан астам уақытта қазақ халқы бай мәдениеті мен ұлттық дәстүр-мұрасын сақтап, дамыта білді. Бұл қазіргі қазақ ұлтының берік іргетасы болды. Сіздер тәуелсіздік алған кейінгі 30 жылдың ішінде қазақ тілі мен өзіндік ерекшелігін одан әрі нығайтып, дамыта алдыңыздар.

Осы мүмкіндікті пайдалана отырып, Тәуелсіздіктің 30 жылдығымен құттықтап, ЕО екі арадағы достық пен серіктестікті нығайтуға, елдеріңіздегі жаңғыру және трансформация үдерістерін қолдауға, ниетті екеніне сендіргім келеді.

- Екі арадағы ынтымақтың аясын кеңейту жолында қазір қандай шаралар қабылданып жатыр?

- Қазақстан Республикасы өңірлік деңгейде де, жаһандық деңгейде де бейбітшілік пен тұрақтылықты қамтамасыз етуге маңызды үлес қосушы ел ретінде халықаралық аренада берік ұстанымдар мен беделге ие болды.

Біз екі арадағы ынтымақ пеқ әріптестікті жаңа сапалы деңгейге көтеруге мүдделіміз. Ол үшін осыдан былтырғы наурызда күшіне енген әріптестік пен ынтымақтастық туралы кеңейтілген келісімді пайдалана аламыз. Қазақстандағы өтпелі кезең саяси, экономикалық және әлеуметтік реформалар үшін кең мүмкіндіктер ашады. Соның ішінде алдыңғы жылдардың жетістіктеріне сүйене отырып, адам құқықтарын көтермелеу мен қорғауға басымдық беру маңызды. Бұл өзгеріс осыған дейінгі жетістіктерді нығайта түсетін бірден-бір жол.

ЕО құқық үстемдігін қалыптастыруға бағытталған тәжірибе алмасуды жалғастыруға және «Орталық Азиядағы құқық қорғау органдары» өңірлік бағдарламасы, ERASMUS plus, Horizon 2020 сияқты бағдарламалар арқылы көмек көрсетуге дайын.

Сондай-ақ, біздің сауда-экономикалық ынтымақтастығымызды нығайту үшін үлкен мүмкіндіктерді көріп отырмын.

- Ол қандай мүмкіндіктер?

- ЕО Қазақстанның алғашқы сауда серіктесі және негізгі инвесторлар болып саналады. Бірақ мен біздің ынтымақтастығымызды жақсарту мен әртараптандыру үшін әлі де үлкен кеңістік бар деп санаймын. Екіжақты деңгейде экономиканың бәсекеге қабілеттілігін арттыру үшін жаңа технологиялар мен шешімдер енгізе отырып, біздің компанияларды сіздің нарықтарыңызға тарту үшін көбірек мүмкіндіктер ашатын жоғары деңгейдегі бизнес платформасын құрдық. Түптеп келгенде, қазіргі COVID-19 дағдарысы және оның салдары бәрін басқаша жасауға, бәрін жақсартуға және экологиялық тазалықты қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Экономиканы тұтастай цифрландыруға, жасыл экономикаға көшуге және табиғи ресурстарды тізбекті экономиканы дамыту арқылы орнықты пайдалануға күш салу маңызды екенін уақыт көрсетті.

Біз осы проблемаларды бірлесіп шешу үшін өңіраралық ынтымақтастықтың жаңа платформасын – «ЕО ОА» экономикалық форумын іске қостық. Бірінші онлайн-форум өткен жылдың желтоқсанында өтті. Енді биыл күзде Бішкекте өтетін форумға дайындалып жатырмыз. Бұл платформаға IFCA, Ready $ Trade (15 млн доллар), Орталық Азиядағы тұрақты энергетикалық қосылу бағдарламасы (8 млн доллар), BOMCA 10 (2020-25) (22 млн еуро), WECOOP, CAWEP бағдарламалары, сондай-ақ апат қаупін азайту бағдарламасы сияқты қолданыстағы және болашақ өңірлік бағдарламалар қолдау көрсетеді.

Биыл Алматыда ЕО ОА азаматтық қоғамының үшінші форумы өтеді. Ол жиында азаматтық қоғамның пандемиядан туындаған мәселелерді шешудегі тәжірибесі, әсіресе қоғамның болашақ күйзелістер мен дағдарыстарға тұрақтылығын нығайту жолдары талқыланады.

- Елші мырза, сіз Қазақстанға жиі барасыз. Біздің өлкенің табиғаты дегенде ойыңызға ең әуелі не түседі?

- Орталық Азия өзінің ұлы тарихи ескерткіштерімен, әсем табиғатымен және бай мәдени мұрасымен туристік индустрияны дамытудың зор әлеуетіне ие. Еуроодақ туризмді ілгерілетудегі өңірлік ынтымақтастықты көтермелейтін «Жібек жолының мәдени мұра дәліздері» (4,4 млн.евро) өңірлік бағдарламасын жасай отырып, осы процесті қолдағысы келеді. Ол туристік салада, әсіресе ауылдық жерлерде жұмыс орындарын құруды қолдау үшін өте маңызды.

Экотуризм мен этнотуризм табиғатқа зиян келтірместен экономиканы дамытатын әлеуетке ие. Менің ойымша, туристік индустрияның тұрақты және экологиялық принциптерге сай дамуы Орталық Азиядағы экономикалық өсудің драйверлері бола алады. Өйткені тарихы, әсем табиғаты мен мәдениеті бар аймақ COVID-19 пандемиясынан кейін бүкіл әлемнің, соның ішінде Еуропалық Одақтың туристері үшін негізгі бағыт бола алады.

ЕО елдері үшін визасыз режим, сондай-ақ, Шенген үлгісіндегі Орталық Азияның бірнеше еліне баруға мүмкіндік беретін туристік виза жасалса, осы мақсатқа жетуге түрткі болуы мүмкін.

Жеке өзім тауға, соның ішінде Қазақстандағы тауларға шыққанды ұнатамын. Мен де, сіздің еліңіздегі және Орталық Азияның басқа мемлекеттеріндегі достарым да жұмыстан бос уақытымызда осы демалыс түріне арнауды жақсы көреміз. Сіздердің елдеріңіздің туризм саласында зор әлеуеті бар екенін тағы да айтқым келеді.

- Сұхбатыңызға рахмет, Елші мырза!


Соңғы жаңалықтар