30 жыл: Қазақстанның шекара қызметі туралы не білеміз

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - 18 тамыз – ел тыныштығы үшін күндіз түні күзетте тұрған шекарашылардың кәсіби мерекесі. Оның үстіне биыл ҚР Ұлттық қауіпсіздік комитеті Шекара қызметінің құрылғанына 30 жыл толып отыр. Халқымыз үшін қастерлі ұғым болып саналатын, ата-бабадан қалған жерді қорғау, мемлекеттік шекараны күзету – үлкен абырой, маңызды жауапкершілік. Бүгінде Қазақстанның ұлан-ғайыр шекарасы шегенделген. Десе де, көршілес жатқан мемлекеттерде бұл мәселе толық шешімін тапқан жоқ. Соған байланысты Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Орталық Азия елдеріне шекараны шегендеудің тәсілдерін әзірлейтін сарапшылық алаң құруды ұсынған еді. Осы тұста, мерейлі мерекеге орай еліміздегі шекара қызметінің тарихы, өткізу пункттері, шекарашылардың әлеуметтік жағдайы жөнінде материал дайындауды жөн санадық. Толығырақ ҚазАқпарат сарапшысының материалында.

Шекара қызметінің тарихы

Мемлекеттік шекараның беріктігі – елдіктің басты белгілерінің бірі. Бүгінде Қазақстанның ұлан-ғайыр шекарасы шегенделген. Еліміз тәуелсіз болған 1991 жылдың желтоқсанынан кейін іргелі мемлекеттің шекарасын күзету күн тәртібіне қойылды. Осы мақсатты жүзеге асыру үшін 1992 жылдың 18 тамызында Нұрсұлтан Назарбаевтың Жарлығымен Қазақстан Республикасы ҰҚК Шекара қызметі құрылды. Алайда айтулы дата Қазақстанның мемлекеттік мерекелер күнтізбесіне 2012 жылғы 29 тамызда ғана енгізілді. Ұлттық шекара әскерлерін құру кеңес-қытай және кеңес-ауған учаскелерінде мемлекеттік шекараны қорғаған КСРО Шекара әскерлері Шығыс шекара округінің негізінде жүзеге асырылды.

Еліміз Ресей, Қытай, Қырғызстан, Өзбекстан және Түрікменстанмен шектеседі. Республиканың құрлықтағы мемлекеттік шекарасының жалпы ұзындығы – 13 402 км, су шекарасы – 1730 км.

Мемлекеттік шекараны анықтау шаралары 1992 жылдан басталып, 2005 жылға дейін басты үш бағыт бойынша жүргізілді. Қытаймен шекаралық мәселелерді реттеу 1992 жылы қолға алынды. Екі ел арасындағы шекараларды делимитациялау туралы келіссөздердің қорытындысы ретінде бес халықаралық келісімшарт жасалды. Онда Қазақстан мен Қытай арасындағы шекара сызығы нақтыланып, арнаулы сипаттама жасалды. 2002 жылдың мамырында қол қойған Қазақстан–Қытай мемлекеттік шекарасын демаркациялау туралы хаттамада оның ұзындығы 1782 шақырым деп көрсетілді. Осылайша, жүздеген жылдар бойы мойындалмай келген біздің территориялық тұтастығымызды көршіміз мойындады, келісімге келді. Қытаймен шекаралас он бес мемлекеттің ішінде ҚХР үкіметінің келісімімен толықтай шекара мәселесін тиянақтап алған жалғыз мемлекет болса, ол – Қазақстан.

Кеңес Одағы кезінде одақтас республикалардың арасындағы шекара ішкі әкімшілік-аумақтық шекара ретінде белгіленіп, тек карталарда ғана көрсетілетін. Шекара бойында ешбір бөлу сызығы болмаған. 1999 жылдың қыркүйек айында Қырғызстан, Ресей, Түрікменстан және Өзбекстан Республикасымен арадағы мемлекеттік шекараны делимитациялау жөніндегі үкіметтік комиссия құрылды. Комиссия жұмысының нәтижесінде бұл мәселелер толығымен реттеліп, шешімін тапты. Қырғызстанмен шекара 1242 шақырымды, Түрікменстанмен – 426, ал Өзбекстанмен 2351 шақырымды құрады. Ал Қазақстан мен Ресей арасындағы шекара әлемдегі құрлықпен үздіксіз жүретін ең ұзын шекара. Оның жалпы ұзындығы — 7591 шақырым. Шекара бойын делимитациялау Каспий теңізінің жағасынан басталып, Еділ өзенінің шығысы бойын жағалай, Сарыарқа мен Сібір жазығының ортасынан өтіп, Қазақстан, Ресей, Қытай іргелері түйісетін тұста, Алтай тауының ең биік жоталарына жете аяқталады. Мемлекеттік шекара туралы екі ел арасындағы алғашқы хаттама 1998 жылы ресімделді. Екі ел Президенттері 2005 жылдың қаңтарында «Қазақстан-Ресей мемлекеттік шекарасы туралы» келісімге қол қойды. Бұл еліміздің мемлекеттік аумағын бекіту бойынша маңызды қадам еді. Осылайша, Қазақстан – Ресей мемлекеттік шекарасын халықаралық құқықтық тұрғыдан ресімдеу үрдісіне ең басты нүкте қойылды.

Қазіргі таңда шекара қызметінің басты міндеттерінің қатарына мемлекеттік шекара және бақылау-өткізу бекеттеріндегі режимді қамтамасыз ету, мемлекеттік шекара туралы халықаралық келісімдерден туындайтын міндеттемелерді, оның ішінде делимитациялау, демаркациялау және редемаркациялау туралы міндеттемелерді орындауға қатысу, еліміздің қорғаныс және ұлттық қауіпсіздік саласына қатысты міндеттерді шешу, мемлекеттік шекарада мемлекеттің экономикалық мүддесін қорғауға атсалысу, құқық қорғау органдарымен бірлесе отырып қоршаған ортаны және миграциялық заңдылықтарды сақтауды қосуға болады.

Шекарадан өткізу пункттері

Мемлекеттік шекара арқылы адамдарды, көлiк құралдарын, жүктер мен тауарларды өткізу Қазақстан Республикасының заңнамасына және ратификациялаған халықаралық шарттарға сәйкес ашылған өткізу пункттерiнде, сондай-ақ ҚР Үкіметі айқындайтын, Мемлекеттік шекара арқылы өткізу жүзеге асырылатын өзге де орындарда жүргізіледі. Өткізу пункттерін ашу (жабу), олардың жұмыс істеуі (пайдаланылуы), оларды санаттарға бөлу, жіктеу, жайластыру қағидаларын, сондай-ақ олардың жұмысын техникалық жарақтандыру және ұйымдастыру бойынша талаптарды Үкімет айқындайды.

Өткізу пункттерінде шекаралық, кедендік, көліктік, санитариялық-карантиндік, ветеринариялық, фитосанитариялық бақылауды ұйымдастыру үшін өз құзыреті шегінде жауап беретін бақылаушы органдардың бөлімшелері орналастырылады. Сондай-ақ Мемлекеттік шекара арқылы өткізу жүзеге асырылатын өзге де орындарда адамдарды өткізген кезде Мемлекеттік шекара ретінде паспорттық бақылау сызығы қолданылады.

Елімізде шекара периметрі бойынша 101 өткізу пункті жұмыс істейді, оның ішінде:

авиациялық - 19;

автомобиль - 51;

темір жол - 27;

теңіз - 3;

өзен - 1.

ҰҚК баспасөз қызметінің мәліметінше, шекара қызметі биыл 170 бірліктен астам оқ-дәріні, 8 мың бірліктен аса суық қару мен электрлік естен тандыру құралдарын шекара арқылы өткізу әрекеті кезінде тәркілеп, оқсыз атылатын қаруды әкетудің 2 фактісінің жолын кескен. Тек соңғы аптада шекаралық бақылау жүргізу кезіндегі тексеру іс-шаралары нәтижесінде 60 аңшылық және 6 зақымдайтын оқ, қолдан жасалған 2 пышақ анықталған. Барлық жағдайларда ұсталған адамдар мен көліктер процессуалдық шешімдер қабылдау үшін құзыреті бойынша ішкі істер органдарына тапсырылған.

Шекарадағы әскери қызметшілердің әлеуметтік жағдайы қалай?

2021 жылғы 1 қаңтардан бастап әскери қызметшілердің жалақысы орта есеппен – 75 %, ал шекара бөлімшелерінде тіпті 110 %-дан астамға көтерілген. Мемлекет есебінен әскери қызметшілер мен олардың отбасы мүшелерін медициналық қамтамасыз ету жүзеге асырылады. Сонымен қатар күнтізбелік есептеуде кемінде 8 жыл қызмет атқарған сарбаз (матростар), сержант (старшиналар) лауазымдарында келісімшарт бойынша әскери қызмет атқарып жүрген әскери қызметшілердің Қазақстанның жоғары оқу орындарында ақылы негізде оқуға жұмсалған шығындарын оқыту құнының 50 пайызы мөлшерінде бюджет қаражаты есебінен өтеп алуға құқығы бар. Шекара бөлімшелерінің, әкімшілік және тұрғын үй ғимараттарының жаңа кешендерін салу мәселелері жоспарлы түрде шешілуде. 2004-2018 жылдар аралығында шамамен 68 нысан (офицерлік және сержанттық құрамдағы тұрғын үйлер, шекара бөлімшелері, өткізу пунктері, әскери қалашықтар) салынып, пайдалануға берілген.

Шекара қызметінің академиясына қалай оқуға түсуге болады?

Қазақстан Республикасының ұлттық қауіпсіздік органдарының жоғары білім беру оқу бағдарламаларын жүзеге асыратын әскери, арнаулы оқу орындарына оқуға іріктеу және қабылдау тәртібі «Арнаулы мемлекеттік органдары туралы» ҚР Заңының 10-бабымен және ҰҚК Төрағасының 2016 жылғы 13 қаңтардағы №2 бұйрығымен регламенттелген. ҰҚК Академиясы қабылдауды мынадай оқу бағдарламалары бойынша жүргізеді: жоғары білім бағдарламасы бойынша (оқу мерзімі – 4 жыл), мамандығы – қарсы барлау қызметі; оқу мерзімі қысқартылған жоғары білім беру бағдарламасы бойынша (оқу мерзімі – 2 жыл), мамандығы – қарсы барлау қызметі, ақпаратты қорғауды ұйымдастыру және технологиясы; қосымша білім бағдарламасы бойынша, қайта даярлау курстары (оқу мерзімі – 6 айдан кем емес). Сонымен қатар оқу орнында Комитеттің жұмыс істейтін қызметкерлері үшін магистратура және докторантура бағдарламалары бойынша оқыту бар.

Қазақстан Республикасының ҰҚК Академиясына немесе шетел мемлекеттерінің білім беру ұйымдарына оқуға түсуге мыналар құқылы:

- жоғары білім берудің оқу бағдарламалары бойынша (оқу мерзімі - 4 жыл) оқуға түсетін жылы он жеті жасқа толған, бірақ жиырма бір жастан аспаған (әскери қызмет өткермеген) азаматтар. Әскери қызмет өткерген азаматтар жиырма төрт жастан бастап қабылданады. Жиырма бес жастан бастап әскери қызметшілер не болмаса арнаулы мемлекеттік органдарда қызмет өткеріп жүрген қызметкерлер қабылданады;

- оқыту мерзімі қысқартылған жоғары білім беру бағдарламалары бойынша (оқу мерзімі – 2 жыл) жоғары білімі бар, оқуға түсетін жылы кемінде жиырма екі жасқа толған Қазақстан Республикасының азаматтары;

- қосымша білім беру бағдарламасы бойынша (оқу мерзімі – 6 айдан кем емес) жоғары білімі бар, оқуға түсетін жылы кемінде жиырма екі жасқа толған Қазақстан Республикасының азаматтары.

Ұлттық қауіпсіздік органдары оқу орындарына түсуге тілек білдірген кандидаттар оқуға түсетін жылдың алдындағы жылдың 1 қарашасына дейін тұрғылықты жері немесе жұмыс орны орналасқан жері бойынша ҰҚК органдарына тестілеуді қай тілде тапсыратынын және қай тілде білім алатынын көрсете отырып, еркін нысанда өтініш береді.

Қорыта келе, мемлекеттік шекараға байланысты мәселелер еліміздің ішкі және сыртқы саясатында айрықша орын алатыны айқын. 30 жылдың ішінде мемлекетіміздің шекарасы шекара қызметі заман талаптарына сай инновациялық технологиялар, заманауи электронды жүйелерді қолдана отырып қырағы күзетуде. Сондай-ақ әртүрлі құрылғылар және қондырғылармен бекемделіп, олардың үнемі жетілдірілуіне байланысты жолай жаңаларына ауыстыру қолға алынған. Шекара қызметінің жеке құрамы Қазақстан Президенті мен халқы қоятын талаптарға сай, біздің шекарамызды кез келген қолсұғушылықтан қорғауда қырағылық танытады деп сенеміз.


Фото: ustinka.kz



Соңғы жаңалықтар