30 проценттік үстемеақы: Елжан Біртанов қай қызметкерлердің жалақысы өсетінін айтты

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - ҚР Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов Президент тапсырмасы аясында қай қызметкерлердің жалақысы көтерілетінін айтты. Бүгін «Нұр Отан» партиясының XVIII сьезінде Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев 1 шілдеден бастап жалақысы төмен бюджеттік сала қызметкерлерінің айлығын 30 процентке көтеруді тапсырды, деп xабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Елбасы тікелей тапсырма беріп жатыр. Бюджеттік сала қызметкерлерінің жалақысын 30 процентке көтеру керек. Жалпы, бүгінде біздің салада 60 мыңнан астам дәрігер жұмыс істейді. Сонымен қатар, 170 мың мейірбике бар. Бұдан бөлек, санитарлар, инженерлер, буxгалтер-экономистер бар, қосымша 400 мыңнан аса адам еңбек етеді. Әрине, көбінің жалақысы 100 мыңнан төмен. Біріншіден, осы тізімдерді қарап, есеп-қисабын жасап, іске асыруға дайындаймыз. Осы мақсатта қосымша қаржы бөлінді. Биыл 1 шілдеден бастап төмен жалақы алатын барлық медицина саласының қызметкерлері қосымша үстемеақы алады», - деді Е.Біртанов журналистерге берген сұxбатында.

Министрдің айтуынша, ағымдағы жылы 1 қаңтарда медицина қызметкерлерінің жалақысын 20 процентке көтеру шаралары басталды.

«Оны маңызды аурулар бойынша арнайы бағдарламаны оқыған дәрігерлер мен мейірбикелерге қосып жатырмыз. Қазіргі кезде қызметкерлердің 17 проценті оқудан өтіп, жалақыға қосымша 20 проценттік үстемеақыны алды. Енді Елбасы төмен жалақы алатын бюджеттік мекеме қызметкерлерінің жалақысын 30 процентке көтеруді тапсырып отыр. Бұл - өте қуанышты жағдай», - деп атап көрсетті Е.Біртанов.

Айта кетейік, бүгін Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев жалақысы төмен бюлжеттік сала қызметкерлерінің айлығын көтеру үшін қосымша қаржы бөлуді жүктеді.

«Осы жылдан бастап қаңтар айында базалық айлық мөлшерін бір жарым есеге өсірдік. Мұғалімдердің айлығын 30 пайызға, біліктілігін арттырған ұстаздарға 50 пайызға арттырдық. Демек, осы санаттағы азаматтардың кірісі айтарлықтай өсті. Бұл бағдармада бір миллион азаматтық қызметкерді қамтиды. Осы жылдың 1 шілдесінен бастап бюджет саласындағы айлығы төмен қызметкерлердің жалақысын 30 пайызға арттыруды тапсырамын. Біз оларды қолдауымыз керек. Осы мақсатта 2019-2021 жылдары қосымша 980 млрд теңге бөлінетін болады», - деді Нұрсұлтан Назарбаев «Нұр Отанның» кезекті сьезінде.

Бұдан бөлек, денсаулық сақтау саласын дамытуға қосымша 120 млрд теңге бөлінеді.

Соңғы жаңалықтар