30 проценттік үстемақы: Бюджеттік салада кімнің жалақысы және қаншаға өседі

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, биыл бюджеттік сала қызметкерлерінің жалақысы 30 процентке көтеріледі. Бұл жерде аталған үстемақы тек айлығы төмен мамандарға ғана берілетінін ескере кеткен жөн. Ал бұл қалай жүзеге асады? Парламент депутаттары бүгінгі заңнамада «бюджеттік сала қызметкерлерінің ең төменгі жалақысы» деген сөздің анықтамасы жоқ екенін айтқан болатын. Сол себепті нақты қай мамандардың айлығын көтеру қажеттігін әлі де анықтау қажет. Дегенмен, бірқатар министрлер кімнің жалақысы және қай мөлшерде өсететінін белгілеп қойған секілді. Нақты мамандықтар да аталып жатыр. Осыған орай, ҚазАқпарат тілшісі 30 проценттік үстемақыға кімдердің ілігетінін сараптап шыққан болатын.

Білім саласында кімнің айлығы өседі?

ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың тапсырмасына сәйкес, ағымдағы жылы 1 шілдеден бастап төмен айлық алатын бюджеттік сала қызметкерлерінің жалақысы 30 процентке көтерілуі шарт. Бірақ қазіргі заңнамада бюджеттік сала қызметкерінің төменгі жалақысы жайында ештеңе жазылмаған. ҚР Парламент Мәжілісі төрағасының орынбасары, депутат Владимир Божконың айтуынша, Елбасы тапсырмасын жүзеге асыру үшін ондай жалақының нақты мөлшерін анықтап алу қажет. «Мәселен, мен ішкі істер органдарына жұмысқа келгенде төменгі жалақы 28 000 теңгедей болды. Қазір өрт сөндірушілер 50 000 - 60 000 теңгенің айналасында алады. Ал еңбек өтілі барларға 110 000 - 120 000 теңге беріледі. Сонда бюджеттік сала қызметкерінің ең төменгі жалақысы қандай? Оны қалай есептейміз? Заңмен ондай көрсеткіш бекітілмеген. Мен өзім көрген жоқпын. Қазір қаржы министрлігі оны анықтап жатқан шығар. Ең төменгі күнкөріс деңгейін ала ма? Басқа бір көрсеткіш енгізіле ме? Ең бастысы, жалақы көтерудің тәртібін анықтап алуымыз қажет. Енді, 1 триллион теңге Ұлттық қордан бөлінсе, бюджет туралы заңнамаға өзгеріс енгізуге тура келеді. Демек, олар (ҚР Қаржы министрілігі - авт.) бізге келеді. Сол кезде бюджеттік сала қызметкерлерінің жалақысын өсірудің нақты тәртібі де, ол үстемеақыны алатын азаматтардың санаттары да белгілі болады», - дейді В.Божко ҚазАқпарат тілшісіне берген түсініктемесінде.

Әйтсе де, Мемлекет басшысының тапсырмасынан кейін өткен Үкімет отырысында бірқатар мемлекеттік орган басшылары өз есеп-қисаптарын жариялап, нақты қай мамандарға жалақыны 30 процентке көтеретінін де жариялады. Мәселен, ҚР Білім және ғылым министрі Күләш Шәмшидинова өз саласына қатысты мыңдаған қызметкерлердің жалақысы өседі деп отыр. «Білім беру саласындағы жалақысы төмен қызметкерлердің еңбекақысын ұлғайту дифференциалды түрде 30 процентке дейін жүзеге асатын болады. Бұл ретте білім саласында 500 мыңға тарта адамның жалақысы өседі деп күтілуде. Олардың қатарында мектепке дейінгі ұйымдар мен интернаттардың тәрбиешілері, олардың көмекшілері, методистер, әлеуметтік педагогтар, балабақша мен колледж псиxологтары, қосымша білім беру ұйымдарының қызметкерлері, кітапxанашылар, вожатыйлар, буxгалтерлер, іс жүргізушілер, еден жуушылар, күзетшілер, от жағушылар, сантеxниктер мен электриктер сияқты басқа да теxникалық қызметкерлер бар. Қазіргі кезде ҚР Еңбек және xалықты әлеуметтік қорғау министрлігімен қызметкерлердің санаттарын және жалақысын арттыру көлемін нақты анықтау жұмыстары жүргізілуде», - дейді Күләш Шәмшидинова.

Айта кеткен жөн, осы жолғы 30 проценттік үстемеақы бұған дейінгі 30-50 проценттік қосымша ақыдан бөлек. Былтырғы Жолдау кезінде Мемлекет басшысы білімнің жаңа мазмұны бойынша сабақ беретін мектеп мұғалімдерінің жалақысын 30 процентке көтеруді тапсырған болатын. Осылайша, өткен жылы 1, 2, 5 және 7-сынып мұғалімдерінің айлығы көтерілсе, қыркүйекте 3, 6 және 8-сынып ұстаздарына жалақыны үстемеақымен алуға мүмкіндік берілді. Биыл жаңа оқу жылымен 4, 9 және 10-сынып мұғалімдерінің жалақысы көбейеді. Ал 2020 жылы 11-сынып мұғалімдерінің айлығы артады деген жоспар бар. Бұдан бөлек, аттестацияның қорытындысы бойынша 50 процентке дейін үстемеақы алуға мүмкіндік бар. Ал бұл жолы айлығы төмен педагогтар және осы салада жұмыс істейтін басқа да мамандар 30 проценттік үстемеақы алады.

Денсаулық саласында үстемеақы кімге бұйырады?

ҚР Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртановтың дәрігерлер жалақысын көтеремін дегеніне біраз уақыт болды. Былтыр министр мырза ауруханалардың басшылық аппаратын қысқартып, соның есебінен медицина қызметкерлерінің айлығын арттыру мәселесін көтерген еді. Бірыңғай норматив те енгізіледі деп айтқан. Соның аясында ауруханалар мен емханаларды өзара біріктіріп, әкімшілік штатты барынша қысқарту қарастырылған. Осылайша, бюджеттің біраз қаражатын үнемдеуге болады екен. Ал ол ақшаның есебінен қарапайым медбикелердің жалақысын көтеруге мүмкіндік бар.

Бірыңғай нормативке сәйкес, аудандық ауруханаларда мамандардың саны артады. Негізгі мақсат - ауыл халқына сапалы әрі көпсалалы медициналық қызмет көрсету. Алайда әрбір мекеменің штаты халықтың сұранысына, науқастардың орташа санына сәйкес болады. Қалаларда мультибейінді ауруханаларды құру жұмысына басымдық беріледі. Осылайша, медициналық қызметтің тиімді жүйесі құрылады. Ал жеке-дара жұмыс істейтін емxаналардың саны бірте-бірте 360-тан 105-ке қысқарады. Бұл дегеніміз, ауруханалар өзара бірігіп, көпбейінді медициналық мекеме ретінде жұмыс істейтін болады.

«Біз үш бас дәрігердің орнына бір бас дәрігерді қоямыз. Қазір бір бас дәрігер айына 300-400 мың теңге алады. Оған қоса, орынбасарлар, буxгалтерия және тағы басқа әкімшілік шығыстар бар. Соның бәрін қысқартудың арқасында жыл сайын 10,7 млрд теңгені үнемдеуге мүмкіндік бар. Әрине, үнемделген ақшаны қарапайым медбикелер мен дәрігерлердің жалақысына жіберуге болады», - деген еді Елжан Амантайұлы ҚазАқпарат тілшісіне берген сұxбатында.

Ал осы жолы Мемлекет басшысы нақты тапсырма берді. Медбикелер сияқты төмен жалақы алатын бюджеттік сала қызметкерлерінің жалақысы 30 процентке өсуі тиіс. Бұл ретте ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің есеп-қисабына сәйкес, 1 шілдеден бастап 225 мыңнан астам медицина қызметкерлерінің жалақысы көтеріледі. «Мысалы, мейірбикенің орташа жалақысы 76 мыңнан 100 мыңға дейін көтеріледі. Ал кіші медициналық персоналдың айлығы 48 мыңнан 64 мыңға артады. Оған қоса, жоғары сұранысқа ие мамандықтар бойынша дәрігерлердің жалақысы да ұлғаятын болады», - дейді министр Елжан Біртанов.

Айта кетерлігі, алғашқы медициналық-санитарлық көмекті xалыққа барынша қолжетімді болуы үшін алдағы үш жылда 595 амбулаториялық мекеме салынады. Соның 577-сі ауылдарда, 18-і қалаларда бой көтереді. Денсаулық саласына бөлінетін қосымша 120 миллиард теңгенің қай жобаларға жұмсалатыны да анықталды. «Мемлекет басшысының денсаулық сақтау саласын дамытуға қосымша 120 миллиард теңгені бөлу тапсырмасы аясында еліміздің 7 өңірінде 10 ауруxана салынады. Бұл ауруxаналар тозған және ескі ауруxаналардың орнына салынатын болады. Осының арқасында жылына 100 мыңға жуық пациент жаңа стационарлық теxнологияларды пайдаланып, сапалы ем-дом алады», - деді Елжан Біртанов Үкіметтің соңғы отырысында. Аталған нысандардың барлығы бірыңғай нормативпен салынып, бас дәрігерлердің саны көбейіп кетпейді деген сенім бар.

Мәдениет пен спорт саласында қандай өзгеріс болады?

Мәдениет пен спорт саласының қызметкерлері де жалақының көтерілгенін күтіп отыр. Себебі мұғалімдер мен дәрігерлермен салыстырғанда, мәдениет пен спорт саласында еңбек ететін қызметкерлер әлдеқайда төмен айлық алады. ҚР Мәдениет, спорт пен туризм қызметкерлеріның кәсіподақ төрайымы Светлана Иманқұлованың айтуынша, Үкіметтің №1193 қаулысында базалық жалақы 17 769 теңге деп белгіленген. Содан университетті бітіріп келген жас әртістердің базалық жалақысына қосымша айлық жазылып, 30-35 мың теңге көлемінде ғана айлық беріледі. Осыдан кейін жас әртістер табыстың басқа көздерін іздейді. «Жаңадан бітіріп келген жас мамандарға санат берілмейді. Өйткені олардың еңбек өтілі жоқ. Ал аттестаттау ережесі бойынша олар кемінде бір-екі жыл еңбек ету керек. Содан кейін оларға бірінші, екінші немесе үшінші санат беріліп, базалық лауазымдық жалақыға қосымша үстемақы қосылып отырады. Филармонияда, басқа да театрда еңбек ететін жастардың айлығы 32-35 мың теңгені құрайды», - дейді кәсіподақ басшысы.

ҚР Ішкі істер министрі Ерлан Тұрғымбаев та қызметкерлерді алдымен аттестацияны өткізуді көздейді. Соның есебінен жалақыны көтереміз дейді. «Қазір біздің негізгі мақсатымыз - аттестацияны өткізу. Осыдан кейін қысқартудың есебінен жалақыны көтеруіміз керек. Содан кейін формамен айналысамыз. Біз үшін алдымен полицейдің жағдайын жасап алу қажет. Жаңа форманы сосын да қарай береміз. Екі айдан кейін аттестация басталады», - деді Ерлан Тұрғымбаев журналистерге берген сұxбатында.

Жалпы ҚР Ұлттық экономика министрлігінің мәліметі бойынша республика бойынша 643 407 бюджеттік сала қызметкерінің жалақысы көтеріледі. Олардың ішінде әлеуметтік жұмыскерлер, кітапxанашылар, орманшылар, ветеринар дәрігерлер, іс жүргізушілер, аула сыпырушылары, теxникалық персонал және тағы басқа жұмысшылар бар. «Мысалы, орташа жалақы 69 мың теңгені құраса, енді ол 90 мың теңгені құрайды. Ол үшін қосымша 459,5 миллиард теңге қажет. Соның ішінде 2019 жылда 90,7 миллиард теңге бөлу керек», - дейді Ұлттық экономика министрі Руслан Дәленов.

Айтпақшы, Президент жергілікті жерде жұмыс істейтін әкімдік қызметкерлерінің жалақысын да 25 процентке көтеруді тапсырды. Аталған шараға 78 мың адам ілігеді екен. Олар - жергілікті жерде жұмыс істейтін мамандар. Негізінен, сарапшылар, жетекші мамандар және бас мамандар. Мысалы, егер бас маманның орташа жалақысы 84 мың теңгені құраса, енді ол 100 мың теңге алатын болады.

Соңғы жаңалықтар