30 наурыз. Тұлғалар туған күн

None
АСТАНА. ҚазАқпарат – Бүгін, 30 наурызда тұлғалардан кімдер дүниеге келген? ҚазАқпарат оқырмандарына есімдер күнтізбесін ұсынады.

ЕСІМДЕР


145 жыл бұрын (1878-1941) ғалым, Қазақстан фаунасын тұңғыш зерттеуші, биология ғылымының докторы Даниил Николаевич КАШКАРОВ дүниеге келген.

Ресейде туған. Мәскеу мемлекеттік университетінің жаратылыстану бөлімін және медицина факультетін бітірген. 1919-1941 жылдары Орта Азия университетінің, Ленинград мемлекеттік университетінің омыртқалылар зоологиясы кафедрасын басқарған. Ол Орта Азия мен Қазақстанның құрлық омыртқалылары фаунасы мен экологиясын зерттеген. Республикада Ақсу-Жабағылы қорығын ұйымдастыру қажеттігін негіздеп берген. Ғалымның зоология және жануарлар экологиясы жайындағы оқулықтары мен монографиялары жарық көрген.


83 жыл бұрын (1940-2015) заң ғылымдарының докторы, профессор, Қазақстан Республикасының құрметті судьясы Мақсұт Сұлтанұлы НӘРІКБАЕВ дүниеге келген.

Алматы облысында туған. С.М. Киров атындағы Қазақ мемлекеттік университетін (әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті) бітірген.

Еңбек жолы: Әділет министрлігінде және республика прокуратурасында жұмыс істеген. 1992-1993 жылдары Президент аппаратында және Қазақстан Республикасының Министрлер кабинетінде қызмет етті. 1995-1996 жылдары Қазақстан Республикасының Бас прокуроры. 1996-2000 жылдары Қазақстан Республикасы Жоғарғы сотының төрағасы. 2000 жылдан – «Қазақ гуманитарлық заң университеті» АҚ президенті. 2004 жылдан Жалпы қоғамдық «Қазақстанның демократиялық партиясының» төрағасы. 2-ші дәрежелі Мемлекеттік заң кеңесшісі, жоғары дәрежедегі судья. Жеткіншек және заң, балалықты заңмен қорғау, азаматтық құқықты сотта қорғау, Қазақстан Республикасының қылмыстық заңы тақырыптарына жазылған кітаптардың және 50-ден астам ғылыми мақаланың авторы.


72 жыл бұрын (1951-2023) мемлекет қайраткері Сергей Александрович ТЕРЕЩЕНКО дүниеге келген.

Ресей Федерациясының Приморск өңірінде туған. Қазақ ауыл шаруашылығы институтын, Алматы жоғары партия мектебін бітірген. 1989-1990 жылдары – Қазақ КСР Министрлер Кеңесі төрағасының орынбасары, Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесі төрағасының бірінші орынбасары, Қазақ КСР Президентінің орынбасары, Қазақ КСР Президенті Кеңсесінің жетекшісі, Қазақ КСР Президенттік кеңесінің мүшесі. 1990-1991 жылдары – Шымкент облыстық партия комитетінің бірінші хатшысы, Шымкент облыстық кеңесінің төрағасы. 1991-1994 жылдары – Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі. 1992-1993 жылдары – сонымен қатар Қазақстан Республикасының Шетел инвестициясы жөніндегі ұлттық агенттіктің төрағасы. 1993-1994 жылдары – Ұлттық валюта енгізу жөніндегі ұлттық комисияның төрағасы қызметтерін атқарған. 1994 жылдан – Халықаралық «Интеграция» қоры басқармасының төрағасы. 1998-2008 жылдары – «ЦентрКредит банкі» АҚ, «Трансаэро» ӘК» ААҚ, «Индустриальный банк Казахстана» ААҚ, «Бәйтерек» БК АҚ, «Vita» АҚ-ның директорлар кеңесінің мүшесі. 2004 жылдан – Қазақстан Республикасының Сақтандыру нарығына қатысушылар қауымдастығының президенті. 1999 жылдан – «Отан» партиясы саяси кеңесінің мүшесі. 1998-1999 жылдары – «Қазақстан Республикасы Президенті Н.Ә. Назарбаевтың кандидатурасын қолдау жөніндегі қоғамдық штаб» Қоғамдық Ұйымының төрағасы. 1999-2002 жылдары – «Отан» партиясы төрағасының міндетін атқарушы. 2002-2006 жылдары – Қазақстан Халықтары ассамблеясы төрағасының орынбасары қызметтерін атқарған. 2004 жылдан – Қазақстандағы славян, орыс және казактар қауымдастығының төрағасы. 2008 жылдан – «Нұр Отан» ХДП жанындағы «Абырой» қоғамдық-кеңес беру кеңесінің төрағасы.

2-ші дәрежелі «Барыс», 1-ші дәрежелі «Достық», «Дружба» (РФ) ордендерімен, медальдармен марапатталған, Президент сыйлығының лауреаты, Оңтүстік Қазақстан облысының құрметті азаматы.


63 жыл бұрын (1960) «Астана Бас жоспары» ғылыми-зерттеу жобалау институтының директоры Сәрсембек Ендібайұлы ЖҮНІСОВ дүниеге келді.

Талдықорған облысында туған. Алматы сәулет және құрылыс институтын бітірген (1982).

Еңбек жолы: 1982 жылдан бастап – «Алматы гипрогор» мемлекеттік конструкторлық институтының сәулетшісі, аға сәулетшісі, жетекші архитекторы, басшысы; 1988 жылдан бастап – «Алматы бас жоспары» мемлекеттік жобалау институтының топ жетекшісі, жобалардың бас сәулетшісі, Алматы қаласы бас жоспарының мамандандырылған цехының басшысы; 1994 жылдан бастап – Алматы қаласының сәулет және қала құрылысы басқармасының бастығы; 1996 жылдан бастап – Ақмола қаласының бас жоспарын жасау бойынша «Ақорда» жобалау-құрылыс компаниясының цех басшысы; 1997 жылдан бастап – «Астана қаласының сәулет және қала құрылысы департаменті» мемлекеттік мекемесінің бас сәулетші орынбасарының міндетін атқарушы; 2000 жылдан бастап – «Астана Бас жоспар» Мемлекеттік кәсіпорны директорының орынбасары – бас сәулетшісі; 2006 жылдан бастап – «Бас жоспар.KZ» ЖШС директоры; 2007 жылдан бастап – «Астанабасжоспар» Мемлекеттік кәсіпорнының бас сәулетшісі – бас директордың орынбасары; Астана қаласының Сәулет және қала құрылысы басқармасының бастығы, Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Астана сәулет кеңесінің хатшысы.

Қазіргі лауазымын 2015 жылғы наурыз айынан бері атқарып келеді. «Құрмет» орденімен (2011), «Ерен еңбегі үшін» (2005) медалімен марапатталған, «Астанаға 10 жыл» (2008), «Қазақстан Конституциясына 10 жыл» (2005), «Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігіне 10 жыл» (2001) медальдарымен марапатталған.


52 жыл бұрын (1971) ҚР Ұлттық ұланы Бас қолбасшысының техника және қару-жарақ жөніндегі орынбасары Константин Юрьевич ВОРОНКИН дүниеге келді.

Оңтүстік Қазақстан облысының Шымкент қаласында дүниеге келген. Өзбек Социалистік Кеңестік Республикасы Жоғарғы Кеңесі атындағы Самарқанд жоғары әскери автокөлік командалық училищесін, Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті атындағы Ұлттық қорғаныс университетін, Ресей Федерациясы Қарулы Күштері Бас штабы Академиясының жоғары академиялық курстарын аяқтаған.

Қызметтік жолын Шымкент қаласында взвод командирінен бастаған. Кейін құқықтық тәртіп әскерінде техника және қару-жарақ бағыты бойынша түрлі лауазымдарда қызмет етті. 2011 жылдан бастап Ішкі әскерлер, бұдан соң Ұлттық ұлан Бас қолбасшылығында техника және қару-жарақ басқармасына басшылық жасады. 2020 жылдың 24-қарашасынан бастап Қазақстан Республикасы Ұлттық ұлан Бас қолбасшысының техника және қару-жарақ жөніндегі орынбасары.

ҚР Президентінің 2022 жылғы 5 мамырдағы Жарлығымен «генерал-майор» әскери атағы берілді. Қазақстан Республикасының 12 медалімен наградталған.


53 жыл бұрын (1970-2015) мемлекет қайраткері Нұрлан Жамбылұлы ҚАППАРОВ дүниеге келген.

Алматы қаласында туған. Қазақ мемлекеттік университетін, Алматы технологиялық институтын және Гарвард университетінің Дж. Кеннеди атындағы Жоғарғы мемлекеттік басқару мектебін бітірген.

Еңбек жолы: 1991-1997 жылдары – «Акцепт» Корпорациясы ЖАҚ президенті; 1997-1998 жылдары – «ҚазТрансОйл» ЖАҚ президенті; 1998-1999 жылдары – «Қазақойл» ЖАҚ президенті; 1999-2001 жылдары – ҚР Энергетика және минералдық ресурстар вице-министрі; 2003-2007 жылдары – «Қазинвестбанк» АҚ Директорлар кеңесінің төрағасы; 2004-2012 жылдары – «Lancaster Group Kazakhstan» АҚ Директорлар кеңесінің төрағасы; 2012 – 2013 жылдары – ҚР Қоршаған ортаны қорғау министрі, 2013-2014 жылдары – Қоршаған орта және су ресурстары министрі, 2014 -2015 жылдары – «Қазатомөнеркәсіп» акционерлік қоғамының президенті. 2015 жылғы 26 наурызда қайтыс болды.


47 жыл бұрын (1976) Балқаш қаласының әкімі Қайрат Амангелдіұлы КАМЗИН дүниеге келді.

Қарағанды қаласында туған. 1998 жылы Қарағанды мемлекеттік техникалық университетін, 2009 жылы Қарағанды «Болашақ» университетін тәмамдаған.

1993-1998 жылы Қарағанды мемлекеттік техникалық университетінің студенті, 1999-2000 жылдары Қарағанды қаласы «Азия Центр и К» ЖШС автослесарі, 2001-2002 жылдары Қарағанды қаласы «Водоканал» ААҚ бас маманы, 2002-2003 жылдары Қарағанды қаласы «КУГХ» ЖШС «Алаутрансгаз» АҚ жетекші маманы, 2003-2005 жылдары Қарағанды қаласы «SAT Plus» ЖШС директорының орынбасары, 2005 жылы Техникалық реттеу және метрология Комитетінің Қарағанды облысы бойынша басқармасының жетекші маманының міндетін атқарушы, 2005-2006 жылдары Техникалық реттеу және метрология Комитетінің Қарағанды облысы бойынша басқармасының жетекші маманы, 2006-2007 жылдары Қарағанды қаласының Қазыбек би атындағы ауданы әкмі аппаратының ұйымдастыру және кадр жұмысы бөлімінің бас маманы, 2007-2008 жылдары ҚР табиғи монополияларды реттеу Агенттігінің Қарағанды облысы бойынша басқармасының мемлекеттік монополиялар және талдау бөлімінің бас маманы, 2008-2009 жылдары ҚР табиғи монополияларды реттеу Агенттігінің Қарағанды облысы бойынша департаментінің техникалық реттеу бөлімінің бас маманы, 2009-2010 жылдары ҚР табиғи монополияларды реттеу Агенттігінің Қарағанды облысы бойынша департаментінің техникалық реттеу бөлімінің бастығы, 2010-2012 жылдары Қарағанды облысының энергетики және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасы бастығының орынбасары, 2012-2021 жылдары Приозерск қаласының әкімі, 2021-2022 жылдары Қарағанды облысының мемлекеттік сәулет-құрылысын бақылау басқармасының басшысы, 2022 жылы «Қарағанды облысы құрылыс, сәулет және қала құрылысы басқармасы» мемлекеттік мекемесінің басшысы.

Қазіргі қызметінде – 2022 жылдары қыркүйегінен.


Соңғы жаңалықтар