30 мамыр. Тұлғалар туған күн

None
АСТАНА. ҚазАқпарат – Бүгін, 30 мамырда тұлғалардан кімдер дүниеге келген? ҚазАқпарат оқырмандар назарына есімдер күнтізбесін ұсынады.

115 жыл бұрын (1908-1997) музыкатанушы, композитор, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, өнертану докторы Борис Гиршевич ЕРЗАКОВИЧ дүниеге келген.

Омбы музыка техникумының фортепьяно класын, Алматы консерваториясын (қазіргі Қазақ ұлттық консерваториясы) бітірген.

1931-1938 жылдары - Қазақ радиосының музыка редакторы. 1938-1943 жылдары - Қазақстан Халық Комиссарлары Кеңесі жанындағы Өнер істері басқармасы музыка бөлімінің меңгерушісі. 1945-1958 жылдары - Қазақстан Ғылым академиясы өнертану секторының меңгерушісі. 1950-1961 және 1968-1986 жылдары Әдебиет және өнер институтының бөлім меңгерушісі болған.

Борис Ерзакович - қазақ музыка өнерінің тарихы туралы іргелі еңбектердің авторы. Ол 20-дан астам монография мен кітапша, 200-дей мақала мен очерк, Абай және Біржан сал, Ақан сері, Үкілі Ыбырай, Балуан Шолақ, т.б. шығармашылығын қамтитын 12 музыкалық-этнографиялық жинақтар жазған. Кәсіби музыка жанрларын дамытуға үлес қосып, вариация, фортепьянолық пьеса симфониялық поэма, соната, увертюра мен ән, романс, хор жазды. 200-ге жуық халық әндерін түрлі оркестр, ансамбльдерге лайықтап нотаға түсірді. «Амангелді», «Мылтықты адам», «Абай», «Алма бағында», «Шоқан Уәлиханов» сияқты спектакльдерге музыка жазды.

«Еңбек Қызыл Ту», «Құрмет белгісі» ордендерімен, медальдармен марапатталған.

72 жыл бұрын (1951) қазақстандық педагог, педагогика ғылымдарының докторы, профессор, академик және Қазақстан және шетелдің 10-нан астам академиясы мен университетінің құрметті профессоры Асқарбек Қабыкенұлы ҚҰСАЙЫНОВ дүниеге келді.

Шығыс Қазақстан облысының Семей қаласында туған. Қазіргі Қаныш Сәтбаев атындағы Қазақ ұлттық техникалық университетін, Алматы энергетика институтының және Герман Демократиялық Республикасы Ильменау қаласындағы Жоғары техникалық мектептің аспирантураларын бітірген.

1991-1997 жылдары - Қазақстан Республикасы Білім беру министрлігі бас басқармасы бастығының орынбасары, департамент директоры, басқарма бастығы. 1997-1998 жылдары - Қазақ энциклопедиясы бас редакторының бірінші орынбасары. 1998 жылы - «Білім» баспасының директоры. 1998-2000 жылдары - «Рауан» баспасының директоры. 2000-2001 жылдары - «Мектеп» баспасы» ААҚ президенті. 2001-2003 жылдары - Ыбырай Алтынсарин атындағы Қазақ білім беру академиясының президенті. 2003 жылдың желтоқсанынан - әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің профессоры. 2004 жылдың сәуірінен бастап Қазақстан Педагогикалық ғылымдар академиясының президенті қызметін атқарып келеді.

20 монографияның, 11 оқулық пен оқу құралдарының, 5 кітаптың, 6 Мемлекеттік стандарттың, 11 түсіндірмелі және терминологиялық сөздіктің, 150-ге жуық ғылыми мақаланың және жарияланым көрген 140-тан астам мақаланың авторы.

Ол салыстырмалы педагогика мәселелерін, оқулық жасау теориясын зерттеп, осы салада оқулықтар мен монографиялық еңбектерін жариялаған. Оның ғылыми жетекшілігімен шетелдердің білім беру жүйелері зерттеліп, Қазақстанның білім беру саласын реформалау мен дамытудың жаңа үлгісі ұсынылған. Сонымен қатар, ол 31 томдық қазақша-орысша, орысша-қазақша ғылыми салалық терминология сөздіктерін және қазақ тілі терминдерінің салалық ғылыми түсіндірме сөздіктер сериясын шығаруға басшылық жасаған.

«Ерен еңбегі үшiн», «Қазақстан Республикасының тәуелсіздігіне 10 жыл» медальдарымен, Қазақстан Республикасы Білім беру министрлігінің «Ғылым дамуына қосқан үлесі үшін» төсбелгісімен, «Мәдениет қайраткері» құрмет белгісімен марапатталған. Қазақстан ғалымдары арасында алғаш болып педагогика ғылымы аясында Ресей Үкіметінің Константин Ушинский атындағы медалімен марапатталған.

44 жыл бұрын (1979) Еуропа оркестрлерін басқарған Қазақстанның тұңғыш дирижері, А. Педротти, Ловро фон Матачич, Н. Малько атындағы конкурстардың лауреаты, Қазақстанның еңбек сіңірген өнер қайраткері Алан Асқарұлы БӨРІБАЕВ дүниеге келді.

Алматы қаласында туған. К. Байсейітова атындағы музыка колледжін, Вена музыка және сахна өнері университетін, Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясын бітірген. 1999 жылы Загребтегі Ловро фон Матачич атындағы дирижерлер конкурсында жеңімпаз атанды. 2003-2007 жылдары - Астана симфониялық оркестрінің бас дирижері. 2004-2007 жылдары - Майнингеннің музыкалық бас директоры.

Қазіргі кезде Германияда тұрады, бірқатар оркестрлерге басшылық етеді. 2007 жылдан Норчепинг симфониялық оркестрін, 2008 жылдан - нидерландтық Брабанта оркестрін басқарады. Ирландияның радио және телевидениесінің ұлттық симфониялық оркестрінің музыкалық жетекшісі (2010 жылдан). «Астана Опера» театрының бас дирижері, қосымша Жапонияның Осака қаласындағы симфониялық оркестрдің бас дирижері (2015 жылдан).

40 жыл бұрын (1982) Қазақстан Республикасы Сот әкімшілігінің жетекшісі Наиль Рафисұлы АХМЕТЗАКИРОВ дүниеге келді.

Шығыс Қазақстан облысында туған. Қазақ гуманитарлық-заң университетінде құқықтану мамандығын (2004); Ресей Федерациясының қазіргі гуманитарлық академиясында бухгалтерлік есеп, талдау және аудит мамандығын (2008); Ресей Федерациясының Бас прокуратура академиясында прокурорлық қадағалауды (2016) бітірген.

Еңбек жолы: Шығыс Қазақстан облысының аудандық және облыстық прокуратурасында қызмет етті (2004-2009); Бас прокуратурада әртүрлі басшылық лауазымдарды атқарды (2009-2015); Бас прокуратура жанындағы Құқық қорғау органдары академиясында басшылық лауазымдарды атқарды (2015-2017); ҚР Бас прокуратурасы жанындағы Құқық қорғау органдары академиясының басшысы (2017-2018); Президент Әкімшілігінің Құқық қорғау органдары жүйесі бөлімі басшысының орынбасары; (2018-2019); ҚР Жоғарғы Соты жанындағы Соттардың қызметін қамтамасыз ету департаментінің басшысы (2019-2023). Қазіргі қызметін 2023 жылдың қаңтарынан атқарып келеді.

ІІ дәрежелі «Айбын орденімен, «ҚР прокуратурасының үздігі», «Қазақстанның құрметті заңгері» төсбелгілерімен, «Үш би» құрметті төсбелгісімен марапатталған.

38 жыл бұрын (1985) Премьер-министрдің кәсіпкерлік мәселелері жөніндегі кеңесшісі Дана Бейсенқызы ЖҮНІСОВА дүниеге келді.

Ақмола қаласында туған. 2006 жылы Т. Рысқұлов атындағы Қазақ экономикалық университетінің «Бухгалтерлік есеп және аудит» мамандығын, Еуропалық университет бағдарламасы бойынша Халықаралық Бизнес Академиясын тәмамдаған.

Еңбек жолын 2003 жылы «Қазақстан темір жолы» ҰК» АҚ бас маман болып бастаған. 2007-2008 ж.ж. ­– «Астана-Финанс» АҚ бас менеджер. 2008-2011 ж.ж. – «2011 жылғы VII қысқы Азия ойындарын Ұйымдастыру комитетінің атқарушы дирекциясы» АҚ департамент директоры. 2013-2015 ж.ж. – «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасы Тариф бекіту департаменті директорының орынбасары, Экономикалық интеграция департаменті директорының орынбасары, Экономикалық интеграция департаментінің директоры, Өнеркәсіп және инвестициялық саясат департаментінің директоры. 2015-2016 ж.ж. – «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасы басқарма төрағасы орынбасарының міндетін атқарушы ­– Экономикалық интеграция департаментінің директоры. 2016-2018 ж.ж. – «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасы басқарма төрағасының орынбасары. Ұлттық экономика вице-министрі (04.2018-09.2018); Қазақстан Республикасы Премьер-министрінің кеңесшісі (09.2018-10.2018); «Қазақстанның Индустрияны дамыту институты» АҚ басқарма төрайымы (2018-2019); Қазақстан Республикасы Премьер-министрінің кеңесшісі (04.2019-10.2019); «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасы басқарма төрағасының орынбасары (2019-2020). Қазіргі қызметін 2020 жылдың маусым айынан бері атқарып келеді.


Соңғы жаңалықтар