30 мамыр. ҚазАқпарат күнтізбесі

None
АСТАНА. ҚазАқпарат – Оқырман назарына 2023 жылғы 30 мамырға арналған атаулы күндер, есте қалар оқиғалар күнтізбесі ұсынылады.

1953 жылы «Дудар-ай» операсы алғаш рет Қазақ академиялық опера және балет театрында қойылды. Либреттоны А. Хангелдин, музыкасын Е. Брусиловский жазған, режиссері – Қ. Байсейітов. Орыс қызы Мариям мен қазақ жігіті арасындағы нәзік махаббат сезімі «Дудар-ай» әні арқылы беріледі. Композитор қазақ, орыс ән-күйлерінің ырғақтары мен интонацияларын кеңінен пайдалана отырып, екі халыққа түсінікті, ортақ музыкалық тілді табуға талпыныс жасаған. Лейтмотив ретінде қолданған «Дудар-ай», «О, сен кең дала», «Эх ты доля» әндерінің төңірегінде өрбіген әуез, саздар шығарманың өн бойына көрік береді. Операның премьерасында Думан партиясын Ә. Үмбетбаев, Мария партиясын Э. Епонешникова орындаған.

1995 жылы тараздық хореограф, биші Ғаби Исмаиловтың «Модерн-Балеті» құрылды. Ғ. Исмаиловтың шеберханасында әртүрлі жастағы тәрбиеленушілер - балалар да, ересектер де балет өнеріне үйренеді.

2000 жылы Алматыда Республика сарайында «Дәстүрлер сыйлығы» фестивалі аясында Арал теңізі проблемасына арналған «Тақыр» алғашқы қазақ рок-опера-балетінің премьерасы өтті.

2003 жылы Санкт-Петербург қаласында қазақтың ұлы ақыны Жамбыл Жабаевтың ескерткіші ашылды. Бұл ескерткіш – Қазақстан халқының Петербургтің 300 жылдығына жасаған сыйы.

2006 жылы Қазақстан Республикасы Президентінің Мұрағатында «Хасен Өзденбаев: азамат, аудармашы, журналист. Естеліктер жинағы» кітабының тұсаукесер рәсімі болып өтті. Белгілі аудармашы, журналист Қазақ КСР-інің еңбек сіңірген мәдениет қызметкері Хасен Өзденбаев 1937-1938 жылдардағы сталиндік зобалаңды басынан өткерген. Естеліктер жинағына мұрағатқа қабылданған қолжазба мен қазақтың аяулы ұлдары С. Мәуленовтің, Ғ. Қайырбековтің әр жылдары баспасөз беттерінде жарияланған мақалалары мен замандас інілері – белгілі абайтанушы ғалым Ж. Ысмағұлов пен С. Әсіпұлының естеліктері енгізілген. Х. Өзденбаев ұзақ жылдар бойы журналистика саласында қызмет етті. 1938 жылы репрессияға ұшыраған. 1955 жылдан бастап ҚазТАГ (қазіргі «ҚазАқпарат» ХАА) агенттігінде ұзақ жылдар бойы қызмет етті.

2009 жылы Алматыдағы Республика алаңында қымыздың 6000 жылдық тарихына арналған алғашқы «Қымызмұрындық» фестивалі өтті.

2011 жылы жергілікті уақыт бойынша сағат 16:35-те «Байқоңыр» ғарыш айлағына Мәскеуден «KazSat-2» ғарыш аппаратын жеткізген «Руслан» атты АН-124 ұшағы «Юбилейный» аэродромына келіп қонды.

2012 жылы Астана қаласының жас тұрғыны Бибімәриям Омарова АҚШ-тың Калифорния штатындағы Лос-Анджелес қаласында өткен «Бақытты балалық шақ» атты халықаралық ән байқауында бірінші орын иеленді. Бибімәриям – үш жастан ән шырқап жүрген талантты бала. Ол «Ән Орда», «Балбөбек» сияқты көптеген ән байқауларының жеңімпазы болып табылады.

2013 жылы Құрманғазы шығармашылығына арналған халықаралық музыка фестивалінің қатысушылары Гиннесс рекордтар кітабының қазақстандық аналогіне енгізілді. «Мұнайшы» стадионында өткен концертке Қазақстанның түкпір-түкпірінен және көршілес Ресейден 1 008 музыкант қатысты.

2013 жылы Батыс Қазақстан облысы Бөрлі ауданы Ақсай қаласының тумасы, белгілі ақын және қөлөнер шебері Дәмелі Құсайынқызының есімі халықаралық «Белгілі адамдар» энциклопедиясына енді. Дәмелі Құсайынқызының қолынан шыққан киіз үйлер, ұлттық киімдер және тұрмыстық заттар тек Қазақстанда ғана емес, шетелде өткен көптеген көрмелерде жұртшылық назарына ұсынылды. Ерекше ұлттық нақыштағы киіз үйді қолөнер шебері Қазақстан Республикасының Президентіне арнады.

2014 жылы Астанада Кеңес Одағының Батыры, Халық Қаһарманы, Қазақстан Республикасы алғашқы Қорғаныс министрі, армия генералы Сағадат Нұрмағамбетовтің мүсіні орнатылды.

2015 жылы Түркияның Мерсин қаласында Қазақстанның Құрметті консулдығы ашылды. Құрметті консул болып белгілі түрік кәсіпкері Ахмет Будан тағайындалды.

2017 жылы Бангкокте Халықаралық ауыр атлетика федерациясы Сайлау конгресінің алғашқы күні аяқталды. Қазақстан федерациясының президенті Жанат Түсіпбеков сайлауда жеңіске жетіп, ХААФ вице-президенттерінің бірі болды.

2022 жылы әйелдер Бундеслигасына OSG Baden-Baden құрамында қатысып жатқан Халықаралық гроссмейстер әрі Алматы Шахмат федерациясының президенті Жансая Әбдімәлік командасының жеңіске жеткенін мәлімдеді.

«Достар, мен әйелдер Бундеслигасына құрамында қатысып жатқан OSG Baden-Baden командасы мерзімінен бұрын жеңіске жетті. 9-шы турда біз негізгі қарсыластарымыз – SK Schwäbisch Hall командасына қарсы ойнадық және осы ойын біздің жарыстағы орнымызды анықтап берді. Біз 2 ½: 3 ½, есебімен жеңіске жетіп, аяқталуға бір тур қалғанда Бундеслигадағы жеңісті тіркедік», - деп жазды Жансая Әбдімәлік өзінің Instagram парақшасына.


Соңғы жаңалықтар