30 қыркүйек. ҚазАқпарат күнтізбесі

None
АСТАНА. ҚазАқпарат – ҚазАқпарат оқырмандарына 2022 жылғы 30 қыркүйекке арналған күнтізбесін ұсынады.

Қазақстанда Әділет органы қызметкерлерінің күні

Мемлекет басшысының 2012 жылдың 20 қазанындағы №164 Жарлығымен әділет органдары қызметкерлерінің күнін атап өту белгіленген болатын.

Дүниежүзілік аударма күні (Аудармашылар күні)

1991 жылы Халықаралық аудармашылар федерациясы (FIT) 30 қыркүйекті Халықаралық аудармашылар күні деп жариялады.

ЕСТЕ ҚАЛАР ОҚИҒАЛАР

1919 жылы Кирревкомның мәжілісінде әскери-революциялық комитеттің мүшесі Ахмет Байтұрсыновтың әділет басқармасын құру қажеттілігі туралы баяндамасы тыңдалып, Кирревком әскери-революциялық комитет жанындағы әділет басқармасын құру туралы қаулы қабылданды. Қырғыз (Қазақ) революциялық комитетінің жарлығымен әділет бөлімі құрылды.

1920 жылы «Мысль» республикалық қоғамдық-саяси журналының алғашқы саны жарық көрді. Әр жылдары журнал әртүрлі атаулармен шыға бастады. Қазақстан тәуелсіздік алғаннан кейін журнал «Мысль» деп аталды. Басылым беттерінде шолулар, мақалалар, саяси, әлеуметтік-экономикалық реформаларды жүзеге асыру туралы очерктер, Қазақстан Республикасы Президентінің халыққа жолдаулары және т.б. жарияланып тұрды. Сыбайлас жемқорлыққа, қылмысқа, нашақорлыққа қарсы бағытталған материалдар үнемі жарияланып отырған. Әсіресе экономика және құқық саласындағы ғалымдардың мақалалары ерекше орын алады. Қазақ тілі, мәдениеті, тарихы, дәстүрлері мәселелеріне көп көңіл бөлінді.

1992 жылы Қазақстан Республикасының Министрлер Кабинеті жастар үшін Мемлекеттік «Дарын» сыйлығын тағайындау туралы қаулы қабылдады.

1996 жылы Қазақстан Ядролық сынақтарға жан-жақты тыйым салу туралы Шарт мәтініне қол қойды.

2011 жылы Ақтауда қала күніне орай Ынтымақ орталық алаңында Құрманғазыға арналған ескерткіштің ашылу салтанаты өтті. Атқа отырған күйшінің мүсіні таза қоладан жасалған. Тұғырымен қоса есептегенде, ескерткіштің жалпы биіктігі 11,7 метрді құрайды. Ескерткіштің авторы – танымал мүсінші Көшер Байғазиев.

2011 жылы Қазақстан, Қытай, Ресей, Беларусь, Польша және Германия теміржол ведомстволарының өкілдері Чунцин қаласында (Оңтүстік-Батыс Қытай) ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды. Құжаттың мақсаты – Чунцин-Синьцзян-Еуропа теміржолында тұрақты қозғалыс ашу және жаңа еуразиялық құрлықтық «көпірдің» бәсекеге қабілеттілігін арттыру мақсатында ынтымақтастықты жандандыру.Теміржол Чунциннен басталып (Оңтүстік-Батыс Қытай), Алашанькоу стансасында (ҚХР СҰАА) Қазақстанның теміржол магистралімен жалғанады. Содан кейін Қазақстан, Ресей, Беларусь, Польша аумақтары арқылы Германиядағы Дуйсбургпен қосылады.

2013 жылы «ҚазАқпарат» ақпарат агенттігі мен Испанияның «EFE» халықаралық ақпарат агенттігінің арасында ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылды. «ЕҒЕ» –Associated Press, United Press International, Thomson Reuters және Agence France-Presse сияқты агенттіктермен қатар халықаралық ақпарат агенттіктерінің «үлкен бестігіне» кіретін испан тіліндегі әлемдегі жетекші ақпараттық-жаңалықтар агенттігі. Агенттіктің өз жаһандық тілшілер желісі бар, онда оқиғаларды әлемнің 120 елінен тәулік бойы жариялауға мүмкіндік беретін 3000-нан астам мамандар жұмыс істейді.

2013 жылы ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаев Испания Корольдігі Үкіметінің Төрағасы Мариано Рахойға Екінші дүниежүзілік соғыс жылдарында тұтқындалған, Қарағанды концлагерінде ұсталған 152 испандық әскери тұтқынның мұрағат құжаттарын тапсырды. Олар Испанияның жекелеген азаматтарына туыстарының тағдыры туралы білуге мүмкіндік береді.

2014 жылы Алматыдағы Т. Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясында Ватикан мұрағатынан табылған туындылардың фотокөрмесі ашылды. Ватикан мұрағатынан Қазақстан тарихына қатысты баға жетпес деректер табылды. Құнды жәдігерлерді Италия елінің Рим қаласына барған ғылыми зерттеу тобы анықтады. Зерттеу жұмыстары Ватикан мемлекетінің мұрағаттары мен кітапханаларында жүргізілген. Екінші зерттеу тобының құрамында Колумбия университетінің тарих ғылымдарының профессоры Рафис Абазов пен «Қазақстан тарихы мен әлеуметтік ғылымдар» кафедрасының оқытушысы Кармине Барбаро болды. Тарихшы профессор Рафис Абазовтың айтуынша, зерттеу барысында Ватиканның құпия мұрағатынан қазіргі Қазақстан территориясы бедерленген 6 бірегей карта мен 13-15 ғасырларда Рим папасының түрік қағанына жазған хаты табылған. Карта 1684 жылы жасалған.

2015 жылы Қазақстан Республикасының Ұлттық кітапханасының Көрме залында Сирек кездесетін кітаптар мен қолжазбалар қорынан исламның ұлы ғалымдары еңбектерінің кітап көрмесі ашылды. Бұл шара «Алматы – ислам мәдениетінің астанасы-2015» бағдарламасы аясында өтті. Көрмеде 12-18 ғасырлардағы Құранның ежелгі қолжазбалары, XVI ғасырдағы Сүлеймен Бақырғанидің «Хикметтері», Низами, Науаи, Сағди, Хафиз, Джами, Физули сынды шығыс авторларының ислам діні мен поэзиясына арналған қолжазбалары қойылған. Қолжазбалар мен кітаптар шағатай, араб және парсы тілдерінде ұсынылды.

2016 жылы KazSTSat жобасы Гвадалахара қаласында (Мексика) өткен Халықаралық астронавтика конгресінде (ХАК-2016) үздік деп танылды. «Шағын ғарыш аппараттары» сессиясының барлық қатысушыларын KazSTSat Earth жерді қашықтықтан зондтау серігі, жобалау, құрастыру және сынау процестері қатты қызықтырды. Сондай-ақ, толық жобаланған, құрастырылған және қазақстандық инженерлер сынақтан өткізген көпфункциялы борттық компьютер, эксперименттік оптикалық камера және күн сенсоры сынды технологиялық пайдалы жүктемелер үлкен әсер қалдырды.

2017 жылы Шымкентте Қазақстанның рекордтар кітабының «КИнЭС-2017» (Гиннестің рекордтар кітабының қазақстандық аналогы) жаңа рекорды тіркелді. Наурыз алаңында «Алтын дән» компаниясы 1136 кг бауырсақ әзірледі. Оларды дайындау үшін 750 кг ұн, 400 литр май, 60 кг қант және 150 литр сүт қажет болды. Барлығы 10 қазанда дайындалды. Салмақ арнайы таразымен өлшенген. Рекорд жай ғана жасалып қоймай, арнайы комиссия да тіркелгенін растайтын сертификатты Шымкент қаласының басшысы Ғабидолла Әбдірахымов чемпиондарға табыс етті.

2018 жылы Ташкентте қазақ халқының бірігуіне үлкен үлес қосқан және бауырлас халықтар арасындағы достықты берік ұстанған қазақтың әйгілі биі Төле бидің 355 жылдығы кеңінен атап өтілді.

Іс-шараға Қазақстан мен Өзбекстанның зиялы қауым өкілдері, жергілікті қазақ диаспорасы және Түркістан облысынан арнайы келген делегация қатысты.

2019 жылы VI Баку халықаралық кітап көрме-жәрмеңкесі аясында М.Ф. Ахундов атындағы ұлттық кітапханада Қазақстан халқының тарихы мен мәдениеті, оның салт- дәстүрі, экономикадағы, саясаттағы, әлеуметтік саладағы жетістіктері, классикалық және қазіргі заманғы проза мен поэзияның әдеби байлығы туралы білімді таратуды мақсат еткен Қазақстан әдебиеті мен мәдениеті орталығы ашылды.

2020 жылы қазақстандық өнертапқыштар Еуразиялық патенттік ұйымының «Өнертапқыштық және патенттік іске қосқан үлесі үшін» медальдарымен марапатталды.

2021 жылы ақын, жазушы, публицист, журналист, аудармашы және Ұлы Отан соғысына қатысушы Қасым Аманжоловтың сирек кездесетін фотосуреттері мен құжаттары Қазақстанның ұлттық мұрағат қорын толықтырды. Құжаттар негізінен түпнұсқада, қолмен, машинкамен басылған нұсқаларда, газет басылымдары, сызбалар, альбомдар және фотосуреттер түрінде ұсынылған. Қасым Аманжоловтың 110 жылдығына орай Қарағанды ​​облысының мемлекеттік мұрағаты жеке мұрағаттағы құжаттарға ғылыми-техникалық өңдеу жұмыстарын жүргізіп, «Өмірін өлеңмен өрнектеген» фотоқұжаттық көрме ұйымдастырып, ақын туралы бейнероликті көпшілік назарына ұсынды.


Соңғы жаңалықтар