30 қаңтар. ҚазАқпарат күнтізбесі

None
АСТАНА. ҚазАқпарат – ҚазАқпарат оқырмандарына 2023 жылғы 30 қаңтарға арналған күнтізбесін ұсынады.

АТАУЛЫ КҮНДЕР

Дүниежүзілік алапес ауруымен күрес күні

1954 жылдан бері жыл сайын қаңтардың соңғы жексенбісінде аталып өтеді. Ол Хансен ауруы туралы хабардарлықты таратуға арналған. Бұл күннің басты ұраны – алапеске шалдыққан адамдарға қатысты кемсітушілік көзқарастармен күресу, олардың қоғамда толыққанды өмір сүруі үшін барлық құқықтар мен мүмкіндіктерді қамтамасыз ету.

Мектептерде бейбітшілік және күш қолданбау күні

1964 жылы испан ақыны, мұғалім және пацифист Лоренцо Видал бұл күнді бекітуге бастамашылық еткен. Осы күнді атап өтуге түрлі елдердегі білім беру мекемелері, ұстаздар мен оқушылар қатыса алады.

ЕСТЕ ҚАЛАР ОҚИҒАЛАР

1976 жылы Бозашы бөлігінің солтүстік еңісінде орналасқан «Қаламқас» мұнай-газ кеніші ашылды. 1976 жылы БА-15Н жеңіл өзі жүретін бұрғылау станогы қатты аязда Қаламқас үстіртінің солтүстік қанатына жеткізілді (бұрғылау шебері А. Волочев). 1976 жылғы қаңтардың 30-ында К-1 ұңғымасынан 587 метрлік тереңдіктен газ шықты. 1979 жылғы тамыздың 23-інде өнеркәсіптік мұнай-газ шығарыла басталды, ал 1980 жылдың қаңтарында «Қаламқас» мұнайының бірінші танкері Бакуге жіберілді. 2005 жылғы маусымның 6-ында «Қаламқасмұнайгаз» өнеркәсіптік басқармасы кеніштен жүз миллион тонна мұнай шығарды.

1992 жылы Қазақстан Республикасы Еуропадағы Қауіпсіздік және Ынтымақтастық Ұйымына (ОБСЕ) кірді. Осы ұйымға 2010 жылы Қазақстан төрағалық етіп, 1-2 желтоқсан күндері Астана Саммитін өткізді.

2004 жылы Ресей Федерациясының Омбы қаласында қазақтың ұлы ғалымы, этнограф Шоқан Уәлихановқа ескерткіш орнатылды. Ескерткіш Омбыдағы Шоқан Уәлиханов атындағы көшеге қойылды. Мүсін авторы – Қазақстан Республикасы Суретшілер одағының мүшесі, доцент Азат Баярлин.

2008 жылы Шоқан Уәлиханов атындағы Көкшетау мемлекеттік университетіне Еуропалық бизнес ассамблеясының «Еуропалық сапа» халықаралық марапаты берілді. Бұдан бөлек аталған оқу орнының ректоры, белгілі ғалым-түркітанушы Шәкір Ибраев Еуропадағы интеграцияны дамытуға қосқан үлесі үшін «Біріккен Еуропа» халықаралық марапатына ие болды.

2012 жылы Парижде Қазақстан Республикасының Төтенше және Өкілетті елшісі Нұрлан Дәненов Халықаралық көрмелер бюросының (ХКБ) бас хатшысы Висенте Гонсалес Лоссерталеске Қазақстан Республикасының Астанада ЕХРО-2017 Халықаралық мамандандырылған көрмесін өткізуге өтінім досьесін тапсырды.

2013 жылы Алматыда қазақ халық ертегілері негізінде құрастырылған анимациялық жинақтың таныстырылымы өтті. Жинаққа 85 сериядан тұратын «Алдар Көсенің көңілді оқиғалары», «Бізді қоршаған әлем» слайд-шоу түріндегі 50 ертегі, 1 000 сөзден тұратын орысша-қазақша иллюстрациялық аудио-сөздік енді.

2013 жылы Л. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті Еуропалық университеттер қауымдастығына мүше болды.

2017 жылы Францияның Альбиез қаласында өткен Еуропа кубогінің кезеңінде шығысқазақстандық фристайлшы Аяулым Әміренова әйелдер арасында бірнеше жүлделі орынға ие болды.

2018 жылы Қазақстанда ҚР Президенті жанындағы Цифрландыруды енгізу мәселелері жөніндегі комиссия құрылды. Оның міндеті – Қазақстандағы цифрландыру мен цифрлық технологиялар енгізу мәселелері бойынша ұсыныстар беру.

2018 жылы сегіз жасар ақтөбелік Мұса Түркімбаев турникте 42 рет тартылып, Қазақстанның рекордтар кітабына енді. Мұсаның ерекше қабілеттері үш жасынан байқала бастаған. Бір рет турникке тартылып көрген бала мұны әдетке айналдырған.

2021 жылы аты аңызға айналған футболшы және спорт комментаторы Диас Омаров туралы «Вел репортаж Диас Омаров» кітабы жарық көрді. Бұл кітапта аты аңызға айналған «Қайрат» футболшысының достары, әріптестері мен туыстары Диас Омаровтың қандай дарынды футболшы болғанын жазады. Спортқа деген сүйіспеншілігі оны спорт журналистикасына жетеледі. Жоғары эрудиция, әртүрлі спорттық пәндер ережелерінің негіздерін білу оған көптеген жанкүйерлердің көзайымына айналуға мүмкіндік берді.

2022 жылы Әбу-Дабиде ММА бойынша 56 елден 421 спортшы қатысқан әлем чемпионатында ақтөбелік Бағдат Жұбаныштың (52,2 кг дейін) хет-тригі ММА әлеміндегі тарихи оқиға болды. Соңғы жекпе-жекте ол ресейлік Фархад Рахмоналиевті жеңіп, әуесқой ММА-де алғашқы үш дүркін әлем чемпионы атанды.


Соңғы жаңалықтар