3 жылда бизнеске заңсыз араласқан 318 лауазымды тұлға сотталды

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - 3 жылда бизнеске заңсыз араласқан 318 лауазымды тұлға сотталды. Бұл туралы бүгін ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі 1-ші департаментінің аға тергеушісі Данияр Бегайдаров айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Агенттік мемлекеттік органдардың шағын және орта бизнес қызметіне заңсыз араласу фактілерінің жолын кесу бойынша белсенді жұмыс жүргізуде. Соңғы 3 жылда осы бағытта 914 фактінің жолын кесті. 625 лауазымды тұлға жауапқа тартылды, 318-і сотталды. Қабылданған шаралар 1000-нан аса кәсіпкердің құқығын қорғауға мүмкіндік берді», - деді ол.

Оның атап өтуінше, заңсыз іс-әрекеттердің 727-сі парақорлықпен, 77-сі алаяқтықпен, және 36-сы лауазымдық өкілеттіктерін асыра пайдаланумен байланысты болып отыр. Мемлекеттік сатып алу рәсімдерін өткізу кезінде сыбайлас жемқорлық тәуекелдерінің орын алуы жалғасуда. Мысалы, Қостанай облысында облыстық онкологиялық диспансердің бас дәрігері Наурызов 4 жылға және оның орынбасары Бөпежанов 3 жылға бас бостандығынан айырылды.

«Олар зертханалық зерттеулер жүргізу үшін дәрі-дәрмектерді жеткізу бойынша құжаттарға кедергісіз қол қойғаны үшін ЖШС өкілінен 4,4 млн теңге көлемінде пара алған. Сонымен қатар, санитарлық-эпидемиологиялық және ветеринарлық бақылауды жүзеге асыратын лауазымды тұлғалар пара үшін тікелей міндеттеріне қайшы келе отырып, нақты тексерусіз және зертханалық зерттеулер жүргізбей, заңсыз анықтама-қорытынды берген», - деді агенттіктің аға тергеушісі.

Соңғы жаңалықтар