3 желтоқсан. ҚазАқпарат күнтізбесі

None
АСТАНА. ҚазАқпарат – ҚазАқпарат оқырмандар назарына 2022 жылғы 3 желтоқсанға арналған күнтізбені ұсынады.

Халықаралық мүмкіндігі шектеулі жандар күні

1992 жылдың аяғында БҰҰ Бас Ассамблеясы мүгедектер онжылдығының (1983-1992) аяқталуына орай 3 желтоқсанды мүгедектер күні етіп жариялады. Кез келген мемлекеттің құндылығы мен ізгілігі балалар мен қарттарға, мүгедектерге деген қарым-қатынасымен айқындалады. Мүмкіндігі шектеулі жандардың халықаралық күні туғанынан өмірдің азабын тартқан жандарға тағы бір назар аударып, жанына желеу болуға мүмкіндік жасайды.

БҰҰ мәліметтері бойынша, әлемде 600 миллион мүмкіндігі шектеулі адам бар.

Пестицидтерден бас тарту күні

Алғаш рет 1998 жылы өткізілген. Бұл дата 1984 жылы болған Бхопал апатына арналып таңдалған. Бхопал апаты – Үндістанның Бхопал қаласындағы Union Carbide India Limited химия зауытында болған, қаза болғандар саны бойынша ең ірі техногендік апат саналады.

ЕСТЕ ҚАЛАЛАР ОҚИҒАЛАР

1993 жылы Каспийдің қазақстандық қайраңында геологиялық барлау жұмыстарын жүргізу үшін Халықаралық консорциум құру туралы Келісімге қол қойылды. Шетелдік жеті компаниядан («Аджип», «Бритиш Петролеум», «Статойл», «Бритиш Газ», «Мобил», «Total», «Shell») және бұл жобаның операторы ретінде шыққанг «ҚазақстанКаспийШельфтен» құрылған консорциум аймақтың мұнай әлеуетін үшжылдық геологиялық зерттеу туралы келісімге қол қойды.

2009 жылы Қазақстанда екі халықаралық пошта маркасы шығарылды. Маркалар фауна мен флораға арналған. Олардың бетінде долана өсімдігі мен итаю бейнеленген. Әрқайсысы 180 теңгеден тұратын 100 мың данадан шығарылды. Қазпошта маркаларында бұдан бұрын да суреттелген жануарлар мен өсімдіктердің барлық түрлері Қазақстанның Қызыл кітабына енген.

2010 жылы ЕҚЫҰ саммитінде Астана декларациясы қабылданып, онда ЕҚЫҰ-ның барлық өзгерістеріндегі барлық нормалар, қағидаттар мен міндеттемелерді орындау айқындалған.

2012 жылы Түркияның ірі провинцияларының бірі Невшехир орталығында «Қазақстан» саябағы ашылды. Осыған орай қаладағы орталық Конгресс-холлда ҚР Тұңғыш Президенті туралы фотокөрме, кітап көрмесі ұйымдастырылды.

2013 жылы жас әнші Мария Мудряк Магда Оливера (Италия) атындағы халықаралық опера байқауының үш бірдей премиясын жеңіп алды. Миландағы конкурсқа қатысу үшін әлемнің 19 елінен 150 әнші келген. М. Мудряк Ла Скала театрында «Тоска» операсында Пастушканың рөлін ойнады. Ол Қазақстанды Италия, Германия, Франция, Швейцария, Испания, Ресей, Польша мемлекеттік концерттерінде таныстырып жүр.

2013 жылы Қазақстан Республикасының Ұлттық банкі «proof» сапасымен номиналы 500 теңгелік «Шығыс күнтізбесі» монеталар сериясынан «Жылқы жылы» алтын және күміс ескерткіш монеталарын айналымға шығарды.

Күмістен және алтыннан жасалған екі монетаның бет және сырт жағындағы бейнелері бірдей. «Жылқы жылы» ескерткіш күміс және алтын монеталары – «Шығыс күнтізбесі» монеталар сериясын жалғастыратын төртінші монеталар.

2014 жылы Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев, Түрікменстан Президенті Ғұрбанғұлы Бердімұхамедов және Иран президенті Хасан Рухани Қазақстан-Түрікменстан-Иран трансұлттық темір жолын ашты.

2014 жылы Астанада «ҚазАқпарат» ХАА мен Моңғолияның «Монцамэ» ақпарат агенттігі арасындағы ынтымақтастық туралы келісімге қол қойылды. «Монцамэ» ақпарат агенттігі – Моңғолиядағы медиа ұйымдардың бірі. 1921 жылы «Монта» атауымен моңғол телеграф агенттігі болып құрылған. Штаб-пәтері Ұлан-Батырда орналасқан.

2015 жылы Нью-Йоркте әлемге танымал Линкольн-орталығының «Alice Tully Hall» акт залында Қазақстанның Өнер апталығы салтанатты түрде ашылды. Шараның басты мақсаты – әлем қоғамын қазақ халқының мәдениетімен, дәстүрімен және өнерімен таныстыру.

2016 жылы Қазақстан Республикасының Нова-Горица қаласындағы Құрметті консулдығы ашылды. Оны танымал кәсіпкер, «НІТ» компаниясы басқармасының төрағасы Димитрий Пицига басқарды. Нова-Горица – Словениялық теңіз жағалауының ең ірі қаласы және жаңа экономикалық орталығы.

2017 жылы Үндістан астанасындағы «Кутб-Минар» тарихи кешенінің аумағында «Беймәлім Қазақстан» фотокөромесі өткізілді. Екі күннің ішінде Қазақстан туралы фотокөрмені 50 мыңнан астам шетелдік туристер мен Үндістан тұрғындары тамашалаған.

2020 жылы Курчатов қаласындағы ҚР Ұлттық ядролық орталығына радионуклидтік мониторинг станциясы жеткізілді. Станцияның негізгі мақсаты – алыс қашықтықтарға әуе жолымен тасымалданатын ядролық жарылыстың (асыл газдардың) физикалық өнімдерін тіркеу мақсатында ауаға радионуклидтік мониторинг жүргізу. Қазақстанда радионуклидтік станцияны құру ядролық сынақтар нәтижесінде түзілетін радиоактивті инертті газдардың белгілері тұрғысынан өңірде әуе мониторингін күшейтуге мүмкіндік береді, әлемде жаппай қырып-жою қаруын таратпау режимін күшейтуге ықпал етеді, сондай-ақ ЯСЖТШҰ шеңберінде Қазақстан мен басқа елдердің жемісті ынтымақтастығын одан әрі дамыту мен нығайту үшін негізгі факторлардың бірі болмақ.

2020 жылы «Мұзбалақ» қазақстандық толықметражды анимациялық фильмі бірден екі фестивальде – Стокгольмдағы кино және теледидар фестивалінде (Швеция) және «Алтын ара» балалар фильмдерінің халықаралық кинофестивалінде (Үндістан, Нью-Дели) «Үздік анимациялық фильм» аталымында топ жарды.

2021 жылы Мақат ауылында «Боздағын күткен – Ана» монументінің ашылу салтанаты өтті. Бұл ескерткіштің жасалуының алғы шарты Ұлы Отан соғысындағы жалғыз ұлын 30 жыл, соңғы демі қалғанша күткен Сәнді Денгелбайқызының өмірбаяны болды. Мақат вокзалының алдына төрт метрлік ескерткіш орнатылды.


Соңғы жаңалықтар