3 жасар баланы құтқарған өрт сөндіруші Елбасының марапатын алды

None
None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Алматылық өрт сөндіруші Елбасы атынан мемлекеттік марапат алды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі қалалық ТЖД баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Қалалық ТЖД №6 өрт сөндіру бөлімінің командирі  Саят Рахимов өртенген үйден баланы құтқарып шыққан болатын.

Төтенше оқиға 13 шілде күні «Көктем-1» шағынауданында болды. Түскі 12:46 шамасында №16 үйде өрт шыққаны туралы шұғыл хабарлама түскен.

Оқиға орнына жеткен өрт сөндірушілер қою түтін будақтаған 4-қабаттан шығып жатқан баланың даусын естіп, жоғарыға көтерілген.

Алайда есік сыртынан жабық болғандықтан, автобаспалдақты қолданбақ болған. Дегенмен, аулада бос орын болмағандықтан бұл әрекеттен түк шықпады.

Старшина Рахимов Саят жылжымалы үш тізбекті баспалдақпен үшінші қабатқа дейін жетіп, одан әрі қол баспалдағын пайдалана отырып, 4 қабатқа шықты.

Өрт сөндіруші үйден баланы алып шығып, терезеге тақалған тар баспалдақ арқылы баланы абайлап түсірді.

Осындай ерлігі үшін Қазақстан Республикасы тәуелсіздігі күніне орай ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың №594 Жарлығына сәйкес Рахимов Саят Махмұтұлы «Ерлігі үшін» медалімен марапатталды.

Соңғы жаңалықтар