3 мыңнан астам кәсіпорын еңбекті қорғаудың халықаралық стандартын енгізді - Тоғжанов

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Елімізде 3 мыңнан астам кәсіпорын еңбекті қорғаудың халықаралық стандартын енгізді. Бұл туралы ҚР Премьер-Министрінің орынбасары Ералы Тоғжанов айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Халықаралық еңбек ұйымының Өнеркәсіп пен саудадағы, сонымен қатар ауыл шаруашылығындағы еңбек инспекциясы туралы конвенциясын ескере отырып, мемлекеттік еңбек инспекциясының әлеуетін күшейту, атқарушы органдар мен Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі арасындағы бақылау қызметін бөлу бойынша іс-шаралар қабылданып жатыр», - деді Үкімет басшысының орынбасары елордада өтіп жатқан KIOSH-2022 X Қазақстандық еңбекті қорғау және өнеркәсіптік қауіпсіздік жөніндегі халықаралық конференция барысында.

Оның атап өтуінше, еңбек қауіпсіздігін қамтамасыз ету жөніндегі заманауи әрі барынша тиімді әдістерге жіті назар аударылады. Сонымен қатар мемлекеттік еңбек инспекторларының білімін үнемі жетілдіру қолға алынады.

«Шамамен 300 кәсіпорын нөлдік жарақаттану конвенциясына қосылса, 3 мыңнан астам кәсіпорын қауіпсіздік және еңбекті қорғау халықаралық стандарттарын енгізді. Ел кәсіпорындарында азаматтардың еңбек құқығының бұзылуына жол бермеуге бақылау тұрақты түрде жүргізіледі. Өткен жылы құқық қорғау органдарына еңбек құқығының бұзылу фактісі бойынша 1 мыңнан астам іс жіберіліп, ұсынылған деректердің негізінде 127 қылмыстық іс қозғалды», - деді Ералы Тоғжанов.


Соңғы жаңалықтар