3 мыңға жуық астаналық салық қарызына байланысты шетелге шыға алмайды

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Шамамен 3 мыңға жуық астаналық салық қарызына байланысты шетелге шыға алмауы мүмкін, деп хабарлайды ҚазАқпарат Астана қалалық Мемлекеттік кірістер департаментінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

«2018 жылдың 1 шілдесіндегі жағдай бойынша, бюджетке салық түрінде 643,6 млн теңге қарыз Астананың 2093 азаматына қатысты материалдар мәжбүрлі төлету үшін сот орындаушыларына жіберілді», - делінген хабарламада.

Департамент жеке тұлғалар салық қарызын өтемеген жағдайда, оны мәжбүрлі түрде орындату үшін атқарушылық өндіріс органдарына бұйрық жіберілетінін атап өтті. Бұл жағдайда банк есепшоттары бұғатталып, жылжитын және жылжымайтын мүліктерге тыйым салынатын болады.

Атап өтілгендей, бүгінде қарызды төлетудің ең тиімді жолдарының бірі ел аумағынан шығуға тыйым салу болып отыр.

«Атқарушылық іс жүргізу және сот орындаушыларының мәртебесі туралы» ҚР Заңының 33-бабына сәйкес, борышкер болып табылатын жеке тұлға мерзімдік төлемдерді өндіріп алу туралы атқарушылық құжат талабын үш айдан астам уақыт бойы орындамаса, сот орындаушы оның республика аумағынан шығуына шектеу қоя алады. Әрбір адам Мемлекеттік кірістер комитетінің сайтында өзін борышкерлер тізімінен тексере алады немесе Астана аудандарының мемлекеттік кірістер басқармаларына жүгінуге болады. Сапарға шығар алдында келеңсіздікке тап болмау үшін астаналық департамент мүлікке, жерге және көлікке салынатын салық қарызды өтеуге кеңес береді.

Соңғы жаңалықтар