3 мың атыраулық көне Сарайшық қазыналарымен қайта қауышты

None
None
АТЫРАУ. ҚазАқпарат - Атырауда өткен «Тарих қойнауындағы Сарайшық» атты музей түні мерекелік шарасын 3 мыңға жуық халық тамашалады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Бұл шара Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласын жүзеге асыру аясында киелі жерлерімізді таныту, халқымыздың көне тарихынан сыр шертетін, тектілігімізді ұлықтайтын көне әрі құнды жәдігерлерді ел арасында, әсіресе жастар арасында дәріптеу, қала тұрғындары мен қонақтарына рухани-мәдени демалыс сыйлау мақсатында ұйымдастырылды.

Музей түнінде көрермендер тарих қойнауындағы Сарайшықтың қазына артқан керуенімен, жеті ханымен, Секер көлдегі Жәнібек ханның айдай сұлу қызымен театрландырылған көрініс аясында жүздесті. Сонымен қатар, шара барысында суретші-блогер Аңсаған Мұстафаның көрмесі, 100 жаңа есім иегері, жерлесіміз Әсемгүл Оразаевамен және облыстық іскер әйелдермен дастархан басындағы сырлы сұхбат өтті.  Бұдан бөлек, жергілікті қолөнер шеберлері З.Орынбасарованың, ағаш шеберлері Т.Жұмалиев пен Н.Қалиевтердің көрме-жәрмеңкелері, шеберлік сабақтары, ұлттық спорт ойындарынан жарыстар ұйымдастырылды.

null«Музей түні» мерекелік шарасы - Атырау облысы тарихи-өлкетану музейінде 2012 жылдан бері жүзеге асырып келе жатқан халықаралық ірі әлеуметтік мәдени-білім беру жобасы. Дәл осы түні музей түрлі жастағы, түрлі көзқарастағы адамдарды, түрлі ұлттар мен ұлыстарды тоғыстырып қана қоймай, көңіл көкжиегін кеңейтіп, төл мәдениетіміздің нәрінен сусындауға шақырады. Музей түнінің форматы жыл сайын өзгеріп отырады. Бұл жолы музей атыраулықтар мен қала қонақтарына жаңа бағдарламалар ұсынды», - дейді музей басшысы Рашида Харипова.null

Сондай-ақ, шара барысында «Музейлік квест» интеллектуалдық байқауының жеңімпаз командасы марапатталды. Музей басшысы Рашида Ерімқызы оларға көне Тараз қаласының тарихи орындарына саяхаттау жолдамасын табыстады.

Шара аясында музейге келген балалар «Сарайшыққа саяхат» мультипликациялық фильмінің көрсетілімін тамашалады.

Мерекенің соңы қуанышқа кенелген көрермендердің көңілін «Заман» тобы көтерді.

Соңғы жаңалықтар