3 маусым. ҚазАқпарат күнтізбесі: Атаулы күндер, оқиғалар, есімдер
2018 жылғы 3 маусым 06:10

3 маусым. ҚазАқпарат күнтізбесі: Атаулы күндер, оқиғалар, есімдер

АСТАНА. ҚазАқпарат - ҚазАқпарат оқырмандарына 2018 жылғы 3 маусымға арналған күнтізбесін ұсынады.

АТАУЛЫ КҮНДЕР

Дүниежүзілік велосипед күні
2018 жылы 12 мамырда БҰҰ Бас ассамблеясы бұл күнді БҰҰ-ның әлемдік және халықаралық күндерінің тізіміне қосты.

БҰҰ Бас Ассамблеясы Дүниежүзілік велосипед күнін экологияның бұзылуының алдын алып, адамдарды физикалық тәрбиелеу үшін, денсаулықты жақсартуда велосипедті пайдалануды насихаттау үшін енгізген.

ЕСТЕ ҚАЛАР ОҚИҒАЛАР

1925 жылы Қырғыз елімен арадағы шекараны межелеуге байланысты Шу облысы «уезд құқығындағы аудан» (орталығы - Георгиевка селосы) мәртебесін алды.

1994 жылы ТМД-ға қатысушы елдерге «Мемлекеттердің Еуразиялық одағын құру туралы» жобасы жіберілді. Еуразиялық Одақ идеясы дегеніміз ең алдымен аумақтық тұтастығын, саяси егемендігін және мемлекеттердің басқа да тұрақты сипаттамаларын сақтайтын тәуелсіз мемлекеттердің экономикалық одағының идеясы болып табылады. Интеграцияның жаңа деңгейі бір сәтте жаңа мемлекеттердің шекаралары арқылы бөлініп қалған көптеген адамдардың күнделікті проблемаларын шешуге мүмкіндік береді.

1995 жылы ЮНЕСКО-ның Париждегі штаб-пәтерінде ұлы ойшыл Абай Құнанбаевтың (1845-1904) 150 жылдығына арналған мәдени күндер басталды.

1999 жылы Қожа Ахмет Ясауи кесенесі ішіндегі Кіші Ақсарайға қазақ халқының хандары мен билерінің мүрделері қайта жерленді.

1999 жылы Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаевқа «Ана тілінің айбары» белгісі тапсырылды.

1999 жылы Халықаралық «Алматы инвестициялық саммиті» өз жұмысын бастады. Оған 22 елден 160 компанияның 300-ден астам басшылары мен өкілдері қатысты.

2002 жылы Алматыда Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен шақырылған Азиядағы өзара іс-қимыл мен сенім шаралары жөніндегі кеңестің алғашқы басқосуы өтті. Оған 16 қатысушы елдің, сондай-ақ БҰҰ-ның, ЕҚЫҰ-ның, Араб мемлекеттері лигасының және 8 бақылаушы елдің өкілетті делегациялары қатысты. Кездесу барысында тарихи құжаттар - АӨСШК Алматы актісі мен Терроризмді аластау мен өркениеттер арасындағы үн қатысуға жәрдемдесу туралы Декларациясы қабылданды.

2010 жылы Алматыдағы Мұхтар Әуезов атындағы академиялық драма театрында «Әлия Бөпежанованың кітаптары мен кітап жобаларының» тұсаукесері өтті.

Қазақстан Республикасы Мәдениет министрлігінің бағдарламасы бойынша «Жібек жолы» баспасынан жарық көрген Әлия Бөпежанованың шығармалары 2 кітаптан тұрады. Онда автор өнердің тәрбиелік міндетін қоғамның рухани-эстетикалық дамуымен тығыз байланыста қарастырады. «Өнер - жеке тәжірибе» деп аталатын бірінші кітабында көрнекті суреткерлер, замандас жазушылар мен режиссерлердің шығармашылықтарын сөз етеді. Ал, «Мәдениет - жасампаз сана» атты екінші кітабында сыншының Асқар Сүлейменов, Дж.Сорос, Әзірбайжан Мәмбетов секілді бірқатар тұлғалармен сұхбаттары және көркем аудармалары топтастырылған. Сарапшы Әлия Бөпежанова оқырмандарына кітап жобалары ретінде «Парасат падишасы», «Кек», «Болмыспен бетпе-бет» және «Кинорежиссер, жазушы Сатыбалды Нарымбетов» сынды альбом кітабын ұсынған.

2010 жылы Қарағанды мемлекеттік техникалық университеті (ҚарМТУ) бес мамандық бойынша халықаралық аккредитациядан өтті.

2011 жылы Шымкентте алғаш рет туа біткен ерін ақаулығы бар балаларға арналған оңалту орталығы ашылды. Ол облыстық стоматологиялық емхана базасында жұмыс істейді.

2013 жылы Алматыда Қазақ ұлттық аграрлық университетінде ISAS-2013 Халықаралық магистрлік жазғы мектебі ашылды.

2013 жылы Атырау қаласының делегациясы Әзербайжанға барған сапары барысында Атырау (Қазақстан) мен Ширван (Әзербайжан) арасында ынтымақтастық-бауырластық қатынас орнату туралы Бірлескен декларацияға қол қойылды.

2013 жылы Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті мен Шәкен Айманов атындағы «Қазақфильм» АҚ-ның ұйымдастыруымен «Замандас келбеті» атты деректі фильмдер апталығы басталды. Апта бойы Лев Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің №5 «Студенттер үйі» кинотеатрында фильмдер кейіпкерлерінің қатысуымен «Руханият сардары» (Сұлтан Оразалин), «Шерхан Мұртаза», «Академик Ормантаев» (Камал Ормантаев), «Парасат әуендері» (Төлен Әбдік), «Шәмші» (Шәмші Қалдаяқов) сынды 5 деректі туынды көрермен назарына ұсынылды.

2013 жылы Павлодар мемлекеттік педагогикалық институтының экспедициясы ШҚО Үржар ауданында жүргізген қазба жұмыстары кезінде қорғаннан сақ ханымының мүрдесін тапты.

2014 жылы Будапештте Қазақстан мен Венгрия арасындағы стратегиялық ынтымақтастық туралы Бірлескен декларацияға қол қойылды.

2014 жылы ТМД мемлекет басшыларының кеңесі Тәжікстан Республикасына тәжік-ауған учаскесіндегі шекаралық қауіпсіздікті нығайту үшін қолдау көрсету шешімін қабылдады.

2014 жылы С. Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан мемлекеттік университеті базасында Ш. Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институының филиалы ашылды.

2014 жылы Астанада Саратов облысының күндері салтанатты түрде ашылды.

2014 жылы Венгрияда қазақтың ұлы ақыны Абай Құнанбаев мүсінінің салтанатты ашылуы өтті. Мүсін Венгрия астанасы Будапешттің Астана көшесіне орнатылды.

2014 жылы Қызылордада жергілікті «Қайсар» футбол клубының орталығы ашылды. Мақсат - болашақ қазақстандық футбол жұлдыздарын тәрбиелеу.

2014 жылы Алакөл ауданының Бескөл ауылдық округінің Бұлақты ауылында салтанатты жағдайда «Батыр аналар» ескерткіші мен аллеясы ашылды.

2014 жылы Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев Түркияның Бодрум қаласына Түркітілдес мемлекеттер кеңесінің төртінші саммитіне қатысу үшін келді. Саммит аясында Нұрсұлтан Назарбаев Кеңеске мүше мемлекеттер басшыларымен екіжақты кездесулер өткізді.

2015 жылы Түрік Жерорта теңізі жағалауында орналасқан Джейхан қаласында «Қазақстан» мәдениет орталығы салтанатты түрде ашылды.

2016 жылы Мюнхенде Бавариядағы Қазақстан экономикасының күні өтті. Негізгі мақсаты - қазақстандық-германдық экономикалық ынтымақтастықты одан әрі кеңейту, сондай-ақ республика экономикасына неміс инвестициясын тарту.

2016 жылы М.-Х.Дулати атындағы Тараз мемлекеттік университетінде ТарМУ мен Кастамону (Түркия) университеті арасындағы өзара ынтымақтастық туралы меморандумның аясында қазақстандық-түрік орталығының ашылуы өтті.

2017 жылы Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Talan Towers көпфункционалды кешенінің ғимаратында орналасқан Астанадағы алғашқы бесжұлдызды қонақ үй - «Ритц-Карлтонның» салтанатты ашылу рәсіміне қатысты.

Астананың сол жағалауында орналасқан Talan Towers-тың жалпы ауданы 120 мың шаршы метрді құрайды. Онда Talan Towers Offices, «Ритц-Карлтон» қонақ үйі, SPA-орталық, бизнес-орталық «Emporium» сауда галереясы орналасқан.

ЕСІМДЕР

108 жыл бұрын (1910-1985) суретші, Қазақстанның еңбек сіңірген өнер қайраткері БАРАНОВ Константин Яковлевич дүниеге келді. Екінші дүниежүзілік соғысқа қатысқан.

Ресей Федерациясында туған. Иркутск қаласындағы И.Копылов шеберханасында оқыған.

1948-1956 жылдары Қазақ мемлекеттік баспасының бас суретшісі, Қазақстан Суретшілер одағының төрағасы қызметтерін атқарған.

Станоктік және кітап графикасында линогравюра, литография техникасымен, акварель және гуашь қолдана отырып жұмыс істеген. Жоғары техникалық шеберлікті талап ететін айқындығымен, әдемілігімен, суреткерлік тілінің үнемділігімен, метафоралығымен ерекшеленетін линогравюра саласында табысты еңбек еткен. Қазақстан графикасының дамуына айтарлықтай үлес қосты.

«Қарағанды», «Алматының алмасы», «Балқаш пен Арал балықшылары» сияқты линогравюралық, «Жамбылдың портреті», «Абайдың портреті», «Болат балқытушылар» атты еңбектердің авторы. «Қазақтың халық ертегілері», «Қазақ эпосы» «Қазақ және ұйғыр ертегілері» атты кітаптарды безендірген.

1-, 2-дәрежелі Екіншідүниежүзілік соғыс, «Қызыл Жұлдыз» ордендерімен марапатталған.


95 жыл
бұрын (1923-2015) суретші және анимациялық кино режиссері, қазақ мультипликация өнерінің негізін қалаушы ҚАЙДАРОВ Әмен Әбжанұлы дүниеге келді.

Қарағанды облысында туған. Алматы көркемсурет училищесін, Мәскеудегі Кинематография институтының көркемсурет бөлімін бітірген. «Қазақстан әйелдері», «Ара» журналдары редакцияларында істеген. 1965 жылдан «Қазақфильм» киностудиясында қызмет атқарған. 1976-1981 жылдары Қазақстан Кинематографияшылар одағы басқармасының мультипликациялық кино және шығармашыл жастар арасындағы жұмыс жөніндегі хатшысы болған. 1967 жылы Қайдаровтың салған суреті бойынша «Қарлығаштың құйрығы неге айыр?» атты мультфильм жасалған. Аталмыш туынды Санкт-Петербург қаласында өткен Бүкілодақтық кинофестивальда, Нью-Йорк қаласында өткен Халықаралық мультипликациялық фильмдер фестивалінде жүлдеге ие болған. Сондай-ақ оның «Ақсақ құлан», «Құйыршық», «Қожанасыр құрылысшы», «Жанар», «Күн сәулесінен пайда болған көжек», «Қырық өтірік», т.б. мультфильмдері бар.

«Парасат», «Құрмет белгісі» ордендерімен, медальдармен марапатталған.


null 80 жыл бұрын (1938) ҚР Білім және ғылым министрлігінің Экономика институтының бас ғылыми қызметкері, экономика ғылымының докторы, профессор, Қазақстан Ұлттық ғылым академиясының, Халықаралық жоғары мектеп ғылым академиясының, Қазақстан Республикасы Жоғары мектеп ғылым академиясының, Украина Экономика ғылымдары академиясының, «Еуразия» халықаралық экономика академиясының академигі, Қазақстанның еңбек сіңірген ғылым және техника қайраткері НӘРІБАЕВ Көпжасар Нәрібайұлы дүниеге келді.

Жамбыл облысында туған. Қазақ мемлекеттік университетін, Мәскеу қаржы институтының аспирантурасын бітірген. Еңбек жолын Алматы халық шаруашылығы институтының аға оқытушысы болып бастап, факультет деканы, кафедра меңгерушісі, проректоры қызметтерін атқарған.1976-1983 жылдары - Қазақ КСР Жоғары және арнаулы орта білім министрінің орынбасары, министрі. 1987-1990 жылдары - Қазақстан Ғылым академиясы Экономика институтының жетекші ғылыми қызметкері, бөлім меңгерушісі. 1990-1991 жылдары - Қазақ КСР Министрлер Кеңесінің Экономикалық реформа жөніндегі мемлекеттік комиссиясы төрағасының орынбасары. 1991-2001 жылдары - Әл-Фараби атындағы Қазақ мемлекеттік ұлттық университетінің ректоры. 2001 жылдан Алматы технологиялық университетінің проректоры болған. Нәрібаев бухгалтерлік есеп негіздері, оны ұйымдастыру, есеп ақпаратын өңдеу әдістемесі, экономикадағы ғылыми зерттеулер әдістемесі, халықаралық экономикалық қатынастар, экономиканы басқару, білім беру жүйесін жетілдіру мәселелері бойынша 260-тан астам ғылыми еңбек жазған, оның 30-ға жуығы монографиялар, оқулықтар мен оқу құралдары. Бірқатар еңбектері АҚШ, Англия, Германия, Франция, т.б. шет мемлекеттерде жарық көрген. 2000 жылы Англиядағы халықаралық Кембридж орталығы Нәрібаевқа «Халықаралық жыл адамы» деген құрметті атақ берген. 2001 жылы осы орталық оны халықаралық аса көрнекті 500 қайраткер - «ХХІ ғасырдың негізін қалаушылар» қатарына қосқан.

«Құрмет белгісі» орденімен және көптеген медальдермен марапатталған.


null 75 жыл бұрын (1943) жазушы ТӘЖИЕВА Орынкүл дүниеге келді.

Оңтүстік Қазақстан облысының Сарыағаш ауданында туған. Шымкент қаласындағы медициналық училищені бітіріп, аудандық ауруханада дәрігер болып қызмет атқарған. 1969 жылы Қазақ мемлекеттік университетінің журналистика факультетін бітіріп, республикалық «Лениншіл жас» газетінде, одан соң «Қазақстан» баспасында кіші редактор болып істеген. 1972 жылы Келес аудандық «Мақташы» газетінде алдымен бөлім меңгерушісі, одан соң жауапты хатшы, 1985 жылы Келес аудандық партия комитетінде үгіт және насихат бөлімінің нұсқаушысы, аудан орталығындағы №3 балабақша меңгерушісі болып қызмет атқарған. Қазір зейнет демалысында. Қаламгердің «Жетім қыз», «Қара қолғап», «Менің ауылымның адамдары», «Алтын жазулы алқа», «Шоқ жұлдызды Домалақ ана», «Сырғалылар әулетінің құпия қазынасы» атты шығармалары жарық көрген.


68 жыл бұрын (1950) заң ғылымдарының докторы, Қазақстан Республикасы Әлеуметтік Ғылымдар Академиясының академигі, Қазақстан Республикасы Конституциялық кеңесінің мүшесі НҰРМАҒАМБЕТОВ Аманжол Мағзұмұлы дүниеге келді.

Ақмола облысы Көкшетау қаласында туған. Қазақ мемлекеттік университетін, М.В.Ломоносов атындағы Мәскеу мемлекеттік университетінің аспирантурасын бітірген.

Қазақстан Республикасы Президенті Аппараты және Министрлер Кабинеті секторының меңгерушісі, Қазақстан Республикасы Конституциялық сотының хатшысы, Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрінің орынбасары қызметтерін атқарған. 1998 жылдан - Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия университетінің азаматтық және еңбек құқығы кафедрасының меңгерушісі, заң факультетінің деканы, Қазақстан Республикасы Әділет біліктілік алқасының хатшысы, Құқықтық реформалар жөніндегі мемлекеттік комиссияның, Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы азаматтық мәселелер жөніндегі комиссияның мүшесі. 1999-2004 жылдары - Қазақстан Республикасы Парламент Сенаты төрағасы хатшылығының меңгерушісі. 2004-2005 жылдары - Қазақстан Республикасы Мемлекеттік Хатшы хатшылығының бас инспекторы. Қазіргі қызметінде - 2005 жылдың сәуірінен.

«Қазақстан Республикасы Парламенті депутаттарын сайлау. Сауалдар және жауаптар», «Еңбек шарты» кітаптарының авторы. Еңбек және құқық мәселелеріне арналған 50-ден астам еңбегі бар. Заң ғылымдарының 6 кандидатын дайындаған.


null 39 жыл
бұрын (1979) Алматы қаласы әкімі аппаратының басшысы СЕМБЕКОВ Марат Әмірұлы дүниеге келді.

Павлодарда дүниеге келген. Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университетін бітірген, экономика ғылымдарының кандидаты. Әр жылдары ҚР әділет, экономика және бюджет жоспарлау министрліктерінде, премьер-министр кеңсесінде жауапты қызметтерді атқарды, әкімшілік-құқықтық және заң бөлімдерін басқарған, республикалық бюджеттің атқарылуын бақылау жөніндегі Есеп комитетінің аппарат жетекшісі болған. 2010-2014 жылдары мемлекеттік инспектор, ал кейін жаңа қызметке тағайындалғанша ҚР Президенті Әкімшілігінің Мемлекеттік бақылау бөлімінде жетекшінің орынбасары болып қызмет атқарды.




null 175 жыл бұрын (1843-1920) табиғат зерттеушісі, өсімдік физиологиясы орыс мектебінің негізін қалаушы, Петербург Ғылым академиясының негізін қалаушы, Глазго, Кембридж, Женева университеттерінің құрметті докторы ТИМИРЯЗЕВ Климент Аркадьевич дүниеге келді.

Ресейде туған. Петербург университетін бітірген. 1869 жылдан Егіншілік және орман академиясында (қазіргі К.А.Тимирязев атындағы Мәскеу ауыл шаруашылығы академиясы) оқытушы болған. Ғылыми жұмыстарының негізгі бағыты өсімдік физиологиясына арналған. Тимирязев негізінен фотосинтез процесін зерттеді; спектрлік анализді қолдана отырып, фотосинтездің белсенділігі түсетін жарықтың қарқындылығына байланысты болатынын, ол үшін жарық спектрінің қызыл және көк сәулелерінің маңызды рөл атқаратынын бірінші болып дәлелдеді. Тимирязевтің қолдауымен Петербор Ғылым академиясының аумағында өсімдіктерді қолдан өсіруге арналған Ресейдегі бірінші вегетациалық үй салынған. «Дарвин теориясының қысқаша очеркі», «Ч.Дарвин және оның ілімі», «Биологиядағы тарихи әдістер», «Өсімдіктердің құрғақшылықпен күресі» т.б. еңбектерінде өсімдік физиологиясын, тіршіліктің, дүниенің табиғи құбылыстарын тәжірибелік әдістермен ұштастыра жүргізудің тиімділігін материалистік тұрғыдан дәлелдеген. Мәскеу қаласында Тимирязевке ескерткіш орнатылып, Мәскеу ауыл шаруашылық академиясына, Ресей Ғылым академиясының Өсімдік физиологиясы институтына, Мәскеудің бір ауданына Тимирязев есімі берілген, тұрған үйінде мұражай ұйымдастырылған.

Сондай-ақ... оқыңыз

Jańalyqtar

MURAǴAT