3 қызылордалық конго-қырым безгегін жұқтыру күдігімен ауруханаға түсті

None
None
ҚЫЗЫЛОРДА. ҚазАқпарат - Қызылорда облысында конго-қырым қанды безгегін жұқтырды деген күдікпен үш азамат ауруханаға жатқызылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Былтыр кене шаққан 500 адамның 6-ы КҚҚБ күдікті деп ауруханаға жатқызылды. Биыл 437 адам есепке алынып, оның 3-і емдеу орнына орналастырылды.

«Конго-қырым қанды безгегі бойынша күдігі бар барлық 3 адам да кенемен тікелей байланыста болды. Екеуі егістікте жұмыс істейді, біреуі мал өсірумен айналысады. Бірінші жағдай Жалағаш ауданының Ақсу ауылында тіркелді. Қазір науқастың жағдайы қанағаттанарлық. Науқаспен байланысқан адамдар медициналық бақылауға алынды және ешқандай белгілер табылған жоқ. Одан кейінгі екінші жағдай Шиелі ауданының Досбол би ауылында орын алды. Қазіргі уақытта оның жағдайы тұрақты, науқастан алынған сараптамалар жақсы көрсеткіште, қауіп жоқ. Науқаспен байланысқан жеті адам бақылауға алынды, барлығы 14 күнге дейін тұрақты бақылауда болады.

Үшінші жағдай да Шиелі ауданының Досбол би ауылында қайталанып тұр. Науқас кеше қабылданған, жоғары температурада жалпы жағдайы жақсы. Таңертең алғашқы сараптаманың нәтижелері алынды, сараптамасы теріс болды. Екінші және үшінші сараптаманың аралығы бес күн болады. Тек 3 сынаманың теріс нәтижеснен кейін дәрігерлер диагнозды өзгертеді»,-деді Қызылорда облысы тауарлар мен қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаменті басшысының орынбасары Алия Әбдіқайымова.

«Барлық 123 елді мекендегі 488 мыңнан астам мал басына және көлемі 2 042 998 шаршы метрді құрайтын 32 512 қора мен аумағы 680 048 шаршы метр 1 192 суат пен шаңлаққа көктемгі залалсыздандыру жұмыстарын жүргізу бекітілген кестеге сәйкес 8 сәуір күні басталып, 12 маусым күні аяқталды»,- деді Қызылорда облыстық жұмылдыру дайындығы басқармасы басшысының орынбасары Ғабит Жаңабаев.

Айта кетсек, Қызылорда облыстық тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаментінің мәліметіне сәйкес, биыл облыс аумағында Конго-қырым қанды безгегінің қоздырғышы болып табылатын кенеден қолайсыз аймақ ретінде 123 елді мекен анықталған. Осыған байланысты облыстық бюджеттен көктемгі және күзгі залалсыздандыру жұмыстарын жүргізу үшін 214,0 млн теңге қаржы бөлініп, мемлекеттік сатып алу конкурсы жарияланып, 4 мердігер мекеме анықталды.

Соңғы жаңалықтар