3 қазан. ҚазАқпарат күнтізбесі

None
АСТАНА. ҚазАқпарат – ҚазАқпарат оқырмандарына 2022 жылғы 3 қазанға арналған күнтізбесін ұсынады.

АТАУЛЫ КҮНДЕР

Түркі халықтарының ынтымақтастығы күні

2009 жылғы 3 қазанда түркітілдес елдер мемлекет басшыларының IX саммитінде Қазақстан, Түркия, Әзербайжан және Қырғызстан президенттері тарихи Нахчыван декларациясына қол қойды. Сол күннен бастап түркі әлемі интеграциясы жаңа бір белеске көтерілді. Аталған келісім нәтижесінде тарихта алғаш рет бауырлас төрт ел Түркітілдес елдердің ынтымақтастық кеңесі атты халықаралық ұйым құрды. Осыдан соң ТүркПА, Халықаралық Түркі академиясы дүниеге келді. Ал ТҮРКСОЙ жаңа серпінмен жұмыс істей бастады. 2019 жылы 14 қыркүйекте Өзбекстан Республикасы Түркітілдес мемлекеттердің ынтымақтастық кеңесін (Түркі Кеңесі) құру туралы Нахчыван келісімін ратификациялаған болатын. Осылайша Өзбекстан Түркі Кеңесінің толыққанды мүшесі болып, ұйымға кіретін мемлекеттердің саны беске жетті: Әзербайжан, Қазақстан, Қырғызстан, Түркия және Өзбекстан. Нахчыван декларациясы бекітілген 3 қазан күні – түркі әлемінде жыл сайын түркі халықтарының ынтымақтастығы күні ретінде аталып келеді.

Бүкіләлемдік архитектура күні

Халықаралық сәулетшілер одағының (ХСО) бастамасымен тойланады. Бастапқыда ХСО-ның 1985 жылғы отырысында жыл сайын 1 шілде күні Бүкіләлемдік сәулет күнін тойлау туралы шешім шығарылған болатын. Ал 1996 жылы Халықаралық сәулетшілер одағының Барселонада өткен ХХ Бас Ассамблеясында Бүкіләлемдік сәулет күнін тойлауды қазанның бірінші дүйсенбісіне ауыстыру туралы қарар қабылданды.

Бүкіләлемдік Хабитат күні

Бұл күн «Елді мекендер жөніндегі комиссия» ұсынысына сәйкес, БҰҰ Бас Ассамблеясының 40-сессиясында бекітілген болатын. Бүкіләлемдік Хабитат күні қазанның бірінші дүйсенбісінде, 1986 жылдан бері атап өтіледі. Оның басқа атауы - Халықаралық тұрғын үй күні. Жыл сайын осы күні БҰҰ мен «БҰҰ-ның Елді мекендер жөніндегі бағдарламасы» әлем қалаларының бірінде ресми шаралар өткізеді.

Халықаралық дәрігер күні (International Doctor’s Day)

Жыл сайын қазан айының бірінші дүйсенбісі күні әлемнің көптеген елдерінде Халықаралық дәрігерлер күні атап өтіледі.

Аталмыш мейрамды ұйымдастыру бастамасын көтерген - Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы және «Шекарасыз дәрігерлер» халықаралық медициналық гуманитарлық ұйымы.

ЕСТЕ ҚАЛАР ОҚИҒАЛАР

1883 жылы Семей облыстық кітапханасы ашылды. Бұл мекеме Семейге патша үкіметі жер аударған революционер демократтардың бастамасымен құрылды. Кітапхананың қорында алғашқы кезде мың дана баспа өнімі болды. Ол заманда осынша қор өте бай қазына болатын. Кітапханада орыс классиктерінің шығармаларымен қатар шет ел классиктерінің, әлемнің ең ірі ғалымдарының да тіршілік, табиғат, қоғам өміріне байланысты мәселелерді қарастырған еңбектерін табуға болатын еді. Аталмыш кітапхана Семей зиялыларының орталығына айналған. Тұрақты оқырмандары қатарында Абай, Е. Михаэлис, Н. Долгополов болды. Американдық журналист, публицист Джордж Кеннан, поляк революционері А. Янушкевич, орыстың әйгілі саяхатшысы П. Семенов Тянь-Шанский сияқты ірі тұлғалар да кітапханаға бас сұққан.

1946 жылы Өскемен қаласында 600 абонентке арналған жартылай автоматты телефон стансасының бірінші кезеңі пайдалануға берілді.

2009 жылы ҚР Президенті Н. Назарбаев Әзербайжанның Нахчыван қаласында өткен түркітілдес халықтарының ІХ саммитінде түркі әлемінің бүгіні, ертеңі және болашағын зерттеу жөніндегі халықаралық ғылыми орталықты құру ұсынысын жасады. Қазақстан Президенті сондай-ақ экономиканы, экологиялық қауіпсіздікті, мәдени-гуманитарлық салаларды дамытуда ынтымақтастықтың анағұрлым перспективалық бағыттарын айқындап берді. Сондай-ақ түркі елдерінің Еуропа мен Азия арасындағы байланыстарды орнықтыру және қауіп-қатерлер мен шақыруларға бірлесіп қарсы тұру процестеріне қатысуы маңызды. Форум барысында түркі әлемі елдері арасындағы өзара қарым-қатынастарды нығайту мәселелері жөнінде пікір алмасылды. Осы күні түркі елдерінің ынтымақтастығын жаңа белеске көтеретін Нахчыван декларациясы қабылданды.

2012 жылы Астанада «Алашорда» фотоальбомының таныстырылымы өтті.

2012 жылы «Ілияс Омаров: хаттар арқалаған сырлар. Ілияс Омаровтың хат-жазбаларынан». Кітап қазақ және орыс тілдерінде, 500 беттен тұрады, Ілияс Омаровтың 1942-1970 жылдардағы 295 хатынан тұрады. Хат алмасқан адресаттар мен географиясы таңғалдырады: Ілияс Омаров Кеңес Одағының әлемге әйгілі жазушыларымен, режиссерлерімен, ғалымдарымен, Қазақстанның элитасымен, сондай-ақ қарапайым еңбеккерлермен, балалармен хат алмасқан.

2013 жылы Мағжан Жұмабаевтың туғанына 120 жыл толуына орай Астанадағы ҚР Ұлттық академиялық кітапханасында қазақ классигінің татар тіліне аударылған өлеңдер жинағының таныстырылымы өтті.

2016 жылы «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы бірыңғай гербарий қорын құрды, оның құрамына Қазақстанның үш мыңға жуық өсімдік түрлері кірді.

2018 жылы Қазақстанның білім және ғылым саласындаТәуелсіз ұлттық сарапшылар қоғамы құрылды. Білім беру жүйесінің барлық кезеңінде педагогикалық жұмыстың практикалық тәжірибесі, жоғары кәсіби деңгейі және білім беру қызметтерінің әлемдік нарығында қазақстандық білімнің бәсекеге қабілеттілігін қамтамасыз етуде көмек көрсетуге ықыласты Тәуелсіз ұлттық сарапшылар қауымдастығы құрылды.

2020 жылы Атырау халықаралық әуежайында атақты ұшқыш Хиуаз Доспанованың ескерткіш тақтасы салтанатты түрде ашылды.

2021 жылы коронавирусқа қарсы қазақстандық «QazVac» вакцинасы Халал сертификатын алды. Вакцина дәрілік заттар мен биологиялық белсенді қоспаларды өндіруге, сақтауға, тасымалдауға және өткізуге қойылатын жалпы талаптар бойынша сертификатталды.


Соңғы жаңалықтар