3 ай күттірген Димаштың фанаттары Ақтөбеге келмейді

None
None
АҚТӨБЕ. ҚазАқпарат - Қытайлық туристер Димаш Құдайбергеннің туған жерін көруге келмейтін болды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«ЭКСПО-2017» халықаралық көрмесі аясында қытайлық туристер Ақтөбеге келіп, әнші Димаш Құдайбергеннің туған жеріне саяхат жасауы тиіс еді. Әншінің анасы Светлана Айтбаева облыстық мәслихат сессиясы кезінде туристік маршруттың әзірлігін сұраған болатын.

Ал Ақтөбе облыстық сыртқы байланыстар және туризм басқармасының басшысы Ермек Кенжеханұлы 2 мың турист келуге ұсыныс жасағанын айтып, ішкі туризмді дамытып жүрген фирмаға арнайы маршрут әзірлеуді тапсырды. Турмаршрутқа Димаш Құдайберген оқыған орта мектеп, музыкалық колледжі мен облыстық филармония кірді.  

Үш ай бойы қытайлық әріптестерінен хабар күткен жергілікті туристік фирма Димаш Құдайбергенге арналған маршрутты тоқтатып, ішкі туризмге бағытталған жұмыстарын жандандырды.

«Димаш Құдайбергенге арналған туристік маршрут арнайы дайындалды. Үш ай күттік. Қытайлық әріптестерден хабар болмады, енді туристердің келмейтіні белгілі болды. Қазіргі кезде ішкі туризмді дамыту бағытын қайта қолға алдық. Ырғыз, Байғанин аудандарына барамыз»,- деді «Зере тур» туристік фирмасының директоры Ботагөз Крамбаева.

Айта кетейік, қытайлық туристер келеді деп дайындалған жергілікті билік арнайы гид-экскурсоводтарды да дайындады. Қытай тілін білетіндер басқа аймақтардан хабарласып, өз қызметтерін ұсынды.

Соңғы жаңалықтар