3 алматылық спортшы 45 күндік веломарафонға аттанды

None
None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат Алматыда бүгін 3 спортшы 45 күндік веломарафонға аттанды. Спортшылар 45 күн ішінде велосипедімен Қазақстанның 5 облысын аралап шықпақ.

Бұл бағдардың ұзындығы 3200 шақырымды құрайды.

Осылайша веломарафон қатысушылары Қазақстанда велотуристік спорттың дамуын насихаттамақ. Бүгін оларды Қазақ спорт және туризм академиясының ұжымы ұзақ сапарға шығарып салды.

«Біз Қазақ спорт және туризм академиясы студенттерімен Қазақстанның 5 облысын шарлап шықпақшы болдық. Алматы, Шығыс Қазақстан, Павлодар облыстарын аралап, Астана, Қарағанды, Балқаш арқылы қайтып келеміз. Күніне 100 км қашықтықты бағындырып отырамыз. 3 күн жүрсек, 1 күн дем аламыз. Жолда кездескен мешіттерге, қонақ үйлерге, ауылдарға тоқтаймыз», - деді ҚР білім беру ісінің үздігі, Қазақ спорт және туризм академиясының түлегі Сәрсен Қасымов.

Тәжірибелі спортшымен бірге оқу орнының екі студенті Қанат Жеткербаев пен Дәулеткелді Испулатов аттанды.

Айта кетейік, спорттық шара Ш.Уәлихановтың туғанына 180 жыл толуына, Қазақ хандығының 550 жылдығына, ҚР Конституциясының 20 жылдығына орай ұйымдастырылып отыр.

Соңғы жаңалықтар