3 ақпан. ҚазАқпарат күнтізбесі

None
АСТАНА. ҚазАқпарат - ҚазАқпарат оқырмандарына 2023 жылғы 3 ақпанға арналған күнтізбесін ұсынады.

ЕСТЕ ҚАЛАР ОҚИҒАЛАР

1925 жылы «Жас қайрат» апталық газетінің алғашқы саны жарық көрді. Бастапқыда Орынборда, кейін Қызылордада шыққан басылымның таралымы 2000 дананы құраған. Газеттің «Соңғы жетінің ішінде» атты айдарында шет елдердегі, совет одағындағы жаңалықтармен таныстырса, «Қазақстан жастары» бөлімінде жергілікті ұйым өмірін, жеке жастардың талап-тілектерін жариялап тұрған. «Тәні саудың – жаны сау» айдарымен дәрігерлік кеңестер, спорт жөніндегі материалдар беріп отырған. Қаржы тапшылығына байланысты басылым 1926 жылы қазанның 30-ында 57-ші саны жарық көргеннен кейін тоқтаған.

1990 жылы Қазақстан Республикасының Ұлттық Олимпиада комитеті құрылды және оны 1992 жылы наурыз айында Халықаралық Олимпиада комитеті мойындады. Штаб-пәтері Алматыда орналасқан. Халықаралық Олимпиада комитетінің, Азия Олимпиада кеңесінің және өзге де халықаралық спорт ұйымдарының мүшесі. Қазақстандағы спортты дамыту қызметімен айналысады.

2006 жылы Семей полигонының алғашқы картасы жарыққа шықты. Онда әкімшілік шекаралар, елді мекендер, өзендер мен жолдардан басқа пайдалану үшін қауіпті барлық ластанған радиоактивті учаскелер көрсетілген. Аталған жоба Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымының Қазақстандағы миссиясы, Нидерландтың Hivos қоры көмегімен іске асты.

2007 жылы Киевтегі Тарас Шевченко атындағы Ұлттық опера және балет театрында Украинадағы Қазақстан жылының ресми ашылу салтанаты өтті.

2010 жылы Қазақстанның Германиядағы елшілігі Ұлттық академиялық кітапханаға неміс тілінде жарық көрген 65 кітапты сыйға тартты. Кітапханаға тарту етілген кітаптардың арасында Нұрсұлтан Назарбаевтың, Абайдың, Мұхтар Әуезовтің, Әбіш Кекілбайдың, Герольд Бельгердің, т.б. таңдамалы шығармалары болды.

2014 жылы республиканың ғалымдар және меценаттарының бір тобы «Қазақтар. Тарих және мәдениет» атты бірегей кітапты жарыққа шығарды. Кітап қазақ, орыс және ағылшын тілдерінде басылып шыққан. Кітапта XIX ғасырдағы Еуропа және Ресей фотографтары мен суретшілерінің қолынан шыққанқазақ тұрмыс-тіршілігі туралы сирек кездесетін, тіпті бұрын белгісіз көне суреттер, шетелдік картографтар жасаған қазақ жерінің ескі карталары бар. Этнографтар Назгүл Байғабатова мен Рақым Бекназаров әзірлеген мәтіндерде қазақ этнографиясының ерекшеліктері толығымен сипатталған.

2017 жылы Қазақстандық шахматшы Жансая Әбдімәлік chess.pw сайтында жүргізілген сауалнамада Еуразияның ең әдемі шахматшысы атанды. Оған Польша, Әзербайжан, Үндістан, Иран, Өзбекстан, Қырғызстан, Тәжікстан және Қазақстан өкілдері қатысты. 17 жастағы халықаралық гроссмейстер Жансая Әбдімәлік 9136 дауыспен айқын жеңіске жетті.

2019 жылы қазақстандық теннисші Елена Рыбакина Лонсестонда (Аустралия) өткен ITF сериясы турнирінде титулды жеңіп алды. Оның қарсыласы – ресейлік Ирина Хромачева, финалдық матчты аяқтай алмады.

2021 жылы Қазақстанда «SOS батырмасы» жүйесі іске қосылды. Олар саябақ, адам көп шоғырланатын қоғамдық орындарда орнатылады. Батырманы азаматтардың телефоны өшіп қалған жағдайда да басуға болады.

Оның видео немесе аудио хабарламасы Жедел орталық басқармасына келіп түседі. Картада оның мекенжайы шығады. Арнайы қызметкерлер видеосы мен аудиосын көре алады. Шынымен де, азаматқа көмек керек болған жағдайда полиция жасағын жібереді.


Соңғы жаңалықтар