3-5 жылдың ішінде импортқа тәуелділікті толық жою керек - Асқар Мамин

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Алдағы 3-5 жылдың ішінде республиканың импорт тауарға тәуелділігін толық жоюымыз керек. Бұл туралы бүгін Үкімет отырысында ҚР Премьер-Министрі Асқар Мамин айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Біздің алдымызға агроөнеркәсіп кешеніндегі еңбек өнімділігін 2022 жылға қарай 2,5 есе арттыру міндеті қойылған. Жалпы, саланың инвестициялық тартымдылығы жоғары деп айтуға болады. Жоспарланған инвестиция көлемі - 1,4 трлн теңге. Қазіргі таңда импортқа тәуелділікті азайту мақсатында ішкі өндірісті ұлғайту - ауыл шаруашылығын дамытудың негізгі басымдықтарының бірі болып белгіленген. Осы жоспарланған шаралардың арқасында алдағы 3-5 жылдың ішінде республиканың импортқа деген тәуелділігін жойып, елімізді барлық әлеуметтік маңызы бар тауарлармен толық қамтамасыз етуіміз қажет», - деді Үкімет басшысы.

Оның атап өтуінше, мемлекеттік қолдауды өзектендіруді көздейтін тәсілдер нақты нәтижеге бағытталуы тиіс. Субсидия бойынша бөлінген әрбір теңге нәтиже беруі керек. Суармалы егіншілік пен жем-шөп өндірісін дамыту - негізгі міндет болуы тиіс.

«Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігіне жер алқаптарын суғаруға инфрақұрылым жеткізу жөніндегі кешенді шараларды іске асыруды тапсырамын. Жалпы, агроөнеркәсіп кешені бойынша мемлекет бағдарламасының Ауыл шаруашылығы министрлігі ұсынып отырған өзгерістер мен тәсілдер осы кешеннің аса маңызды бағыттарының дамуына серпін беріп, саланың инвестициялық тартымдылығын арттырады деп санаймын», - деді Премьер-Министр.

Сонымен қатар ол ҚР Ауыл шаруашылығы министрі Сапархан Омаровтың шаруаларға мемлекеттік субсидиялар бойынша берешекті жою ұсынысын қолдайтынын айтты.

«Сапархан Кесікбайұлының ауыл шаруашылығын субсидиялау және инвестициялық субсидия бойынша берешекті жою жөніндегі ұсыныстарын толығымен қолдаймын», - деді Асқар Мамин.

Соңғы жаңалықтар