29 желтоқсан. Туған күн иелері

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Бүгін, яғни 29 желтоқсан күні тұлғалардан кімдер дүниеге келген? ҚазАқпарат оқырмандарына есімдер күнтізбесін ұсынады.

ЕСІМДЕР

111 жыл бұрын (1910-1988) қоғам қайраткері, Қазақ КСР-нің еңбек сіңірген мәдениет қызметкері, филология ғылымының кандидаты, аудармашы Құрманбек САҒЫНДЫҚОВ дүниеге келген.

Жамбыл облысы Жуалы ауданында туған. Жоғары партия мектебін бітірген.

1933-1936 жылдары - Қазақ кәсіподақ кеңесі бөлімінің жауапты нұсқаушысы, меңгерушісінің орынбасары. 1936-1941 жылдары - Қазақ көркем әдебиет баспасының редакторы, Қазақ бірлескен баспасының бас редакторы. 1941-1944 жылдары - Ош әскери-саяси курстарының тыңдаушысы, Панфилов дивизиясы танкіге қарсы зеңбірек батареясының комиссары, дивизия газеті редакторының орынбасары. 1945-1946 жылдары - Қызыл Армияның Бас саяси басқармасы қазақ тіліндегі басылымының редакторы. 1946-1950 жылдары - Қазақстан Компартиясы Орталық Комитеті жанындағы Партия тарихы институтының аға ғылыми қызметкері. 1950-1953 жылдары - Жоғары партия мектебінің тыңдаушысы. 1953-1957 жылдары - Партия тарихы институты секторының меңгерушісі. 1957-1959 және 1965-1981 жылдары - «Қазақстан коммунисі» журналының бас редакторы. 1959-1962 жылдары - Қазақ КСР Министрлер Кеңесі жанындағы радио хабарларын тарату және телеарна комитетінің төрағасы. 1962-1965 жылдары - «Оңтүстік Қазақстан» аймақтық газетінің бас редакторы.

Қызыл Жұлдыз, 2-дәрежелі Отан соғысы, Еңбек Қызыл Ту, Халықтар достығы ордендерімен, медальдармен және Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің Құрмет грамотасымен марапатталған.

83 жыл бұрын (1938-1992) жазушы, әдебиет сыншысы, драматург, Қазақстан Мемлекеттік сыйлығының лауреаты Асқар СҮЛЕЙМЕНОВ дүниеге келген.

Оңтүстік Қазақстан облысында туған. Қазақ педагогикалық институтын және аспирантурасын бітірген. «Жұлдыз», «Парасат» журналдарында, «Қазақфильм» киностудиясында, Қазақстан Жазушылар одағында, М.Әуезов атындағы Қазақ академиялық драма театрда қызмет атқарған. Алғашқы сын мақаласы «Жол басы» «Лениншіл жас» (қазіргі «Жас алаш») газетінде жарияланған. Сүлейменовтің «Бесін», «Адасқақ», «Бесатар» прозалық шығармалары, «Арғымақ пен шабандоз», «Кек» драмалық жинағы, «Парасат падишасы», «Болмыспен бетпе-бет» сыни-эстетикалық еңбектері, әдебиет пен өнер турасында жүзден астам мақалалары жарық көрген. Ол жаңа идеяларды генерациялауға, қоғамға, ұлтқа қызмет етуге, идеяшылдықтан азат жаңа әдебиет жасауға ұмтылды, өз идеялары үшін күресті. Сүлейменов шығармаларын шартты түрде үш кезеңге бөліп қарауға болады: сыншылық, прозалық және драматургиялық кезеңдер. Алғашқы кезеңде ол көркем сын жанрына жекелік сипат танытуға ұмтылды, көркем шығарманы көркем мәтін қағидасынан тыс талдады. «Түр туралы бірер сөз» мақаласымен әдеби ортада үлкен айтыс тудырған Сүлейменовтің көркемдік-эстетикалық ұстанымдары негізінен осы кезеңде қалыптасқаны айқындалды. «Өнердің өмірден айырмашылығы - өнер өмірден үйренбейді. Өнердің өз өткені, өз бүгіні, өз логикасы мен динамикасы бар. Өнердің түбіне сорпа бетіндегі майдай қалқыған идея жетеді» деп түсінген суреткер сыншы ретінде көркем шығармаға қояр биік талабын проза мен драматургияда жүзеге асырды. Ойы құнарлы, көркемдік құрылымы айрықша шығармалар туындатты. Прозалық кезеңде Сүлейменов шығармаларында ХХ ғасыр прозасының қағидалары толығымен дерлік көрініс берді, ол модернист қаламгер саналды. Қазақ әдебиетінде құбылыс ретінде бағаланған «Бесатар» повесі 1916 жылғы ұлт-азаттық қозғалыс пен Созақ көтерілісін соны көзқараста зерделеді. Суреткердің драмалық кезеңдегі шығармалары жаңа өнер философиясы аясында талдауды талап етеді. Қаламгер көркем аударма саласында С.Ахмадтың «Келіндер көтерілісі», М.Булгаковтың «Жендеттер», Б.Брехттің «Сычуанның мерейі», Э.Хемингуэйдің «Бесінші колонна», Т.Уильямстың «Әйнек айуанхана», тағы басқа пьесаларын қазақ тіліне тәржімалады.

Асқар Сүлейменовтің есімі Созақ ауданындағы өзі оқыған мектепке, Сарыағаш қаласындағы бұрынғы Ильич атындағы мектепке берілген.


46 жыл бұрын (1975) «Сарыарқа» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы» АҚ басқарма төрағасы Нұрлан Ерікбайұлы Әубәкіров дүниеге келді.

Қарағанды қаласында туған. Қарағанды мемлекеттік университетін (1997), Д.А. Қонаев атындағы гуманитарлық университетті (2000) бітірген.

Еңбек жолын 1997 жылы Қарағанды облыстық бюджеттік банкте аға ревизор болып бастаған, ревизиялық бөлімнің бас қазынашысы, Қарағанды облыстық қазынашылық басқармасының жетекші қазынашысы болып қызмет атқарған. 2000-2002 жылдары - Қарағанды облысының экономика және кәсіпкерлікті дамыту бас басқармасының шағын және орта бизнесті қолдау бөлімінің бас маманы. 2002-2005 жылдары - Қарағанды облысының экономика және кәсіпкерлікті дамыту бас басқармасының бюджеттік қаражаттарды жоспарлау, есепке алу және бақылау бөлімінің бастығы, бас бухгалтері. 2005 жылы - Қарағанды облысының кәсіпкерлік және өнеркәсіп департаментінің ұйымдық және кадрлық жұмыс бөлімінің бастығы, бас бухгалтері. 2005-2006 жылдары - Қарағанды қаласының Қазыбек би атындағы аудан әкімі аппаратының басшысы. 2006 жылы - «Қарағанды қаласының тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімі» ММ бастығы. 2006 жылы - Қарағанды қаласының Қазыбек би атындағы аудан әкімі аппаратының басшысы. 2006-2007 жылдары - «Қарағанды қаласының тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімі» ММ бастығы. 2007-2009 жылдары - Қарағанды облысы әкімі аппараты басшысының орынбасары. 2009-2010 жылдары – Қарағанды қаласы Қазыбек би атындағы ауданның әкімі. 2010 жылдан - Қарағанды қаласы әкімінің орынбасары. 2011 жылдан - Қарағанды қаласы Октябрь ауданының әкімі. 2012-2014 жылдары – Балқаш қаласының әкімі. 2014-2020 жылдары – Қарағанды қаласының әкімі.

Қазіргі қызметінде 2020 жылғы қыркүйектен.

30 жыл бұрын (1991)Қазақстан Республикасы Парламент Сенаты аппараты басшысының орынбасары Максим Александрович СПОТКАЙ дүниеге келді.

Павлодар облысының Ақсу қаласында туған. Омбы мемлекеттік техникалық университетін бітірген. Жоғары технологиялар менеджменті, кәсіби коммуникация саласында аудармашы.

Еңбек жолы: 2012-2013 жылдары – Ресейдің Омбы қаласында «Музыка және кино» интегративті білім беру үдерісінің ұйымдастырушысы, «Джэй Энд Эс» («J And S») Халықаралық компаниясының қазақ тілі мұғалімі. 2013-2014 жылдары – Омбыда «Қалалық оқу орталығы» қосымша білім беру мемлекеттік емес мекемесінің бизнес-тренері. 2013-2016 жылдары - «ZamandaS» Омбы мәдени-ағарту газетінің бас редакторы. 2016 жылы Павлодар облысы кәсіподақтарының аумақтық одағының басшысы болды. 2016-2017 жылдары - Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы «Қоғамдық кеңес» РММ бас сарапшысы. 2017-2019 жылдары – «Нұр-Медиа» холдингі медиа-редакциясының басшысы. 2018-2019 жылдары – «Нұр-Медиа» холдингі бас директорының орынбасары. 2019-2020 жылдары – Қазақстан Республикасы Президенті әкімшілігінің мемлекеттік инспекторы.

Қазіргі қызметінде 2020 жылғы мамырдан.


Соңғы жаңалықтар