USD 434.34 EUR 491.93
RUB 5.56 CNY 68.67
Jańalyqtar

29 тамыз. ҚазАқпарат күнтізбесі

2018 жылғы 29 тамыз 07:00
Бөлісіңіз:
29 тамыз. ҚазАқпарат күнтізбесі

АСТАНА. ҚазАқпарат - ҚазАқпарат оқырмандарына 2018 жылғы 29 тамызға арналған күнтізбесін ұсынады.

29 тамыз, СӘРСЕНБІ

Ядролық қарудан бас тартудың халықаралық күні

2009 жылғы 30 қазанда Қазақстан БҰҰ Бас Ассамблеясының Бірінші комитетіне 29 тамызды Бүкіләлемдік ядролық қарудан бас тарту күні деп жариялауды ұсынды. Қазақстан ұсынған қарардың бірлескен авторлары 26 мемлекет болды, оның ішінде Армения, Беларусь, Бразилия, Катар, Қырғызстан, Моңғолия, Араб Әмірлігі, Тәжікстан, Түрікменстан, Жапония және басқа елдер бар.

Семей ядролық полигонының жабылған күні

ҚР Президентінің 1991 жылғы 29 тамыздағы Жарлығымен Семей ядролық полигоны жабылды.

Словакия Республикасының Ұлттық көтеріліс күні

1993 жылы 1 қаңтарда Қазақстан Республкасы мен Словак Республикасы арасында дипломатиялық қатынас орнатылды.

Үндістанда ұлттық спорт күні

Бұл мереке үнді спортшысы, көгалдағы хоккей бойынша ерлер командасының мүшесі Дхиан Чандтың құрметіне белгіленген. Чанд көгалдағы хоккей бойынша тарихта ең үздік спортшылардың бірі саналады.

Испаниядағы өнім мейрамы - «Томатина»

Бұл мерекені жыл сайын тамыз айының соңғы сәрсенбісінде атап өтеді. Осы күні Валенсияға таяу орналасқан Буньол қалашығы шайқас алаңына айналып, көшеге мыңдаған адам шығып, қызанақпен атысады. Дәстүрге айналған қызанақ атысы 60 жылдан астам уақыт жалғасын табуда. 1959 жылы қызанақ атысына ресми түрде тыйым салынды. Бірақ қала тұрғындарының өтініші бойынша үкімет органдары рұқсат беруге мәжбүр болды.

ЕСТЕ ҚАЛАР ОҚИҒАЛАР

1720 жылы Өскемен қаласының негізі қаланды. Өскемен қаласы І Петр патшалық құрып тұрғанда қамал-бекініс ретінде салынған еді. 1868 жылы Өскеменге қала мәртебесі берілді. Қалада сауда, ауыл шаруашылығы өнімдерін өңдейтін өндіріс орындары дами бастады, айлақ құрылысы басталды. Кейіннен жеңіл өнеркәсіп, теміржол құрылысы салына бастады. Соғыс жылдары ауыр өнеркәсіп дамыды.

Өскемен Қазақстанның шығыс бөлігінде Ертіс пен Үлбі өзендерінің сағасында орналасқан; көлемі 54,4 мың га жерді алып жатыр. Аймақ экономикасының жетекші салалары - түсті металдар өндіру, машина жасау.

1949 жылы Семей полигонында Кеңес Одағындағы тұңғыш ядролық қару сынақтан өткізілді.
1991 жылы Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаев «Семей ядролық сынақ полигонын жабу туралы» Жарлыққа қол қойды. Полигон жабылғаннан кейін ондағы барлық нысандар және үш ядролық реактор Қазақстан Республикасының меншігіне өтті.
1994 жылы Қазақстан Республикасы Президенті Н.Назарбаевтың «Ұлттық жоғары мемлекеттік басқару мектебін құру туралы» Жарлығы жарияланды.
2000 жылы Қостанай қаласындағы № 9 мектепке ақын Ғафу Қайырбековтің есімі берілді.

2001 жылы Қазақстанның президенті Нұрсұлтан Назарбаев Түркияның экс-президенті С. Демирелге Қазақстан мен Түркия қарым-қатынасын дамытудағы сіңірген еңбегі үшін бірінші дәрежелі «Барыс» орденін табыс етті.

2001 жылы ҚР Президенті Н.Назарбаев Алматыда «ХХІ ғасыр - ядролық қарудан азат әлем» халықаралық конференциясының қатысушыларымен бірқатар кездесулер өткізді. Үндістан премьер-министрі И.Гуджрал Қазақстанның ядролық қарудан өз еркімен бас тартуына жоғары бағасын беріп, өз елінің Қазақстанмен жоғары технологиялар саласында табысты ынтымақтасып отырғанын атап өтті. Президенттің Ресей Ғылым академиясының академигі, вице-президенті Е.Велихановпен кездесуі ұзақ жүрді. Әңгімелесу барысында Қазақстанның термоядролық энергетиканы дамытуға қатысу мәселесі талқыланды.

2002 жылы Н.Назарбаев «Бәйтерек» монументінің ашылу салтанатына қатысты. Ел еңсесiнiң биiктiгi «Бәйтерек» мұнарасымен бейнеленедi. Құрылысты тұрғызу идеясының авторы - еліміздің Тұңғыш Президенті Н.Назарбаев. Архитектуралық авторлар тобының жетекшісі - А.Рүстембеков. Қазақ аңыздары бойынша Бәйтерек - өмір мен өркендеудің символы. Құрылыс биіктігі - 97 метр. Бұл ұлы көштің жаңа астанаға ат басын тiреген жылын білдіреді. Жалпы бұл айбынды асқақ ғимарат-мұнараны салу барысында 2812 текше метр құйма темiрбетон, 999 тонна металл конструкциялары және прокаттары, 251 тонна өзектемiр арматура қолданылған. Төбесіндегі шардың диаметрі 22 метр. Мұнда демалушыларға арналған дәмхана, аквариум, т.б. қосалқы қызмет көрсететін бөлмелер бар.

2003 жылы Алматыда қалалық Жастар үйі ашылды.

2005 жылы Алматыда «Президент және халық» жаңа апталық газетінің алғашқы саны жарық көрді. Республикалық қоғамдық-саяси газет қазақ және орыс тілдерінде шықты. Газеттің бас редакторы - белгілі журналист Марат Тоқашбаев. Газетке Елбасы қабылдаған шешімдер, еліміздің және шетелдердің негізгі оқиғалары, билік органдары қызметінің материалдары басып шығарылды. Көлемі сегіз беттен тұратын газеттің алғашқы санының тиражы 10 мың дананы құрады.

2006 жылы Астанада «Астана полиграфия» акционерлік қоғамының жаңа ғимараты ашылды. Жаңа ғимараттың өндірістік алаңы 4 мың шаршы метрді құрайды. Құрал-жабдығы жаңарған бұл жерде 40-тан астам газет түрі басылады.

2007 жылы Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев жер бетіндегі бейбітшілікті нығайтуға қосқан елеулі үлесі үшін АҚШ-тың «Нова» университеті бекіткен Халықаралық бейбітшілік сыйлығының тұңғыш лауреаты атанды. Сыйлықты АҚШ-тың Таяу Шығыс және ұлттық қауіпсіздік жөніндегі ұйымының хатшысы, аталған университеттің профессоры Сэм Барони табыс етті.

2007 жылы Шымкентте «Абай» жаңа мәдени газетінің алғашқы саны жарық көрді. Республикалық тарихи-танымдық, әдеби-көркем газет жұма сайын шығады, онда ұлы ақын, ойшыл Абай Құнанбаевтың шығармашылығына арналған мақалалар, оның және басқа да атақты қазақ авторларының шығармалары жарияланды.

2009 жылы Өскеменде Абай мен Пушкиннің ескерткіштері салтанатты түрде ашылды. Қазақ халқының ұлы ойшылы Абай Құнанбайұлына ескерткіш Республика алаңында, ал Александр Сергеевич Пушкиннің ескерткіш мүсіні оның есімімен аталатын облыстық кітапхана ғимаратының алдында орнатылды.

2012 жылы Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев Орта державалар бастамасының негізін қалаушы Дуглас Рошпен кездесу өткізді.

Кездесу барысында тараптардың халықаралық қауымдастықтың назарын ядролық қаруды қысқарту мәселелеріне аудару бойынша іс-қимылдары талқыланды.

2012 жылы Қырғызстанның Ош қаласында Қазақстан Республикасы консулдығының ресми ашылуы болды.

2012 жылы Тәуелсіздік сарайында өткен «Ядролық сынақтарға тыйым салудан - ядролық қарусыз әлемге» атты халықаралық конференцияда сөз сөйлеген Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев ғаламдық ядролық қаруға қарсы парламенттік ассамблея құруға шақырып, халықаралық «АТОМ» жобасы іске қосылатындығын мәлім етті. Жобаның атауы ағылшын тіліндегі: «Abolish Testing. Our Mission» төрт бас әріптен құралған. Яғни, «Сынақты Болдырмау - Біздің Миссиямыз» деген мағынаны білдіреді.

2013 жылы Женевадағы БҰҰ Ұлттар сарайында 145 адам сыятын «Қазақстан» көпбейінді залы салтанатты түрде ашылды. Жаңа технологиялармен жасақталған зал ілеспе аудармамен қамтамасыз етілетін ірі халықаралық форумдар өткізу, фильмдер көрсету, сондай-ақ мәдени шараларды ұйымдастыру үшін қолданылатын болады.

2013 жылы Қазғарыштың қарамағындағы «Қазақстан Ғарыш Сапары» Ұлттық компаниясы» АҚ «Автоматика және технологиялар» ЖШС-нің өкілдерімен бірге Қарағанды облысында нақтылығы жоғары навигация жүйесінің бес дифференциалдық стансасының монтажын аяқтады.

Дифференциалдық стансалар Приозерск, Қаражал, Шахтинск, Шашубай, Жезқазған қалаларында орнатылған.

2013 жылы «Назарбаев орталығында» «Сақ көсемінің қорымы» жаңа бірегей залы ашылды.

2014 жылы Астанада орта және жоғары сынып оқушыларына арналған «Біздің президент» кітабының таныстырылымы болды.

2014 жылы Астана қаласындағы «Дәулет» спорт комбинатында қазақстандық спорт тарихында алғаш рет таеквондоның Олимпиадаға енгізілген түрі - WTF бойынша дүниежүзілік Гран-при өткізілді.

2015 жылы Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев ғарышкер Айдын Айымбетовпен телефон арқылы сөйлесті. Әңгіме барысында Н.Назарбаев А.Айымбетовтің алдағы ғарышқа ұшуы - отандық ғарышкерліктің алдағы дамуына серпін беріп, Қазақстанның халықаралық аренадағы имиджін нығайта түсетіндігін айтты.

2016 жылы Петропавлдағы «Абылай хан сарайы» музей кешенінің алдындағы алаңда алғаш рет «Домбыра-fest» фестивалі өтті. Оған аймақтың 100 домбырашысы қатысты. «Домбыра-fest» фестивалі барлық қатысушылардың орындауындағы Құрманғазының «Балбырауын» күйімен аяқталды.

2016 жылы Гаагада (Нидерланды) «Бейбітшілік үшін мәңгілік алау» монументіне Шығыс Қазақстан облысынан жеткізілген «Бейбітшілік Тасы» символын қою рәсімі өтті.

2017 жылы Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев Үлбі металлургия комбинатының негізінде жүргізілген телекөпірдің барысында Қазақстандағы МАГАТЭ Төмен байытылған уран банкін ашты. Елбасы ғимараттың символдық кілтін МАГАТЭ директоры Юкия Аманоға берді.

Біздің каналымызға жазылыңыз:

Бөлісіңіз:

Автор:

Біржанқызы Сабина

Сондай-ақ... оқыңыз
Пікір қалдыру
+7
Жіберу
ONLAIN QYZMETKERLER
REDAKTOR
Кожакелдиев Е.
Кожакелдиев Е.
954-059
REDAKTOR
Гүлмира Алякпарова
Гүлмира Алякпарова
954-059

MURAǴAT